Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Аққаланың Атасы

810 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында биыл қар көп. Әдеттегіден әлдеқайда қалың түскен қарды коммуналдық қызмет мекемелері қаладан далаға тасып үлгермей, әлек болып жатыр. Көктемде күрт ерісе, тұрғын үйлер суға кетіп, ел-жұрт әбігер бола ма деген қауіп те мазаны алып тұр.

Аққаланың Атасы

Дегенмен әр нәрсенің де екі жағы бар деген ғой. Қардың шектен тыс көптігін де қадеге жаратып, көз қуантатын түрлі мүсін жасаған жандар аз емес. Тіпті бірі бірінен асып түсіп, көрген жанды таңғалдырғандар табылды.

Солардың бірі – Оралдағы №1 өрт сөндіру бөлімінің алдында пайда болған «өрт сөндіргіш машина». Тұтасымен қардан жасалған бұл мүсін «ЗиЛ-131 AT-40» автокөлігінің дәл көшірмесі. Азаматтық қорғау лейтенанты Дархан Азаматов, кіші сержант Әлішер Құттығали, бөлімше командирі Валерий Сидельников және басқаларының қолынан шыққан бұл қар-мүсін бүгінде оралдықтардың тоқтай қалып, суретке түсетін орнына айналған. Бір тәуірі, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің басшылығы бұл бастаманы қолдап, «мүсіншілерге» сыр-бояу тауып берген. Сөйтіп, қардан жасалған көлік «01» қызметінің дәстүрлі қызыл түсіне еніп, тіпті әдемілене түскен еді.

- Биылғы көп қардың жақсылығын да көрейік деп біз де мектеп ауласына түрлі қар-мүсіндер жасадық. Бұл іске біздің шағын орталықтың тәрбиешілерінен бөлек, ата-аналар да қар қалашығын жасауға ерекше құлшыныспен атсалысты, - дейді Орал қаласындағы №47 мектеп директоры Наталья Ерғожиева.

Мектеп директорының айтуынша, шырша, Аяз Ата, хайуанаттар мен түрлі көліктерден құралған қар қалашығын жасауға мектептің ең кішкентай шәкірттері тәрбиеленіп жатқан «Балдырған», «Еркем-ай», «Күншуақ», «Гүлдерай» топтарының тәрбиешілері түгел қатысқан. Мектеп ауласындағы қызыл-жасыл түске боялған бұл ойыншықтар бал дәурен балалық шақтың қызығын үстей түскендей болды.

Әйткенмен теректілік Ерлан Рысқалиевтің биіктігі 8 метрден асатын алып аққаласы бәрінен асып түскен сыңайлы.

- Ерлан бұл аққаланы «Youtube» желісіндегі балаларға арналған «Алмазик ТВ» арнасы жариялаған «Ең алып 100 аққала» байқауына қатысу үшін тұрғызған екен, - дейді біздің теректілік әріптесіміз, алып аққаланы көзімен көріп, суретке түсіріп қайтқан Аягөз Айтқалиева.

Ерлан Рысқалиев биіктігі 8,2 метрлік аққаланы 7 күннің ішінде соққан. Байқау шарты бойынша бұл «құрылысқа» ауыр техниканы пайдалануға болмайды. Бәрі де қол еңбегімен жасалуы тиіс. Ерланға достары Арман Серіков пен Жасұлан Онбаев көмектесіпті. Ал жұбайы Зарина жұмыс барысын бейнежазбаға түсіріп алған. «Youtube» желісінде жарияланған бұл жазба бүгінде мыңдаған көрілім жинап жатыр.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан