Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Түркістанда газдандыру жұмысы күшейтілді

335 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістанда «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракциясы тұрғындарды газбен қамту ісін жеделдету жөнінде мәжіліс өткізді. Жиында құрылыс жұмыстары 2016-2018 жылдары аяқталып қойса да, табиғи газға қосылмаған нысандардың мәселесін шешу, газ тасымалдаушы мекемелердің жұмысын ширату жолдары талқыланды.

Түркістанда газдандыру жұмысы күшейтілді

Қазіргі таңда Түркістан  облысындағы 843 елді мекеннің 385-і (45,7 %) немесе 1072 ,9 мың. тұрғыны (54,3 %) табиғи газбен  қамтамасыз етілген. Облыста 2018 жылға дейін бюджет есебінен жалпы 223 нысанда 5,6 мың шақырымнан астам газ жүйелерінің және 12 автоматты газ тарату стансасының құрылыстары жүргізілген. Оған қоса, былтыр қосымша 42 елді мекенде газ нысандарының құрылыстары жүргізіліп, тапсырылған.  Дегенмен, 2016-2018 жылдары құбырлардың құрылысы аяқталған 78 елді мекен «көгілдір отынға» қосылмай отыр. Бұл тұрғындарды алаңдатады.

Мәжілісте облыстық мәслихат депутаттары, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшылығы осы мәселе төңірегінде өз ұсыныстарын ортаға салды.  «ҚазТранГазАймақ» АҚ-ның Түркістан облыстық филиалы да бұл бағытта жұмысты ширататын болды.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрмахан Жолдасов елдің талап-тілегін уақтылы орындап, үйлеріне газ кіргізу жұмысын жандандыру керектігін жеткізді.

«Тұрғындар тарапынан газ түйткілдеріне қатысты шағымдар мен өтініштер жиі түседі. Яғни, кемшілік бар деген сөз. Сондықтан бәріміз бірлесіп, «көгілдір отын» мәселесін жедел шешуіміз қажет. Бұл мәселе партия бақылауында болады. Партияның облыстық филиалының төрағасы, өңір басшысы Жансейіт Қансейітұлы жыл есебінде осы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Алдағы уақытта облыс аумағын және Түркістан қаласын 100 пайыз газдандыру бағытында жұмыстар күшейтіледі», – деді Н.Жолдасов.