19 Ақпан, 2019

Сығанақ – аудан атына сұранып тұр

431 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Х ғасырдағы атақты араб жағрафиятанушысы, әл-Идриси Сырдария бойындағы ғұндардың (оғыздардың) қалаларының көптігін жаза келіп, олардың ішінде «Сауран, Сүткент, Сығанақ қалалары ірі қалалар еді. Ал Сығанақ нағыз сауда­ның қайнаған ортасы», деп ерекше атап көрсеткен. Ал зерттеуші А.Якубовский Абу ар-Резғақтың дерегіне сүйеніп бұл уақытта Сығанақта Орыс ханның түрлі құрылыс жү­йе­лерін, ғимараттар салдырғанын өзінің жазбаларында қалдырады. 

Сығанақ – аудан атына сұранып тұр

Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Сәйден Жолдасбаев «Сығанақ қаласы аспан астын­дағы ұлттық мұражайға айналуда» атты ғылыми ең­бегінде ХVІ ғасырдағы атақ­ты тарихшы Фаззаллах ибн Ру­з­би­ханның Сығанақ қа­ла­сы­ның жанынан Дешті Қыпшақ басталады», деген дерегін келтіреді.

Басқа да зерттеушілер осындай құнды дерек көздерінің мол болуы Сығанақ қаласының қазақ тарихындағы өзіндік орны бар екендігін айрықша атайды. Осындай терең тарихы бар Сығанақ қаласын кеңінен наси­хаттау мен Сығанақ қала­шығынан табылған құнды жәді­герлерді халық игілігіне ай­нал­дыру мақсатында 2017 жылдың 18 мамырында Халық­аралық музейлер күні­не орай, халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі аясын­да «Сығанақ тарихи-мәде­ни қорық мұражайы» қоғам­дық бірлестігінің ұйымдас­тыруы­мен, яғни оның төрағасы Рысбек Асқарұлының қолдауымен Жаңақорғанда «Сығанақ тарихы» музейі ашылып, бүгінгі күні мектеп оқушылары мен жергілікті тұрғындарға қызмет атқарып келеді.

Елбасының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақа­­ласында аталып өтілген «Туған жер» бағдарламасы­на арнайы орайластырыл­ған «Тарих­та қалған Сыға­нақ» ат­ты республикалық ғылы­ми-танымдық конфе­рен­ция­ға (18 мамыр 2017 жыл) Мәскеуден, Астана, Алматы, Шым­кент, Түр­кістан, Қызылорда, т.б. алыс-жақын жерлерден келген ғалымдар Сығанақ шаһа­ры­ның тарихына, археоло­гия­лық жұмыстарына, нумиз­мати­калық жәдігерлерге қатысты толымды баяндамалар жасады.

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбе­гінде «Біздің жеріміз мате­риалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айт­қандық емес», деп бүкіл түркі дү­ниесінің түп­­қазығы болған жер­ді ерек­­ше атап өткен бола­тын. Бұл дегеніңіз еліміздің ұлы қалалары мен мәдени ошақ­тарына құрметпен қараудың дара жолы емес пе?

Осындай аса құнды қа­сиетті орынды ұлықтау үшін, Жаңа­қорған ауданының аты «Сыға­нақ ауданы» деп өзгер­тілсе, бұл игілікті шара халық­тың қолдауына ие болар еді. Мұны Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы сияқты елдің мерейін көтеріп, тарихымызды жаңғыртудың жаңа сара жолы деп бағалауға тұрарлық.

Тарихы тереңде жатқан Сыға­­нақ шаһарының атауын бір ауданға беріп жатса, тарихы­мыздың рухын жаңғыртып, бүгі­німіздің жарқын көрінісі болатынына сенім мол. 

Асан САРҚҰЛОВ,

Мәдениет қайраткері

Қызылорда облысы