19 Ақпан, 2019

Сұңғат Аймағамбетов: Құрдасым, сырласым әрі серігім - «Егемен»

487 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Газетіміздің түйдей құрдасы, соғыс және еңбек ардагері Сұңғат Аймағамбетов бұдан тұп-тура жүз жыл бұрын, 1919 жылдың 5 шілдесі күні дүниеге келген. Бір ғасырлық өткелдер мен асуды алқынбай бағындырған ақсақал өткен күндердің бәрін жадында жақсы сақтаған. Кеудесі жақсылардың алтын сандық дегендей, өткен жиырмасыншы ғасырдың бедерінде халқымыздың басынан өткен «тар жол, тайғақ кешулер», аштық, саяси қуғын-сүргін жылдары әкелген қайғы-қасірет, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңдер қарияның көкірегінде сайрап тұр. 

Сұңғат Аймағамбетов: Құрдасым, сырласым әрі серігім - «Егемен»

Ол 1938 жылы Орал қаласындағы малдәрігерлік техникумды аяқтаған соң оқуын одан әрі жалғастырып, Ленинград зоотехникалық институтына түсіп, жоғары білім алады. Сөйтіп 1941 жылдың 22 мау­сым күні соғыс басталған кезде зоотехник мамандығын алып, елге оралады. Сұңғат Аймағамбетовтің айтуынша, бұл кезеңде «жау жағадан алғанда, бөрі етектен» дегендей, ел ішіндегі үлкенді-кішілі шаруашылықтар иесіздікке ұшырап, күрделі жағдайлар қалыптасыпты. 

Майдан бар жерде тыл болмай қалмайды. Сол кезеңде тылда атқарылатын жұмыстарды жіті әрі жан-жақты ұйымдастыру, майданды азық-түлікпен және жылы киімдермен қамту үшін көзі ашық, көкірегі ояу әрі ұйымдастыру қарым-қабілеті мол азамат­тар тобы КСРО Қорғаныс халкомы И.В.Ста­лин­нің бұйрығы бойынша броньмен қалдырылған. «Егеменнің» құрдасы сол кездегі жас та жі­герлі жан Ленинград зоотехникалық инсти­ту­тының түлегі Сұңғат Аймағамбетов сол қа­тарда болыпты. 

− Мен бұл кезде КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты арнайы жасақталған құрылымдық жүйеде қызмет атқардым. Біз осы арқылы майдан мұқтаждарын өтеу үшін ауыл шаруашылығының жай-күйі олқы түспеуіне көп күш-жігер жұмсадық. Осы бағытта мамандандырылған арнайы оқу орнында әскери мақсаттарға қажетті іс-шаралар атқарылды. Біз өзіміздің басты қызметімізге қоса әскери комиссариаттарға көмек көрсету үшін соғыс жылдары кезінде жау бекіністерін жоюға қолданылатын ұшақ­тар жасауға қажетті қаражат жинау мен майданға жылы киімдер жөнелту жұмыстарына да тікелей араласып отырдық, − дейді қадірменді қария. 

Сұрапыл жылдарда сүйектен өткізе жазылған сөздің салмағы ауыр әрі адамның ішкі жан дүниесіне тигізетін әсері мол болатын. Сол кезде біз күнделікті ісімізге қажетті бағыт-бағдарды алғашқыда «Еңбекші қазақ», кейіннен «Социалистік Қазақстан» атанған газеттен табатынбыз. «Социалистік Қазақстанның» сөз семсері жауға атылған оқтан бір мысқал кем болған жоқ. Тылдың жай-күйіне қоса, бас газетіміздің бетінде майдандағы қазақстандық жауынгерлердің ерліктері оларға «Жүз жасаған жүректен» деп аталатын Жамбылдың жазған хаты қаншама жүректерге от пен өшпес рух бер­генін қалайша айтпай тұра аламын деп ағынан жарылды жүз жасаған жан. Бұдан соң ол арнайы мамандандырылған оқу орны алдына қойған мақсатын толық орындағаннан кейін 1951 жылы таратылғанын айтып берді. Алайда, Сұңғат Аймағамбетовке жауапты қызметтер тізімі тапсырылып, аудандық партия комитетінің хатшысы, территориялық өн­ді­рістік басқарманың басшысы болып істейді. 

Кейін Мәскеудегі Скрябин атындағы мал­дәрігерлік академиясы жанындағы педа­гогикалық факультетті сырттай аяқтаған С.Ай­мағамбетов ұзақ жылдар бойы Орал ауыл шаруашылығы техникумының директоры болып қызмет жасаған кезі де оның ғибратты ғұмырын толықтыра түседі. Сұңғат ағаның басшылығымен осы уақыт аралығында үл­кен істер тындырылып, оқу корпустары мен жатақханалар, асхана бой көтергені бөлек бір әңгіменің еншісі. 

− 1991 жылдың 16 жел­­тоқсан күні «мың өліп, мың тірілген» халқымыз өз тәуелсіздігін жариялаған кезде мен жетпіс үш жасқа аяқ басқан едім. Бұл кез алтыншы мүшелге қарай ауысқан кезіме тұспа-тұс келеді. Сол кезде газет атауы алғышқыда «Егеменді Қазақстан» деп аталып, көп кешікпей «Егемен Қазақстан» деген атауы тұрақты түрде бекіді. Қазіргі кезде еліміздің егемендігінің отыз жылдық бедерлі белесі де күн санап жақындап келеді. Осы арада мен «Егеменімнің» егемендігіміздің шежіресін түп-тұқиянымен түгендей білген, оған жету жолындағы ата-бабаларымыздың төккен тері мен аққан қанының қадір-қасие­тін ұғындыра алған басылым ретінде де қас­тер тұтатынымды айтқым келеді, − деді бұдан әрі С.Аймағамбетов.
Міне, «Егемен Қазақстанның» құрдасы, ұзақ ғұмырына адалдықты, адамдық пен ар тазалығын серік ете білген жаны жайсаң жан Сұңғат Аймағамбетов осылайша толғанады. Ол бүгінгі кезде ұлдары мен келіндерінің және немерелері мен шөберелерінің ортасында отырған бақытты жан. «Егемен» – менің құрдасым, ұзақ жылдардан бері бірге келе жатқан сырласым әрі серігім, дейді ол. 

Сөзімізді түйіндер тұста бүгінгі әңгіме­мізге қоса айта кетерлік тағы бір жайт, Сұңғат Аймағамбетовтің есімі «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» атты республика бойынша құрастырылған ғұмырнамалық жинақтың басын бастап тұрғаны дер едік. Бұған еліміздегі Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері әрі халқымыздың құрметі мен абыройына бөленген азаматтардың есімдері енгізілген. 

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Egemen Qazaqstan»