Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Нұрлан Ноғаев тұрғындармен кері байланыс арналары туралы айтты

501 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облысында мемлекеттік орган басшыларының әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлері 50 мыңнан астам тұрғынды қамтыды, - деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нұрлан Ноғаев тұрғындармен кері байланыс арналары туралы айтты

Атырауда облыс әкімінің халыққа есеп беру кездесуі болып жатыр. «Жайық» спорт кешенінде екі мың адамның алдында Нұрлан Ноғаев «2018 жылғы Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму қортындылары» туралы баяндап, биылғы жоспарларды айтты.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір Атырау облысында мемлекеттік органдардың тұрғындармен кері байланысын орнатуға көңіл бөлініп отыр.

-2017 жылғы қыркүйекте ашылған Телеграмм қосымшасындағы «Акимат Атырауской области» чат-каналы тұрғындар арасында сұранысқа ие. Бүгінге дейін каналға 4 мыңнан астам адам тіркелген. Соңғы мониторинг пен талдау қорытындылары тұрғындардан 3500-ге жуық өтінім түскенін көрсетті,-деді Атырау облысының әкімі.

Сонымен қатар, 2018 жылдың қаңтарында «Атырау Цифрлық Қабылдау» (ACQ) мобильді қосымшасы іске қосылды. Қосымшаға 4000-нан астам адам тіркелген. Бүгінге дейін 1500-ден астам өтінім түсті.

-Мемлекеттік органдар басшылары мен аудан әкімдері әлеуметтік желілерде Атырау облыстық әкімдігінің ресми парақшасы арқылы тікелей желіге шығып, тұрғындар алдында есеп берді. Бұл тұрғындарға үйлерінен шықпай-ақ онлайн тәртіпте сұрақ қойып, жауап алуларына мүмкіндік беріп отыр, -деді Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысының айтуынша, Facebook, Instagram әлеуметтік желілері арқылы ақпан айынан бастап 7 аудан әкімі мен 5 басқарма басшысы қалалық бөлімдерімен бірге тікелей байланысқа шыққан. Тікелей эфирлер екі аптада 50 мыңнан астам тұрғынды қамтып, 1000-ға жуық сұрақ түсті.

Бақытгүл БАБАШ,

«Egemen Qazaqstan»

Атырау