19 Ақпан, 2019

Ғалымнан қалған мұра қашан жарияланады?

704 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әдебиеттанушы, академик Қажым Жұмалиевтің туғанына 110 жыл толды. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің педагогика факультеті Орал қаласында «Қажым оқулары - 1: Әлем мәдениеті контексіндегі білім жүйесінде жалпыадамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Ғалымнан қалған мұра қашан жарияланады?

Қажым Жұмалыұлының ұс­таз­­­­­дық жолы 1932 жылдан бас­­тау алады. 1930 жылдың басы­на дейін Кеңес өкіметі түрлі желеу­­мен орта мектептерде қаз­ақ әдебиетін жеке пән ретінде оқыт­қан жоқ. Мұны бүгін біреу біл­се, біреу білмейді. Өз жерінде өгейлік көрген қазақ әдебиеті қоғам­тану пәнінің құрамында ғана оқы­ты­лып келді. Арнайы бағдар­ла­масы дайындалмаған қазақ әдебиетін жеке пән дәреже­сі­не көтеруде Қажекеңнің еңбегі ұшан-теңіз. 

Бұл туралы шәкірті, академик Серік Қирабаев: «Қажым педагог, ұстаз еді. Өмірінің отыз бес жылын оқытушылық қызметпен өткізді. Қажым шәкірттерінің қатарына оның дәрісін тыңдаған жастарды ғана емес, осы отыз бес жыл ішінде қазақ мектептерінде оқып, қазақ әдебиетінен дәріс алған шәкірттердің бәрін де қосар едім. Олардың бәрі әдеби білімді алғаш Қажым оқулығы арқылы алды, Қажым оқулығы негізінде орта мектепте қазақ әдебиетін пән ретінде жүргізу ісі жолға қойылды. Қажым Жұмалиев рес­публикада әдебиет кадрларын даярлауда өлшеусіз мол еңбек сіңірді. Қажым Жұмалиевтің жетекшілігімен 32 адам ғылым кандидаты, 8 адам ғылым докторы дәрежесін алды. Сонымен қатар ол ғылым докторлары аз көрші республикаларда, Орталық Азия әдебиетшілерінен докторлар даярлау ісіне зор қолғабыс етті. Өзбек, қырғыз, қарақалпақ, башқұрт әдебиетшілерінің бір қатары-ақ (Н.Сағитов, Н.Жапа­қов, Қ.Рсалиев, А.Харисов, т.б.) бұл жағынан Қа­­жымға қарыздар» деген бола­тын.

Қызметін Батыс Қазақстан облы­сында бастаған Қажым Жұма­лиев өңіріміздегі білім мен ғылымның, әдеби-мәдени ортаның қалыптасуына тікелей мұрын­дық болған тұлға. Ол Орал педагогикалық институ­тын­да сабақ бере жүріп, батыс аймағындағы ақын-жазу­шы­лар­дың басын біріктірді. Қасым Аманжолов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұмағалиев, Жәрдем Тілеков, т.б. сынды жастарды жинап, шығармашылық орта қалыптастырған Оралдағы жазушылар филиалының тұңғыш төрағасы. 

Бұл туралы өмірбаянда: 

«...Алғаш облыстық жазушылар ұйы­мы­ның бастығы жұмысын атқарып, облыс көлемінде әдебиет жұмыстарын ұйымдастыру, кадр даярлау тәрізді әртүрлі жұмыстар жүргізуге басшылық еттім. Ол жыл­дар­дағы Орал облысындағы жүр­гіз­ген әдеби істеріміз нәтижелі бол­ды деуге аузым бара алады. Өйткені кейін қазақтың белгілі ақын-жазушылары қатарына ілік­кен: Қасым Аманжолов, Жәрдем Тілеков, Сағынғали Сейтов, Хамит Ерғалиев, Абдолла Жұма­ғалиев, Қуан Тастайбеков, т.б. ақын-жазушылар сол Оралда тәрбиеленді» деген жазба қа­жым­­­тануда ғана емес, Батыс Қазақстан облысында жазушылар ұйымы­ның негізін салушы кім деген сұрақта да тың тарихи мәлімет екені даусыз.

Қазақ әдебиеттану ғылы­мын­да ХVІІІ-ХІХ ғасырлардың білгірі, махам­беттанушы ғалым деп мойын­­далған Қ.Жұмалиев Махам­бет өлеңдерін ел іші­н­ен аралап жүріп жинап, текстологиялық қалыпқа түсі­ріп, ақынның құпия болып келген мәңгілік мекенін ақса­қал­дар көмегімен тауып, басы­на құлпытас орнатқан рухани шырақшысы. Сондай-ақ Махам­бет­тің бейнесін көнекөз саңлақ­тар­дың айтуымен «Айқас» пове­сін­де алғаш сомдаған ғалым-жазушы. Дауылпаз ақынның өмірі мен өлеңдерін сөз еткенде Қ.Жұмалиевтің зерттеулері махамбеттанудың темірқазығы болуы керек. Өкініштісі, Қажым мектебі арқылы бас-аяғы бүтін­дел­ген Махамбет өлеңдері соңғы кезде текстологиялық жағынан өзгеріске ұшырап жүр. Бұл, әрине, өз алдына бөлек әңгіме.

Қазақ халқының бар болмысы, рухани әлемі, дүниетанымы, ұлттық коды әдебиетінде жатыр дейтін болсақ, сол асыл мұраны қазақ әдебиеттану ғылымында тұңғыш зерттеп, 1941 жылы «ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихы» тақырыбында кандидаттық диссертация, 1946 жылы «Абайға дейінгі қазақ поэ­зиясы және Абай поэзиясының тілі» тақырыбында тұңғыш док­тор­­лық диссертация қорғаған көшбасшы ғалым, көрнекті қо­ғам қайраткері, зергер жазушы, академик Қ.Жұмалиевтің есімі мен еңбегін мерей­тойлар тұсында ғана аталмау қа­жет. Оның ғылым жолында көр­сеткен бағыт-бағдары аясын кең­ей­ту, дәстүр сабақтастығын жалғастыру мақсатында ашылған «Қ.Жұмалиев атындағы ғылыми зерттеу және қосымша білім беру» орталығы Орал өңірі жастарын интеллектуалды тұлға болып қалып­тасуына септігі тиері сөзсіз.

Саналы ғұмырын қазақ ғылы­м­­ы­ның өркендеуіне арнаған академик Қ.Жұмалиевтің өмірі мен шығармашылығын тану, насихаттау Батыс Қазақстан облы­сында соңғы уақытта жаңа бір мазмұнға ие болды. Ғалым­ның әр жылдары жазылған еңбек­те­рі тұңғыш рет 2010 жылы «Ақ Жайық қаламгерлері кітап­ха­насы» серия­сымен 7 том етіп шығарылды. 2012 жылы «Қ.Жұмалиев – эпос­тық жанрдың түрле­рін зерт­теу­ші» атты моногра­фия жария­ланды. 2015 жылы «Қазақ­стан-Орал» телеарнасының «Тарих толқынында» хабары не­гі­­­­­зінде «Қажымтану» пәні бой­ын­ша электронды дә­ріс­­тер қоры жинақ­тал­ды. 2017 жы­лы «Ака­де­мик Қ.Жұма­­­ли­­­­­ев архи­ві­н­ен» атты оқу құ­­ра­­­­лы баспадан шықты. 

Қажым Жұмалиев шығар­ма­шылығын зерттеу нәтижесі ғалымның жеке архивінде кеңес­тік идеология жариялауға мүм­кін­дік бермеген мол материал сақтал­ғанын көрсетіп отыр. Бұл материалдар қазақ әдебиетінің байлығын еселей түсері анық. Тозығы жеткен қолжазбалар жойы­­лып кетудің алдында тұр. Әрі мұндағы деректердің басым бөлігі қазақ әдебиетіндегі ақтаң­дақтарды тануға мүмкіндік бере­тін сирек жәдігерлер. Көлемі бірне­ше томға жүк болғандай.

Архив материалдары кітапша етіп тігіліп, реттік санмен белгі­лен­ген. Кітапшалардың беттері тү­гел емес, мұның салқынын сар­ғай­ған беттердегі «Изъято у меня 1953 год» деген жазулардан аңғаруға болады. Ызғарлы жылдары жазықсыз 25 жылға сотталып, кейін мерзімінен бұрын шыққанымен Қажекең тәркі­лен­ген материалдарды кесірі тиер деп жойып та жібермеген, жариялай да алмаған. Біздің мақсатымыз ғалымның амана­ты­на айналған көл-көсір архив материалын елдің рухани қазы­насына айналдыру. Қажым Жұма­лиевтің архиві білген жанға ғалым­ның аманаты. Аманатқа адал­дық – арлы адамның ісі.

Азамат МАМЫРОВ,

Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің доценті

Орал