Қоғам • 19 Ақпан, 2019

«Хат қоржын» (19.02.2019)

5251 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
«Хат қоржын» (19.02.2019)

...мақтан тұтады

Ұлы даланы жаңғырта бер, басылым!

Бүгін елу жылдан астам бауыр басқан «Egemen Qazaqstannyń» әр саны әлі күнге дейін көкірегімде сайрап тұр. Осы уақытқа дейін күнделік жүргіземін. Ұшқыр ой, ұтымды сөздер кездессе күнделігіме түртіп қоямын, парақтары сүрленген беттерге көз жүгіртіп қуат аламын.

Абыз журналистер басылымның беделін биіктетті. Шерхан Мұртаза тұсындағы өткір материалдар газеттің ажарына жаңа леп әкелді, таралымды күрт өсірді. Осы дәстүрді басылым одан әрі жалғастырды. Журналистердің жазу мәнерлері, кейіпкердің болмысын аша түсудегі қалам тартыстары сүйсінтеді. Мырзатай Жолдасбеков, Роллан Сейсенбаев, Несіпбек Айтұлы сынды авторлардың дүниесін тамсана оқимыз. Биылғы басылымда жарияланған Кәмшат, Шерхан, ақын Мағжан жайында жазылған дүниелер оқырманның жүрегінде сақтаулы, аузынан тастамай айтып отырады.
Редактор – газеттің архитекторы. Газеттің қуаты – білікті авторлар мен журналистер шоғырына байланысты. Біз басылымнан кезінде Баубек Бұлқышев, Саттар Ерубаев, Жекен Жұмаханов, Әзілхан Нұршайықов сынды қаламгерлердің тұшымды дүниелерін оқып, сусынымызды қандырған ұрпақпыз. Ақын Асқардың, Әлішердің фельетондары мен сатиралық өлеңдерін жаттап өстік. 
Қазір басылым Қазақстанның Ұлы даласының әр қиырындағы жаңалықты күн құрғатпай жеткізуге мүмкіндік туғызды. Өйткені «Egemen Qazaqstan» қазір жергілікті жердің өзінде басылып, қолы­мызға бояуы кеппей тиетін болды. Оқырман, ұлы даланың ғасырындағы шежіресіне үлесіңді қос.

Қайырбек МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,

ардагер журналист

 

...пікірін жолдайды

«Таңдайына бұлбұл ұя салған...»

Мұхиттың ән-мұрасын бүгінгі күнге жалғаған халқымыздың жезтаңдай әншісі, дарабоз дарын Ғарифолла Құрманғалиевтің дүниеге келгеніне биыл 110 жыл толып отыр. Ол ежелгі ән туындыларының екінші тынысын ашып, оны концерттік-опералық орындау деңгейіне көтере білген әрі тек өзіне ғана тән орындау мәнері мен шеберлігін қалыптастырған саңлақ өнер иесі еді. Ғарекең көзінің тірісінде халық әндері мен термелерін нақышына келтіре құйқылжыта орындап, халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Сонымен бірге Ғ.Құрманғалиев өз мектеп-студиясын ашып, жүздеген шәкірттер тәрбиелеп, халықтық ән дәстүрінің сабақтастығы үзілмеуіне де мол үлес қосты. Өмірінің аяғына дейін ұстаздық етуден жалыққан жоқ. 

Оның ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай «бұлбұл ұя салған таңдайы» мен алты қырдың астынан естілетіндей ғажайып үніне Қытай, Пәкістан, Иран, Германия және Италия елінің тыңдармандары да таңғалғаны бөлек әңгіме. Ақиық әншінің от шашып тұратын жанары да халқымыздың көкейінен өшпек емес. 

Қайталанбас таланттың отбасылық мұрағатында орындаушылық өнерге деген көзқарастары мен ой-тұжырымдары және әдістемелік сипаттағы жазбалары мен күнделіктері сақталған. Алдағы уақытта оны елеп-екшеп дәстүрлі өнерімізді дамытудың бір қажетіне жаратқан жөн деп санаймын.

Мұрат АМАНШИЕВ,

Құрманғазы атындағы Орал саз колледжінің оқытушысы

Батыс Қазақстан облысы

 

...ой қозғайды

Ана қызы үшін ұялмайтындай болса 

Қазақта «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген мақал бар. Қыздардың инабатты да ақылды, көргенді болып өсуі анасынан алған тәлім-тәрбиесіне тікелей байланысты. Қыздардың, яғни болашақ аналардың қандай болмағы жас кезінде бойына сіңірген үлгі-өнегесінен де бастау алары анық.

Қыз бала анаға жақын болып келеді. Шыр етіп дүниеге келген нәресте ана құшағынан жұбаныш табады. Сәбиге алғаш жылы сөзін айтатын да, баласын өз қоғамына лайықты ілтипатты азамат етіп өсіретін де ана. Атақты швейцариялық педагог И.Песталоции: «Баласы – анасы, тек анасы арқылы ғана бүкіл жарық дүниені, бүкіл әлемді танып біледі» деген екен. Ендеше, анасы қызын аналық махаббатқа бөлеп, сырласып, үй шаруасына икемдеп, рет-ретімен санасына сіңіріп, ертең бір шаңырақтың келіні болатынын есіне салып отырса қандай ғанибет. Өкініштісі, қазір тоқыма тоқып, құрақ құрап, кесте тігу былай тұрсын, үй ұстауды, тамақ пісіруді, кір жууды, қонақ күтуді білмейтін қыздарымыз өсіп келе жатқаны қынжылтады. 
Қазір қыздарымызды еркін, бетінен қақпай өсіріп жатырмыз. Өз үйінде еркелесін-ақ, бірақ қыз бала өзінің шаңырағында қонақ екенін, ертең бір шаңырақтың келіні, көсегесін көгертер отанасы атанатынын білу маңызды. Өз бақыты үшін күресіп, аянбай еңбек етіп, отағасының басын төрге, отбасын алға жетелейтін, кешегі қазақтың асыл аналарының ізін жалғар мақтаулы қыздарымыз көп болғай!

Бағдагүл БАЛАУБАЕВА

 

...үлгі етеді

Кітап оқиық, ағайын!

Бүгінгі заман – ғаламтор, сандық мультимедиялық құрылғылар салтанат құрған заман. Кітапты электронды түрде ғаламтор арқылы да оқуға болады. Кітапты талдап, талқылап оқитын орта азайды. 

Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта салтанатты түрде буккроссинг акциясы ұйымдастырылды. Бұл мәдени шараның мақсаты – көркем әдебиеттердің оқылымнан шығып қалмай өз оқырманын табуына ықпал ету, тұрғындардың кітап оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру. Буккроссингтің басты принципі: «Ал. Оқы. Қайтар». Ағылшын тіліндегі «буккроссинг» сөзі – тура баламасында кітаптың қиылысуы деген мағынаны береді. Қазақшаға аударылғанда «кітаптың айналымда жүруі» болып шығады.

Осы мақсатта жасалып отырған буккроссинг акциясына біздің мектептің ұстаздары, оқу­шылары өз үлестерін қосып, үлкен қы­зығу­шылықпен қатысуда. Оқы­ған қызықты кітаптарын буккроссинг сөрелеріне қойып, орнына сол сөреден өзі оқымаған кітапты алып кетуі арқылы достарымен бөліседі.

Қанша жерден заман өзгеріп, технология дамып кеткенімен, кітап­тың рөлі әрқашан да биік болып қала бермек. Кітап оқиық, ағайын!

С.КАБДУЛИНА,

Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың кітапханашысы

Қостанай