Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Цифрландырудың экономикаға оң әсері көп

2399 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы қаралды.

Цифрландырудың экономикаға оң әсері көп

Нәтижелер көңіл қуантады

Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы негізгі бес бағыттан, 17 бастамадан және 120 іс-шарадан тұратындығын айтып өтті. 2018 жылы 20 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Сол жоспарға сай жұмыстар толық орындалды.

«Экономика салаларын цифрландыру» бірінші бағыты бойынша келесі маңызды нәтижелерге қол жеткізілді: отын-энергетика және тау-кен металлургия кешендерінде Индустрия 4.0 элементтерін қолдану арқылы еңбек өнімділігі орташа есеппен 10%-ға артты; жекелеген өндірістерде электр қуаты 33%-ға дейін үнемделді; жабдықтарды пайдалану коэффициенті 50%-ға ұлғай­ды», деді Д.Абаев.

Оның айтуынша, пайдалы қазбалары бар жеті ірі кен орнына «Зияткерлік кен орны» және «Цифрлы кеніш» жобалары енгізілді. 2019 жылы осындай жүйе бо­йынша жұмыс істейтін нысандар санын 12 бірлікке жеткізу жоспарланып отыр. 

Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру аясында еліміздің 14 қанатқақты шаруашылығында дәлме-дәл егіншілік элементтері енгізілген. Осылайша фер­мер­лердің шығындары орташа есеппен 15-20%-ға азайып, астық өнімі 2,5 есеге артты. 2019 жылы «смарт фермаларды» 500 шаруашылыққа дейін жеткізу жоспарланған.

Бағдарламаның тағы бір негізгі бағыты – онлайн сауда жүйесін дамыту. Электронды сауда субъектілеріне қа­тыс­ты заңнамалық деңгейде салық жеңіл­діктері қарастырылған. Бұл жеңіл­діктерді е-коммерцияның 331 жаңа субъектісі пайдаланып үлгерді. Қазақ­станда ақшасыз, ұялы телефон арқылы қолма-қол есептесу секілді әлемдік трендтер қалыптасып, дамуда. Мәселен 2018 жылдың қараша айының соңында еліміздегі алты ірі банк қанатқақты режімде осы сервиске қосылды. 

«Цифрлы мемлекетке көшу» ба­ғы­ты аясында бүгінгі таңда білім беру саласының барлық деңгейі цифрландырумен қамтылған. Мектепке дейінгі біл­ім беретін ұйымдардың 64%-ы электронды өтініштер қабылдайды. Ал мек­тептердің 94%-ында оқушылар элек­тронды күнделіктер мен журналдарды пайдаланады. Жалпы, бұл бағыттағы цифрландыру ауылдық және қалалық мектептер арасындағы алшақтықты 30%-ға төмендетуге мүмкіндік берді. 

Денсаулық сақтауды цифрландыру шеңберінде электронды құжат беруге медициналық ұйымдардың 99,2%-ы ауыс­ты. Қазақстанның 16,3 млн тұрғынында өңір­лік электронды денсаулық паспорты бар. 

 Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру аясында электронды еңбек биржасы өз тиімділігін дәлелдеді. 2018 жылы 533 мыңнан аса жұмыс іздеуші жұмысқа орналасты, оның ішінде 409 мың азамат тұрақты жұмыс орнын тапты. 

Көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру жұ­мыс­тары да жалғасып жатыр. Қазіргі уақыт­та 752 мемлекеттік қызметтің 506 түрі авто­маттандырылды. Яғни, қызмет көрсету уақытын 40%-ға қысқартуға мүмкін­дік берді. Бұл орта есеппен алғанда 

12 күннен 7 күнге дейінгі мерзім. Соны­мен қатар қағаз айналымы 60 млн анық­тамаға дейін қысқарған. 2018 жылы ел тұрғындарына 30 млн қызмет электрон­ды форматта көрсетілді. Астана мен Ал­маты қалаларында 3 көші-қон, 8 маман­данды­рылған, 16 цифрлық халыққа қыз­мет көрсету орталықтары ашылып, био­метрикалық деректер жинау жүйесі іске қосылды. Биыл мемлекет­тік қызметтердің 80%-ын электронды форматқа көшіру, сондай-ақ 1 цифрлық және 5 көші-қон ХҚКО ашу жоспарланған. 

 «Жалпы, 2018 жылы іске асырылған цифрлық шаралар қазірдің өзінде елімізге 218 млрд теңгеден астам экономикалық пайда әкелді. Цифрландыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 43 мыңнан асады. Биыл жұмыс тәртібі толық орнықты, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағы іріктелді, ұлттық және жеке компаниялар алдағы мақсаттарын айқындап алды. Сондықтан да жаңа технологияларды енгізуден түсетін экономикалық әсер алдағы уақытта қазіргі нәтижелерден де жоғары болады деп нық сеніммен айтуға болады», деп мәлімдеді Д.Абаев. 

Өндіріс пен өнеркәсіпті цифрландыру жалғасады

Өз кезегінде Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасы аясында басым жобалар өнер­кә­сіп, көлік, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылығы, геология және жер қой­науын пайдалану салаларында іске асып жатқанын айтты.

2018 жылы Өнеркәсіпті цифрландыру бойынша жеті модельдік фабри­када аудит аяқталды және оны цифр­ландыру үшін жол карталары бекі­тілді. Әр кәсіпорынға шамамен 30 іс-ша­ра ұсынылды. Сонымен қатар өңір­лердің өнеркәсіптік кәсіпорындарын цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Министрлік әкімдіктермен бір­лесіп, орта және ірі өнеркәсіп нысандары­на цифрлы технологияларды енгізу жө­ніндегі жол картасын бекітті. Биыл 100-ден астам кәсіпорынды цифрландыру жұ­мысы белсенді түрде жалғасатын болады.

«Көлікті және логистиканы цифрландыру» міндеті бойынша «Зияткерлік көлік жүйесі» (ЗКЖ) жобасы іске асырылып жатыр. Жүйе жол-көлік кешенін басқарудың бірқатар мәселесін шешуге мүмкіндік береді. 

E-SHANYRAQ жобасын іске асыру аясында 2018 жылдың соңында қанат­қақты режімде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының бірыңғай ақпа­раттық жүйесі іске қосылды. Соның нәти­жесінде жүйеге 5 217 көп пәтерлі тұр­ғын үйдің электронды техникалық пас­порты енді және 5 767 түрлі есептеу құ­ралдары қосылды. Құрылыс сала­сында Е-QURYLYS бірыңғай ақпарат­тық жүйесі енгізілуде. Жүйе блок­чейн режімінде нысан құрылысы бастал­ған­нан аяқталғанға дейінгі барлық процесті бақылауға мүмкіндік береді.

ІТ-мамандық бойынша 10 мың грант бөлінген

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Президент Жолдауына және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына сәйкес білім беру саласында цифрлы технологияларды дамыту бойынша бірқатар шара орындалып жатқанын, осы мақсатта цифрландыру офисі құрылғанын атап өтті.

1-4 сыныптарға арналған «Ақпа­рат­тық-коммуникациялық технологиялар» пәні бойынша типтік оқу бағдарламасы бекітілді. Сөйтіп осы оқу жылынан бас­тап 3-сыныпта оқыту басталды. Келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңімен қал­ған сыныптар кіріседі.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76-қадамына сәйкес мектептерде «Ин­форматика» пәнін оқыту 5-9 сыныптарда аптасына 1 сағат немесе жылына 34 сағатқа дейін, 10-11 сыныптарда аптасына 2 сағат немесе жылына 68 сағатқа дейін көбейді. Сонымен қатар «Информатика» пәні бойынша оқу бағдарламаларының мазмұны қайта қаралып, мектепте роботтехника, 3D модельдеу және машинамен оқытудың жүйелері саласында заманауи бағдарламалау тілдері енгізілді.

Ақпараттық технологиялар саласында қажетті мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайды. Былтыр АТ-мамандық бойынша 10 мыңнан астам грант бөлінді.

Сондай-ақ ашық білім берудің ұлттық платформасын құру жұмыстары жүргізілуде. Платформада әртүрлі білім курсы, соның ішінде 3D модельдеу, ақ­параттық қауіпсіздік, бағдарламалау, АT-тілдері және тағы басқа курстар болады. Сонымен қатар білім беруді және ғылымды бірыңғай басқару жүйесін құру бойынша жобалар іске асырылып жатыр.

Бағдарламаны іске асыру Елбасы бақылауында

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев «Цифр­лы Қазақстан» мемлекеттік бағдарла­масын іске асыру Елбасының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Бағдар­ламаны іске асыру аясында қосылған құнның өсуіне, сондай-ақ экономикадағы шығындардың қысқаруына әкелетін елеулі экономикалық әсер күтілуде. 

Бағдарлама іске асырылған былтыр­дан бері біраз бағыт бойынша оң өзге­рістер бар. Заңнамалық база жетілдіріліп, өндірісті, бизнесті және мемлекеттік бас­қаруды енгізудің оңтайланған тәсілдері әзірленді. Сонымен бірге Үкіметтің цифр­лық күн тәртібін іске асырудың тиім­ділігін арттыру мақсатында орта­лық және жергілікті органдардың цифр­лан­дырудың әсерін бағалау мен монито­рингілеудің бірыңғай әдіснамасын әзірлеу қажеттілігі пайда болды.

Осы жайттарды атап көрсеткен Үкімет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне экономиканың жекелеген салаларындағы цифрландырудың әлеуетін белгілеуді, сонымен қатар шығындардың іс жүзінде қысқаруын ес­кере отырып, цифрландыру жоба­ларының тиімділігін есептеудің бірың­ғай әдіснамасын жасауды тапсырды. Сон­дай-ақ мемлекеттік органдармен және АТ-қауымдастықпен бірлесе отырып цифрлық технологияларды қолдану мәсе­лелері бойынша заң жобасын пысық­тауды жеделдетуді тапсырды.

Мұнан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін және отандық автомобиль жасаушыларды бюджеттік несиелендіру мәселелері бойынша Үкімет қаулысының жобасы қаралып, мақұлданды. Аталған мәселеге қатысты Индустрия және ин­фра­құрылымдық даму министрі Жеңіс Қа­сымбек баяндама жасады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банк жүйесі бойынша 660,6 млрд теңге жинағы бар 1,3 млн салымшы тіркелген. Бұл салымшылар – мемлекеттік қолдау шаралары есебінен баспаналы болуға ниетті «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетті қатысушылары. 44,7 мың салымшының 195,9 млрд теңге жинағы бар (пәтер сомасының 20 пайызынан астам). 

Ж.Қасымбек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі баспана алудың ең тиімді құрал­дарының бірі екенін атап өтті. Салым­шыларға берілетін займдар бастап­қы жарнасы 20%-ға дейін болған жағдай­да 25 жылға 5%-бен беріледі. Мәселен, құны 8,4 млн теңге болатын пәтердің (60 шаршы метр екі бөлмелі пәтер) ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайды.

Бөлінген қаржы 3111 салымшының қолжетімді займ алуына мүмкіндік бе­реді. Бұл қаржы алдағы 15 жылда 3 рет ай­на­лымда болады, яғни тағы 6 мың са­лым­шыға займ беріледі.

Отандық автоөндірушілерді қолдау мақсатында және халықты қолжетімді несиемен қамтамасыз ету үшін бұл тәжірибе жалғасатын болады. Биыл екінші деңгейлі банктерді жеңілдікпен қаржыландыру жолымен «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ға 10 млрд теңге бөлу жоспарлануда. Оның 8 млрд теңгесі жеңілдікпен автонесиелеуге, ал 2 млрд теңгесі коммерциялық техниканы лизингілік қаржыландыруға беріледі. Алғашқы кезеңде 2 мыңнан астам автомобиль сату жоспарлануда. Келесі жылдары «револьверлік» қаражат есебінен бағдарлама бойынша орта есеппен жылына 400-500 отандық автомобиль сатылатын болады.

Қаржы, Әділет, Ұлттық экономика министрліктерімен келісіліп ұсынылған қаулының жобасында «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ны бюджеттік қаржыландырудың негізгі шарттары бекітіледі. Жобаны іске асыру үшін қаражат мемлекеттік бюджетте қарастырылған және Ж. Қасымбектің ай­туынша, жоба теріс әлеуметтік-эконо­ми­калық немесе құқықтық салдарға алып келмейді.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ төрағасы Айдар Әріпханов бұған дейін бөлінген қаражат отандық автомобильдерді өндірудің тұрақты өсуіне әсер еткенін атап өтті. 2018 жылы 32,3 мың бірлік техника өнді­рілді. 2018 жылдың қорытындысы бойын­ша «Қазақстанда жасалған» белгі­сімен 28,2 мың жеңіл автокөлік сатылды. 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасына және республикалық бюджет туралы заңға сәйкес несиелік тұрғын үй құры­лы­сын қаржыландыру айналымын қамта­масыз ету мақсатында 28 млрд теңге бюд­жеттік несие бөлінеді. Сонымен бірге Қазақстанның даму банкіне 10 млрд тең­геге бюджеттік несие бөлу жоспар­ла­нып отыр.

Еліміздің өңірлерінде халыққа жеңіл­детілген несие беру бағдарламалары қалай іске асырылып жатқаны туралы Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов пен Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндады.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»