Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысы экономика өсімін екі жыл қатарынан бес пайыздық деңгейде ұстап келеді

547 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы экономикасының өсімі 2018 жылдың қорытындысы бойынша 5 пайызды құрады. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймақ тұрғындарымен кездесу барысында хабарлады.

Ақтөбе облысы экономика өсімін екі жыл қатарынан бес пайыздық деңгейде ұстап келеді

Ол Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың арқасында жаңа кәсіпорындарды іске қосу, қолданыстағы қуаттарды жаңғырту және цифрландыру есебінен барлық маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қарқынды өсуін қамтамасыз ету мүмкін болғанын атап өтті.

Атап айтқанда, есепті кезеңде өнеркәсіптің өсуі 5,6% -ды құрады, жалпы өнеркәсіп өндірісінде рекордтық 1,9 триллион теңгенің өнімі өндірілді. Сондай-ақ, аймақ экономикаға тартылған инвестициялардың көлемі жөнінен көшбасшылардың бірі болып табылады. Есепті кезеңде инвестиция көлемі 10,8% немесе 5,8 млрд. теңгеге өскен.

Облыс фермерлері де рекордтық 228 миллиард теңгеге өнім өндіріп, өсім 6,2 пайызға артты.

Құрылыстағы жұмыс көлемі 9,5% -ға артып, 180 млрд. теңгеге жетіп, 908 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Айта кетейік, биыл кемінде 1 млн.шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Экономика өсімі мен әлеуметтік тұрақтылық жұмыссыздық деңгейінің 4,7% деңгейінде қалуына мүмкіндік бергенін атап өткен жөн.

Жалпы, 2018 жылдың соңына қарай біздің облыс шоғырландырылған бюджетке 534 млрд. теңге рекордтық соманы (2017 - 472 млрд теңге) берді. Соңғы бірнеше жылда алғаш рет бюджет 100% -ға игерілді.