Аймақтар • 15 Ақпан, 2019

Алматы қалалық Спорт басқарамасы «Спорт менің ауламда» жобасының нұсқаушыларымен кездесу өткізді

322 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл әлеуметттік жоба жүзеге асырылып келе жатқан екі жыл аралығында өзінің өміршеңдігі мен тиімділігін көрсетті. Ондағы мақсат – балалардың дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай туғызу. Және де бұл шаралар ойдағыдай іске асуда. Кездесу барысында Спорт басқармасының бастығы Рүстем Байсейітов жоба төңірегіндегі жағдайға тоқталып, оның 2019 жылы жүзеге асыру барысы жайында кеңінен әңгіме қозғады. 

Алматы қалалық Спорт басқарамасы «Спорт менің ауламда» жобасының нұсқаушыларымен кездесу өткізді

 Біздің мақсат – әлеуметтік жобаларға бөлінген барлық қаражатты барынша тиімді пайдалану, – дейді Рүстем Байсейітов. – Сонымен қатар, жұмысты одан әрі жалғастыру үшін ең үздік нұсқаушыларды сақтап қалу қажет. Осы бағытта жұмыс ашық конкурстық шаралар аяқталғанға дейін жалғасады. Бізде ең қажетті шығындар бойынша баптар қарастырылған. Бірінші кезекті ол еңбекақы қорына қатысты. Жобаны жүзеге асыру үшін оператор 50 үздік нұсқаушыны осы жұмысқа тартады. Олар өз еңбектеріне лайық жалақы алуға тиіс. Өзгелерін біз түрлі әлеуметтік бағдарламалар арқылы, олардың арасында «жастар тәжірибесі» немесе «Жастар жылына» байланысты аулалық спорт клубтарына жұмысқа орналастыру жағын қарастырамыз.

Басқарма бастығы өздеріне жүктелген міндетті аса жауапкершілікпен атқарған нұсқаушыларға өз ризашылығын білдірді.      

Бұл жерде спортқа бейқам қарамайтын, осы салаға жан-тәнімен берілген жандар жиналып отыр. Сөз орайы келгенде, Кирилл Пилипенко, Нұрсұлтан Әбікен, Александр Гойцман, Талғат Қарқатер және тағы басқа азаматтардың еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Осындай мамандардың арқасында әлеуметтік жобалар сұранысқа ие және тұрғындар арасында осы бастамалар жылы қабылдануда. Ең бастысы, бұл жобаның басты мақсаты – сіз бен біздің және балалардың денсаулығы екенін естен шығармаған абзал, – деп атап өтті спикер. 

Жиын аяқталғаннан кейін нұсқаушылар Алматы қаласы Жұмыспен қамту орталығының мамандарынан әлеуметттік жобалар бойынша жұмысқа орналасудың мүмкіндіктері жайында қажетті кеңестер алды.         

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