Футбол • 18 Ақпан, 2019

Қазақстан қашан отыздыққа кіреді?

728 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Өткен аптада FIFA (Халықаралық футбол федерациясы) 2019 жылдың ақпан айындағы ұлттық құрамалардың рейтингін жаңартты. Қазақстан қаңтар айына қарағанда екі сатыға жоғарылап, 117-орынға жайғасты. Қазақстан құрамасы бүгінге дейінгі ең жоғары көрсеткішін 2016 жылдың қыркүйек айында көрсетті – 83-орын. Ал ең төменгі көрсеткіш 1996 жылдың мамыр айында тіркелді. 166-орын.

Қазақстан қашан отыздыққа кіреді?

Қазақстан тәуелсіз ел болған сәттен бастап бүгінге дейін футболды дамыту үшін түрлі бағдарламалар жасап, соны жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп жатыр. Мысалы, 10 жыл бұрын Елбасының бастамасымен Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силвамен ортақ келісімге келді. «Пентакампеондар» еліне фут­бол­дың қыр-сырын меңгеруге барған жүз­ден аса жасөспірімнің қазір бес-ал­тауы Прьемер-лигада доп теуіп жүр. 

Қазақстан футбол федера­ция­сының (ҚФФ) бас хатшысы Азамат Айтқожиннің айтуынша, қазіргі таңда федерация футбол орталықтарының жұмысын жақсарту мақсатында 2018-2022 жылдарға арналған даму стратегиясын қабылдаған. Жаңа жоба аясында балаларға футболдың алғашқы қыр-сырын баулитын, техникалық ше­берлігін жастайынан шыңдайтын бап­керлерді оқыту қолға алынып отыр. 

«Ел футболын дамыту мақсатында балалар мен жасөспірімдер футболында атқарылып жатқан жұмыстар орасан. Мәселен, балалар футболын дамыту үшін 2012-2016 жылдарға арналған бағдарлама аяқталып, еліміздің әр өңірінде кәсіпқой футбол клубтарының жанынан футбол орталықтары ашылды. Қазіргі таң­да футбол орталықтары мен акаде­мия­лардың 250-ден астам түлегі Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига командаларының қатарында ойнайды. Жалпы саны 6 мыңнан астам бала еліміздегі футбол орталықтары мен академияларда тегін жаттығады. Футбол орталықтарының жұмысын аймақтық бапкерлер үнемі қадағалап отырады», дейді А.Айтқожин. 

Бас хатшының айтуынша, бұдан бөлек те футбол федерациясының балалар футболын дамыту үшін істеп жатқан жұмыстары баршылық. Әрине балалар футболына көңіл бөл­ген дұрыс. Бірақ отандық футболды өркендету үшін алдымен мынадай мәселелерді шешіп алған дұрыс сияқты. Ең бірінші, легионерлерге басымдық беру отандық футболды өркендетпейді. Оларға 20-30 миллион доллар төлеп елге алдыртқанша, сол қаржыны жас футболшылардың болашағына инвестиция ретінде құйған әлдеқайда тиім­­ді. Сонымен қа­тар жер­­гілікті бас­шы­лық фут­болға деген көз­­қа­расын өз­гер­тіп, фут­­­болға тұрақты қол­дау керек. Біз­дегі өңір футболының дамуы қазір­гі таңда әкімнің футболға деген көз­қа­расына тәуелді болып тұр. 

Екінші, әр өңірдегі стадиондарды заман талабына, халықаралық стандартқа сәйкестендіру. Дәл қазір Қазақстанда жөні түзу стадионы бар Астана мен Алматы қалалары ғана. Қалған стадионның жағдайлары сын көтермейді. Стадиондардың та­лапқа сай еместігін «Астана» мен ұлттық құраманың экс-бапкері Ста­нимир Стоилов жиі сынға алатын. «Біз Қазақстан футболы ілгері дамы­ғанын қаласақ, стадиондарды ретке келтіру керек. Біздің клубтар, фут­бол федерациялары осы туралы ойланғандары жөн. Қазақстан ішіндегі стадиондардың сапасын арттырмай, Еуропада атой салу мүмкін емес», дейді ол.

Үшінші, футболға бөлінген қаржыны инфрақұрылымды дамыту және жабық манеждерге жұмсау қажет. Егер облыс орталықтарында жабық кешенді манеждер мен ша­ғын стадиондар салынса, басқа қара­пайым мәселелер де шешілер еді. Былтыр Ресейде өткен әлем чемпио­натына тұңғыш рет қатысқан Ис­лан­дия ала доптың айналасындағы мәсе­лені әлдеқашан шешіп тастаған. Жал­пы, бұл мемлекет футбол ойнауға қолай­сыз аймақ саналғандықтан олар соң­ғы 15 жылда жабық манеж салуға көш­ті. Нәтижесінде, Исландия құра­масы FIFA рейтингінде 38-орында келеді.

Ардагер футболшы Юсуп Шадиев те Қазақстанның әлемдік рейтингте жо­ға­рылауы үшін бірінші кезекте бала­лар футболын дамытып, жабық ке­шен­ді манеждер салынатын болса, отандық футболдың өркендейтінін айтады. 

