15 Ақпан, 2019

Петропавлда семсерлесу секциясы ашылды

782 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Заманауи семсерлесу спорт секциясына  15 петропавлдық қатысып, ортағасырлық қылыштық жекпе-жектің қыр-сырын меңгеріп жүр.

Петропавлда семсерлесу секциясы ашылды

Тарихи ортағасырлық және заманауи семсерлесу бойынша жаттықтырушы Владимир Тороповтың айтуынша, бұл спорт түрі 2016 жылдан бері ресми танылған. Бүгінде Ресей мен Еуропа елдерінде кең тараған.Қазақстанда енді ғана қанат жайып келеді.

«Секцияға қатысушылар семсерлесу өнерінің әліппесін,техникасын үйренеді. Әлем және Еуропа біріншіліктерінде Қазақстанның намысын қорғайтын спортшыларды да дайындасақ деген жоспарымыз бар. Жалпы, семсерлесудің артықшылықтары аз емес. Адамды жылдамдыққа, шапшаң ойлауға,жинақтылыққа, шымырлыққа тәрбиелейді,»дейді В. Торопов.  

Ол жекпе-жек шеберлігін Мәскеуде шыңдап келіпті.

Қара күшпен қатар ептілікті, физикалық және моральдық төзімділікті қажет ететін ерекше спорт түрімен ерлермен қоса нәзік жандылар да айналысады. Олар үшін  салмағы 30 килоға дейін тартатын темір сауыт киіп, қару-жарақ асынып жүру оңайға соқпайтыны анық. Десек те, тарихи ортағасырлық шайқастар бойынша жүргізілетін жаттығуларға қатысу құштарлықтары тәнті етеді. Өздерін ежелгі “рыцарьларша” сезініп, қылыштасуда тәжірибе жинақтап қалғандары байқалады.

«Мына дулыға «бацинец» деп аталады. Мұндай қорғаныс құралын 13-14 ғасырларда Еуропа жауынгерлері киген. Соңғы жекпе-жекте бұл дулығаға қылыш тиіп, шеті майысып қалды. Енді қалыпа келтіру керек. Сауыттардың барлығы түпнұсқаларына жақын етіліп болаттан жасалған. Мұның бәрі – арзан дүние емес. Бір жауынгер киімінің жиынтығы кем дегенде 200-250 мың теңге тұрады екен. Сауда орындарында кездеспейді. Сондықтан сауыттарды арнайы тапсырыс бойынша жасауға тура келеді», дейді жаттықтырушы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы