Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

«Ақтөбе» индустриялық аймағында 1 млрд теңгенің өнімі өндірілді

490 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің көшпелі  баспасөз конференциясында «Ақтөбе» әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы ҰК  АҚ-ның басшысы Әнуар Маханов мәлімдеді.

«Ақтөбе» индустриялық аймағында 1 млрд теңгенің өнімі өндірілді

«Ақтөбе» ӘКК Ақтөбе облысының даму нүктелерінде экономикалық белсенділікті ынталандыратын, соның ішінде инвестицияларды тарта отырып, бәсекеге қабілетті, орнықты өндірістерді қалыптастырудың катализаторы ретінде әрекет ететін өңірлік даму институты болып табылады.

Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта инвесторларға қызмет көрсету орталығы шағын және орта бизнес пен агроөнеркәсіптік кешені, жер қойнауын пайдалану және т.б. салаларында іске асырылатын 35 инвестициялық жобаны қолдайды.

«Біз инвестициялар ағынын ынталандыруды арттыру мақсатында «Ақтөбе»  индустриялық аймағы аумағында арнайы экономикалық аймақ құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеп жатырмыз. Аталмыш  жоба облыс көрсеткіштерінің одан әрі дамуы мен экономикалық өсуіне, соның ішінде металлургия, мұнай-химия, машина жасау және жалпы құрылыс индустриясы салаларының қазіргі заманғы өндірістерін құруға бағытталған. Арнайы экономикалық аймақ  шеңберінде құрылатын қолайлы жағдайлар 2018-2023 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегияға сәйкес трансұлттық корпорациялар мен зәкірлі инвесторлар қатарынан ірі инвесторларды тартуға мүмкіндік береді», - деді Әнуар Маханов.

Қазіргі уақытта индустриялық аймақта құны 96,8 млрд.теңге болатын 23 жоба іске асырылып, 2 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

«Индустриялық аймақ  аумағында жұмыс жасайтын 5 кәсіпорын 2018 жылы 1 млрд.теңгеден астам сомаға өнім өндірді. Биылғы жылдың ішінде 7 жобаны іске қосу жоспарланып отыр, оның ішінде автомобиль шиналарын қалпына келтіру, полиэтилен қаптамаларын, лак-бояу өнімдерін өндіретін кәсіпорын, сондай-ақ «Aktobe Smart Tech» ЖШС деректерді өңдеу орталығы ашылады. Жалпы инвестиция сомасы 68 млрд. теңге болатын  және 1381 жұмыс орнын құратын  тағы 11 жоба бойынша техникалық-экономикалық негіздеме  әзірленуде», - деді спикер.

Айта кетейік, «Ақтөбе» ӘКК басшылығы келешегі бар және жоғары технологиялық жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізуде. Олардың қатарында электр қозғалтқыштарын, коммуналдық және ауыл шаруашылығы техникасын, геомбраналық материалдарды, ауыл шаруашылығы техникасын, гидравликалық жабдықтарды өндіру, сондай-ақ жүк вагондарын құрастыру зауытын, автобустарды ірі тораптық құрастыру кешенін салу жобалары бар. 2020 жылға қарай құны 36,5 млрд теңге болатын аталған жобаларды іске асыру индустриялық аймақ аумағының 100% - ын толтыруға мүмкіндік береді.