Таным • 19 Ақпан, 2019

Жаңа есімдер туралы ой...

562 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Былтырдан бері Елбасымыздың тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылған, адам капиталын қайтсек дамытамыз деген ойға тікелей қатысы бар ауқымды да ғибратты жобалардың бірі - «100 жаңа есім» жобасы.

Жаңа есімдер туралы ой...

Кеше, жексенбінің кешінде «Хабар» арнасында көрсетілген, еліміздің мәртебесін көтеруге атсалысқан мемлекетіміздегі жас азаматтардың пікірі, бүгінгі өмірі, болашаққа қараған бағыты терең ойға жетеледі. 
Байқағаныңыздай, осы пост еліміздің бүгінгі келбеті мен болмысын айшықтайтын жас ғұмырын еңбекке арнаған ардақты замандастар туралы болмақ.
Кейіпкерлердің қатал таңдаудан өткендігі, айтқан салмақты ойлары, дара жолдары, «елім, жерім» деп соққан жүрек лүпілдері – ертеңгі күнге тегеуріңді қуат бергендей.

Жобаны қарап отырғанда көзіме еріксіз жас үйірілді. Ол қуаныштың немесе қайғының жасы емес, ол ұлт мұраты жолындағы кейіпкерлердің жүрегі мен санасындағы күшті де қуатты жігердің өшпегеңдігін көрсететін, немесе қилы-қилы тарихи кезеңдерді, небір күрделі дәуірлерді бастан өткерген төзімді халықтың  тәуелсіздікте тұсауын кестіріп, тәуелсіздікпен есейген ұрпағының жігерлі де намысты үнінен тербелген жүрек сезімдері еді...
Сонымен:
Ең бастысы шара жүргізушісі, белгілі журналист, медиа саласының жүйрігі Махаббат Есен – әр кейіпкердің өмірі мен жүріп өткен жолын өзінің жүрегінен өткізіп, көрерменге ұсынуы жобаның парасаттылығын көтере түсті. Қазақ тілінде еркін сөйлеуі де біраз адамға үлгі болары анық. Бейбітшілік туралы айтқан, жалпы шараны жүргізу барысында айтылған көптеген ойлары адамгершілік ниетінен туындаған қоғамда орын алған жаттанды пікірлерден биік жаңа зиялы көзқарас болды деген ойдамын.
Паралимпиада чемпионы, әлем кубогының төрт дүркін иегері, жүзуші Ержан Сәлімгеревті тыңдағанда, көмейіңе өксік тығылады. Себебі, қатыгез тағдырдың қиындығына сынбаған батыр мінезіне тәнті боласын. Трансформаторға ойнап, бала кезде тағдыр соққысын алған Ержанның өмір бойы мойымай, қажыр, жігер, намыс секілді мақсаткерлік қасиеттерін шыңдауы қандай ерлік десеңізші?! Ержанның бойындағы асыл қасиеттердің түп төркінінде сұрапыл соғыстардан жеңіспен оралған ата-бабаларымыздың биік болмысы жатса керек. Тереңге жетелеген ойлар көп, себебі ұрпақ санасында кез-келген процестің, мейлі ол жақсы немесе жаман болса да өшпес із қалдыратын генетикалық жадысы бар. Бүгінгі жастардың бұл тағдырдан алар өнегесі көп деп ойлаймын. Ержанның армандары орындалсын!

Келесі кейіпкер, нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев. Жаңа есім десе, жаңа есім. Атын «Мыңжылқы» деп қойған ата-бабасының да халқымыздың ұлылығын дәріптейтін текті адамдар екендігі ойға келді. Соншама миллиметр құралмен нәрестеге ота жасайтын епті де ыждағатты, төзімді де шыдамды, жүректі де рухты Мыңжылқыға тек жақсылықтар тілеймін!

Білімді де білікті, рухы ояу, жанын шүберекке түйіп, ар жолында қызмет етіп жүрген әскери, халықаралық фотожурналист Назгүл Кенжетайды да тебіренбей қарау мүмкін болмады. Өткені, баршамызға кейде қолда бар бейбітшілік өздігінен бола қалған немесе осы сарында дами беретін үздіксіз процесс ретінде көрінеді. Халықты жаугершіліктен сақтап қалуда елдігіміздің басты тұлғасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың көреген дипломатиялық саясаты тәуелсіздігіміздің маңызды шежіресі екендігін сана елегінен тағы да сан мәрте өткізіп, толыққанды түйсінесің.  

Ақын, Мөлдір Мысаның «Тәуелсіздік – аналарымыздың ақ арманы мен бабаларымыздың ақ батасымен келген киелі ұғым. Біз, Тәуелсіздік тудырған есімдерміз. Алаштың рухы боп қайнаған қара қазанының суы сарқылған жоқ. Бүгінде, Мен сияқты қалам тербеп жүрген жастар, сол қасиетті судың бір-бір мөлдір тамшысы», – деп сөйлегенде, елең ете қалдық. Бәлкім, гауһардай асыл, сынаптай жүйрік, қорғасындай салмақты ақын апаларымыздың ізін жалғаған жаңа буын өкілінің даусын естігеннен болар. Халқымыздың сарқырама судай арынды сөз байлығы ендігі жерде Мөлдір секілді жас ақындарымызға аманат! 

Еліміздің 100 жаңа есімі адамгершілік пен азаматтықтың, батырлық пен іріліктің үлгісі ретінде жастарымызға өнеге болсын!

Жұлдыз Сүлейменова