«Қазіргі кезде қазақ футболы негізінен солтүстік аймақта өрістеп жатыр. Ол аймақтарға міндетті түрде жабық манеждер қажет. Сол кезде әлем, Еуропа чемпионаттары туралы ойланамыз. FIFA рейтингінде де жо­ғарылайтынымыз сөзсіз. Әйт­песе, басқасының бәрі бос сөз. Егер инфрақұрылым мен сапалы ма­ман­дар­ды даярлай алсақ, алдағы 15 жыл­­да үздік отыз елдің қатарына кі­­руі­­­мізге шамамыз жетеді», дейді Ша­диев.

Футбол тарихында инфрақұрылым мен балалар футболына көңіл бөліп, 10-15 жылда жетістікке жеткен құра­малар өте көп. Солардың бірі – Белгия құрамасы. Осыдан 10 жыл бұрын FIFA рейтингінде 53-орында болған Бельгия қазір рейтинг көшін бас­тап тұр. Бір қызығы, Бельгия тарихта бірде-бір турнирді жеңбеген. Бельгия құрамасының бас бапкері Мишель Саблон жасөспірімдер мен жастар құрамаларымен жұмыс істейтін Боб Бровайс есімді жаттықтырушымен бірігіп, 2000 жылдардың басында елдегі футболды дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын жасады. 

Саблон мен Бровайс көршілес Голландия мен Францияның жат­тық­тыру тәсілдері мен философия­сын зерттеуге кірісіп, «Аякс» және «Барселона» клубтарының «шебер­ха­насынан» өтеді. Зерттеу және тәжі­рибе алмасу нәтижесінен кейін олар Бельгияның жастар мен жасөс­пірімдер құрамалары бірдей 4-3-3 жүйесімен ойнау керектігін түсін­ді. Бірінші кезекте нәтиже маңыз­ды екенін ұғынып, алғашқы рево­люциялық қадамдар жасады. Мә­селен, балаларға 2х2, 5х5, 8х8 форматындағы кіші алаңдарда ойнауға мүмкіндік берді. Сол арқылы дриблинг пен допты диагоналды асыруға шыңдады. Осылайша талантты балалар қосымша тәжірибе жинақтап, өздерін дамыта түсті. Бельгиялықтар қазір сол жұмыстың нәтижесін көріп отыр. Құраманың қазіргі жұлдыздары Аксель Витсель, Стивен Дефур, Тибо Кур­туа, Кевин Де Брёйне, Насер Шадли және Мусса Дембеленің бар­лығы да осындай мектептерде дайын­далған еді. Сөйтіп Бельгия аз уа­қытта ТОП құрамалардың қатарына енді. Осындай қажырлы еңбек пен нәтижелі жұмыстың арқасында Бельгия құрамасы бірде-бір біріншілікті жеңбей-ақ, FIFA рейтингінде көш бастап тұр. 

Әлемдік деңгейде өнер көрсетіп жүрген не командасы, не құрамасы жоқ Қатар елі 2022 жылғы әлем чемпионатын өткізеді. Жаз айында ауа райының 50 градусқа дейін ысуына байланысты қатысушы командалар мен футболшыларға жайлы болу үшін стадиондарды кондиционерлермен жабдықтап жатыр. Мемлекеттің футболға деген көзқарасының арқасында Қатар жуырда Азия кубогын жеңіп алды. FIFA рейтингінде қазір 55-орында келеді. Мемлекеттің футбол федерациясы соңғы 10-15 жыл көлемінде бар назарды балалар футболына аударған. Осы мақсатпен олар испаниялық бапкер Феликс Санчес Басты шақырып, 2006 жылдан бастап Аспира академиясында қатарлық балаларды «Барселона» жүйесі негізінде жаттықтыра бас­тады. Балақайлар ержеткен кезде Санчес оларды жасөспірімдер құра­масының бапкері ретінде баулуын жалғастырды. Нәтижесінде, испан маманының басшылығымен 19 жасқа дейінгі құрама 2014 жылы Азия чемпионатында топ жарса, араға 5 жыл салып сол құрам Санчестің баптауымен өз тарихында тұңғыш рет Азия кубогын жеңіп алды. Акрам Афиф, Әли Алмоез, Бассам әл-Рауи жә­не Әбделкәрім Хассан сынды жас фут­бол­шылардың есімі жақын бір-екі жыл­дықта Еуропа футболын да дүр еткізуі ғажап емес. 

Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жө­нінде жаңа стратегиялық мақсат қойып отыр. Қазір еліміз осы ба­ғыттағы нәтижелі және жүйелі жұ­мыстың арқасында қарқынды дамып келеді. Алайда әр 5-10 жыл сайын футболды дамыту үшін жаңа бағ­дарлама қабылдайтын Қазақстан футболы дамыған, инфрақұрылымы жолға қойылған ел ретінде FIFA рейтингінде ТОП-30 елдің қатарына қосылу үшін бізге жоғарыда айтқан олқылықтардың орнын толтыру керек.

Әли БИТӨРЕ, 

«Egemen Qazaqstan»