Медицина • 18 Ақпан, 2019

Көп балалы аналардың жағдайына көңіл бөлінуі керек

1034 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік көмек көрсету тақырыбында баспасөз мәслихаты болып өтті. Брифингке облыстық жұмыспен қамту жән әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова, облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон департаменті директорының орынбасары Назипа Сәлінгереева, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әсемгүл Сүлейменова қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Көп балалы аналардың жағдайына көңіл бөлінуі керек

Ақмола облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі Әсемгүл Сүлейменованың айтуынша облысында 555 мектептің 479-ы ыстық тамақпен қамтамасыз етілді. Қаңтар айындағы көрсеткішке сүйенсек, облыс бойынша 120 мың бала білім алуда. Оның 116 мыңы ыстық тамақпен қамтылған. Жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік жағынан қорғалмаған отбасылардан шыққан балаларды тегін тамақпен жүз пайыз қамтамасыз етеді. Облыс бойынша 12745 бала тегін тамақтанады.

Жиын барысында журналистер тарапынан көпбалалы және әлеуметтік әлжуаз отбасылар үшін 2019 жылғы өзгерістер туралы сұрақтар қойылды. Ақмола облысында осы мақсатта  арнайы жұмыс топтары құрылуда, оған партия өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер кіреді. Олар әлеуметтік жағынан әлжуаз отбасылар бойынша барлық ақпаратты жинап, талдайды. Мысалы, тұрғын үй, балаларды балабақшаға орналастыру, жеңілдіктермен, жұмыспен қамтамасыз ету мәселелері. Талдау қорытындысы бойынша әрбір отбасына әлеуметтік карта әзірленеді. Бұл әлеуметтік жағдайы қиын отбасыларды қолдауға көмектеседі.

Жиында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Дина Ахметжанова сөз сөйлеп, көптің көкейінде жүрген көкейтесті мәселелерді ортаға салды. – Біз аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тексеру жүргіземіз, бұл іспен 124 ассистент және 21 кеңесші айналысады. Ауылдық округтерде әлеуметтік карта бар. Ауылдық округ әкімдері картаны адам санына байланысты толтырады. Орын алған соңғы оқиғалардан кейін біз қайтадан зерттеу жүргіземіз. Кім тұрғын үйге мұқтаж, бала бақшасына орналастыру, кімге әлеуметтік тұрғыда басқа да көмектер керектігін анықтаймыз. Отбасыларға көмек қолын созғысы келетін демеушілерді де іздейтін боламыз. Мұндай параметрлер әлеуметтік картада белгіленген.

Бүгінгі күні Ақмола облысында 5306 көп балалы отбасы, 12 мың аз қамтылған отбасы тұрады. Айта кету керек, биылғы жылы екі ауданда – Астрахан және Жақсы аудандарында – пилоттық режимде атаулы әлеуметтік көмек басқаша көрсетіледі. Дәлірек айтсақ, көмек жеке қосалқы шаруашылықтан түскен табыс есебінсіз жасалатын болады. Демек, әлеуметтік жәрдем алушылар, әсіресе, ауылдарда әлдеқайда көп болады.

Спикерлер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Министрлігіне аз қамтылған және көп балалы отбасылардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар жолданғандығын тілге тиек етті. Ақмола облыстық еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаменті жетекшісінің орынбасары Нәзипа Сәлімгерееваның айтуынша, 2019 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша 5 306 көп балалы отбасыға ай сайын 10504 теңге көлемінде жәрдемақы төленеді. Сондай-ақ, бізде көп балалы аналар санаты бар, жыл басындағы есеп бойынша олардың саны 7 мыңға жуық, жәрдемақы мөлшері 16 160 теңгені құрайды.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы