Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Алматы облысының әкімі: Білім сапасына айтылған сын нәтиже берді

423 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы Алматы облысының білім саласын қолдауға бюджеттен 163,7 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Қазір аймақтағы 760 мектепте 390087 бала білім алуда. Есепті жыл ішінде оқушылардың саны 17052 балаға көбейіпті. Бұл деректерді бүгін тұрғындар алдында есеп берген облыс әкімі Амандық Баталов жария етті.

Алматы облысының әкімі: Білім сапасына айтылған сын нәтиже берді

- Облыстағы оқушылар санының үздіксіз өсуі білім саласындағы жұмысты ширата түсу керектігін білдіреді. Бүгінде облыс бойынша 3 ауысымды мектептер саны – 34. Өтке ноқу жылында біз 9 мектепті жаңадан салып, 28 білім мекемесіне күрделі жөндеу жасадық. Бұл жұмысқа 7,7 млрд теңге жұмсалды. Алайда, аймақтағы бал туу көрсеткішінің жоғарлауы мен көші-қон үрдісінің өсуі балаларды мектеппен қамтуға үлгертпей жатыр, - деді әкім.

Жалпы, облыс мектептерінің 2018-2019 оқу жылында материалдық-техникалық базасын нығайтуға 966,8 млн теңге, оның ішінде 823 млн теңге мультимедиялық жабдық сатып алуға бөлінген. Есеп бойынша облыс мектептерін кітаптар қоры мен компьютерлік техника жабдығымен ақмту үлесі 100 процентке жеткен. Қазір аймақтағы 256 мектепте жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту пилоттық режимде жүргізілуде. Мұнан бөлек 48 мектепте робототехника кабинеттері ашылып, онда 1442 оқушы білім алып отыр.

- Білім сапасына қатысты бұдан бір жыл бұрын сын айтылған болатын. Қазір оң нәтиже байқалады. Әсіресе, оқушылардың ҰБТ сынағында көрсеткен үлгерімінде ілгерлеу бар. 2018 жылы орташа балл 85,1 поцентті құрады, ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 77 проценттен аспаған болатын, -деді Амандық Баталов.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы