19 Ақпан, 2019

Аутизм дертінен арылуға болады

861 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемде миллиондаған бала аутизммен күресуге мәжбүр. Бір ғана АҚШ-тың өзінде 2016 жылғы дерек бойынша әр 88-ші бала аталған дертке шалдыққан. Ал елімізде анық санақ жоқ, алайда мұндай диагнозбен тіркелген балалар саны жылдан жылға артып келе жатқаны ақиқат. 

Аутизм дертінен арылуға болады

Біздегі аутист балалардың саны жөніндегі дәлелді ақпарат­тың болмауына – диагнозды дәл әрі дер кезінде қоя алатын маман­дардың тапшылығы тікелей әсер етіп отыр. Сондай-ақ баланың бо­йындағы ауытқушылық 2 жас­тан асқанда ғана байқалады. Бұл диагноз бала 4 жасқа толғанда ғана қойылады. Бұдан бөлек, ау­тизм – әлемге ортақ сыры әлі толық ашылмаған сырқат. Бұл дерт­тің туындау себептері де сан түрлі. Әзірге белгілі болған 10 түрі ғана бар екен. Ал осы ауру­ды алғаш рет зерттеген амери­ка­лық психиатр Лео Каннер балалар арасында кездесетін бұл ауру­дың негізгі көрсеткіштері ретін­де уайым, жалғыздыққа бой үйре­ту, үйреншікті, бір қалыпты мінез-құлық, сөйлеу тілінде ерек­ше сипаттағы кемістіктерді атап өткен. Сонымен қатар ол бұл дертті нақты психикалық даму­дың бұзылуы екенін анықтап, адамға тік қарамау, атын атағанда мән бермеу, қарым-қатынасқа түс­пеу, реакция танытпау, дыбыс­қа елеңдемеу, адаммен ара­лас­пау, біркелкі қимылды қайта­лау, тілінің кеш шығуы секілді себептерді аутизмнің негіз­гі белгілеріне жатқызған. Өзге­сіне тоқталмағанда, тілдің кеш шығуын еркелік деп қабыл­дай­тындар аз емес. 

Бірақ мұның барлығы – бастапқы қиындық. Өйткені елімізде Денсаулық сақтау ми­нистрлігінің есебінде тұрған 14 жасқа дейінгі 1 мыңнан астам баланы жүйелі емдеу жұмыстары жолға қойылмаған. Шалғай жерлерден Алматы, Астанаға баласын арқалап жүрген аналар көп, қалтаға салмақ түсетінін айтпағанда, әрі-бері салпақтау, отбасының барлық мәселесін жиып қойып, бір баланың со­ңында жүгіріп жүру кез келген адамға оңай тимейді. Ал ақшасы жет­кені шетел асып емдетіп жатады. Алайда олардың өзі диаг­ноз қойдырып келгеннен әрі аса қоймайды. Өйткені ем одан екі есе қымбат. 

Атақты аутистер

Енді мәселенің екінші жағына келейік. Кей дәрігер бұл дерттің жазылмайтынын, мұндай балаларды арнайы интернаттарда оқшау оқыту керектігін алға тартса, екінші тараптағы психотерапевт мамандар: «Аутизм – ауру емес, дамудың бұзылуы ғана. Оны 100 пайыз жеңуге болады. Ал аутист балаларды өз ортасынан оқшаулау одан сайын тұйықтала түсуіне әкеп соқтырады», деген пікірде. Осы бір парадокстың бізді қуантатыны – соңғы пікірдің бүгінде айтарлықтай өз нәтижесін бергенінде болып отыр. Әлемді айналып өтпейік, бәріміз білетін Альберт Эйнштейн, АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон, америкалық ақын Элизабет Дикинсон, ағылшын жазушысы Джейн Остин, аустриялық композитор, классикалық шығармалардың авторы Моцарт, қазір баршамыз жұмыс істеп отырған «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс аутист болған. Бұл тізімді тағы толықтыра түсуге болады. Осыдан кейін шынында бұл – кейбірі үшін дерт емес, танылмаған талант, ешкімге ұқсамайтын өзгешелік деуге болады. 

«500-дей баланы емдедім...»

Осы ойды іс жүзінде дәлел­деп жүрген жанмен жақында жолықтық. Анығында, баласы аутизм дертімен ауыратын ана жолықтырды. Ол баласының бойындағы қиындықтарды жеңу мақсатында психотерапевт Татьяна Жаньяровадан көмек сұрап, «Океан-Арт» орталығына келген. Баласы еш нәрсеге құлқы болмай, сабаққа жөнді қатыспай, тіпті мұғалім жанына келіп, арнайы сұрамаса, ештеме айтпай, қатарластарымен қарым-қатынасқа түспей қалған екен. Татьяна оның шығар­ма­шылық қабілеттерін және өзіне белгісіз талантын ашып берген, мұның бәрі – орасан әрі жүйелі жұмыстың жемісі. Осы орталық туралы айтқан ана жүргізілген корректорлық жұмыстардың нәтижесінде баласының мектепте өзі сұранып сабақ айтатын жағдайға жеткенін айтты. Татьяна тіпті аутист балаларды тегін емдейтін көрінеді.

Біз аталған орталықты, онда­ғы жүрегі жомарт, «қолы алтын» маманды көруге құмарт­тық. Татьяна – психолог, арт-терапевт, суретші-педагог, дизайнер, бір сөзбен айтқанда жан-жақты жан екен. Оның осы қасиеті бала­лар­дың да түрлі қабілетін ашуға жәрдемдесетіндей. Біз барғанда ол балалардың ортасында әрқайсысының дене өлшемдерін алып, киім тігіп жатыр екен. Аз ғана уақыт бөлген ол: «Дәрігерлер аутизм емделмейді десе де, 15 жылға жуық тәжірибемде осы диагнозды жойған кезім көп екен. 500-дей баланы емдедім. Аутизм диагнозын қойған дәрігер үш жылдан кейін барған емделушісін тексеріп, өзі енгізген тіркеуден алып тастарда таңғалған», – деген ол көп дүниенің басын ашып берді. Айтуынша, бұл кедергіні жеңіп, бала бойын­дағы ауытқушылықты қалпына келтіруге болады, тек қажыр-қайрат, өз ісі­ңе және балаларға деген сүйіс­пен­ші­лік, олардың бола­шағына деген сенім керек. Татьяна алғаш психолог маман­дығын алып, аутист баламен жұмыс істеп, өз әдісін сынақтан өткізіп көрген. «Бала 5 жасқа жеткенде осы диагнозды қой­ған. Сол аутист баламен шығар­машылық қабілеттерін шың­дау бойынша жұмыс істедім. 1 жылғы еңбектің нәтижесінде диагноз жойылды. Қазір 20-дан асқан жігіт қоғаммен бірге, қалыпты өмір сүріп жүр», – дейді. 

Әр үш баланың біреуі тегін қаралады

Астанадағы аталған орта­лық­тың Алматыда да филиалы бар. Ондағы бір баламен Татьянаның өзі айналысады. «4 жаста болса да сөйлей алмайды, өз-өзіне қызмет көрсетпейді, киіне алмайды, дайын дүниені күтіп отыра береді. Анасымен бірге стратегиялық жоспар құрып, әрбір әрекетті түсіндіріп, түзету жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір анасы оның дауысқа елеңдеп, уілдей бастағанына қуанып жүр. Өйткені ол бұған дейін дыбыс шығармаған. Осындай кішкентай жетістіктермен біз үлкен жеңіске жетеміз», – дейді ол. Маман мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен кәсібилікті, еңбекті, күш-жігерді қажет ететінін тағы айтты қайталап. Әлеуметтік бұзылыс болғандықтан, маман баланың қай бағытта қабілеті ашылмай қалғанын анықтау үшін ұдайы ізденіспен, бақылаумен, ыждағатпен айналысу керек. 

Татьянаның айтуынша, арт-терапия – психо­ло­гия­ның бір бағыты, онда маман қабылдаушысын шығар­ма­шы­лық әрекеттер арқылы емдейді. Еуропа елдерінде арт-терапевт бөлек бір мамандық ретінде қалыптасқан, ал бізде мұндай мамандар түгілі арт-терапияның өзі толық та­рал­­­маған. «Бұл – қандай да бір ем, емші емес, кәдімгі психологтың таза түзету жұ­мыс­­тары. Әйтпесе көп адам «бала келді, маманға кірді, сурет салды, бір уақытта тазарып шыға келді» деп жеңіл және күдікті оймен қабылдауы мүмкін. Шығармашылық әдістердің көмегімен қандай да бір қиындықтар туғызатын эмоциясын шығаруға, өзгеріс­тер­ге бейімделуге, сюжетті көруге, өзінің ішкі жан дүние­сін оқуға және ішкі қалауын сыртқа, жұртқа жеткізуге жағ­дай жасаймыз», дейді ол. 

Ағылшынның art – өнер, therapy – ем, емдеу сөздерінің бірігуінен пайда болған бұл термин­ді қазақшаласақ, «өнер­­­­­­мен емдеу» деп түсінуге бола­ды. Арт-терапияның аясы кең, яғни драма, сурет, би, ән, музыка, аспапта ойнау. Өнердің құдіретімен талай балаға көмек көрсетіп келе жатқан орталықтың әкім­шісі Айгүл Дәулетияр бала­ларға жеңілдіктер жасал­ға­нын, ал ерекше дамуды қа­жет ететін балалармен жұ­мыс істейтін маман әр үш бала­ның біреуімен тегін жұмыс істейтінін жеткізді. Соны­мен қатар екі үйірмеге қатыс­са, біреуіне тегін, сондай-ақ бір үйдің екі баласына да жеңіл­дік­тер бар екен. «Татьяна мек­теп­те білім беруден бас тартқан, арнайы түзету орта­лық­­тарында оқытуға ше­шім шығарған көптеген аутист бала­ны қатарға қосты»,  дей­ді А.Дәулетияр. Оның айтуын­ша, аутист балалар тегін емделеді, алайда, орын көле­мі шектеулі. 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»