Білім • 15 Ақпан, 2019

Ерлан Сағадиев: Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер саны көбейеді

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мектептерде ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдердің саны артатынын мәлімдеді.

Ерлан Сағадиев: Ағылшын тілінде сабақ беретін мұғалімдер саны көбейеді

«Былтырғы жылдан бастап физика, биология, география, химия пәндерді жоғары сыныптарда ағылшын тілінде ерікті түрде оқыту басталды. Өткен жылдары 500-ден астам пилот мектептерде бір жарым мың педагог ағылшын тілінде сабақ берсе, былтырғы жылы 3 мыңнан астам мектепте 8 мыңға жуық мұғалімдер ағылшын тілінде сабақ беруде. Ал биылғы оқу жылынан бастап мектептер санын 4 мыңға және мұғалімдер санын 11 мыңға жеткізуді жоспарлап отырмыз», деді министр.

Оның айтуынша, пәндерді ағылшын тілінде оқыту мектептің және оқушылардың дайындығына қарай кезең кезеңмен жүзеге асатын болады.

«Ешқандай асығыстық жоқ және ешкімге қысым көрсетпейміз. Бізге ең алдымен балаларға сапалы білім беру қажет. Бірақ ағылшынша сабақ беретін мұғалімдердің деңгейін, сапасын және санын көбейту жұмыстарын күшейтетін боламыз», деді Ерлан Сағадиев.