21 Ақпан, 2019

Іргелі ізденіс іздері

521 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алпыс атты талтүстің асқаралы асуына өз биігінде жетіп отырған биология ғылымдарының докторы, Халықаралық білім беру акаде­миясының корреспондент-мүшесі, Солтүстік Қазақстан ауыл ша­руа­шылығы ғылыми-зерттеу инс­титутының бас директоры Әйіп Ысқақтың өмірі  мен еңбек жолдарына үңілетін болсақ, кәсіби біліктілігін, адами болмысын, парасат-пайымын, ойлау машығын ұлтжандылық ұстанымынан бөле-жара қарау әсте мүмкін емес. Ғылымның қия жолында іргелі ізденістерімен көзге түсіп, құнды ғылыми еңбектер жазып келе жатқан ол жайлы әңгімені нақ осы тұрғыдан өрбітуіміздің өзіндік сыры бар. Бабаларымыз «ананың сүтімен келмеген, тананың сүтімен енбейді» деп текке айтпаса керек. 

Іргелі ізденіс іздері

Қазақтың біртуар тұлғалары Ақан сері, Үкілі Ыбырайдың ізі қалған, әндері шырқалғанда ас­панда ұшып жүрген аққу-қаз жерге қонатын өңірде дүниеге келген Ә.Ысқақ ата-ананың, ұстаз­дарының тәлім-тәрбиесін жас­тайынан бойына сіңіріп, ойына тоқып өсті. Оқуға деген ал­ғырлығымен, зейінділігімен бө­лектеніп, қазақ мектебін алтын медальмен бітіргеннен кейін бірден жастардың арман қаласы Алматыға жол тартты. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын­да оқып жүргенде студенттер арасында қазақ тілінің жалынды наси­хатшысына айналды. Оның «әпенділік» бұл қылығына күле қарағандар да болды. Кез келген мерекелік шара оның қатысуынсыз өтпейтін. Сценарийге дейін өзі жазып, ұлттық нақышта ұйым­дастырылуына дейін қадағалап отыратын. 

1980 жылы Мәди Бапиұлының жүз жылдығы консерватория залында атап өтілгенде әндерін айтатын, өлеңдерін нақышына келтіріп оқитын жігіттерді жи­нас­­тырып әкелген. Сол-ақ екен, зал іші өзгеше кейіпке еніп, нұрланып сала берген. Жи­нал­ғандар әйгілі композитор, жауы­рыны жерге тимеген балуан, жү­рек жұтқан батыр жайлы кітап жаз­ған Әшімбек Бектасов ақсақалдың ес­те­лігін қыбыр етпестен тыңдаған. Кейін төменгі курстағылар Әйіпті сыртынан «кішкентай Мәди» атап кеткен. Орысы ормандай аймақтан білімге сусап келген оған қазақ тілінің қол­дану аясының тарылып бара жат­­қаны кеудесіне өксік, жанарына мұң болып жабысатын. Теріскейдегі теперіш аз болғандай, бас шаһардың өзінде қазақтың ұл-қыздарының орысша сөйлеуі намысына тиетін, зығырданын қайнататын. 

Мұхтар Әуезов мұра­жайында өте­тін халық университеті сабақтарынан қалмайтын. Бір барғанында Жолан Дәстеновке «Қазақ­­­­тар орысша сөй­леген­ді неге сән көреді, білімпаздық са­найды? Жағдай осылай жалғаса берсе, ана тіліміз жойылып кетеді ғой» деген тұрғыда жазбаша сұрақ жолдаған. Композитор ағасының «Бұл сауалды қойған баланы елі­міздің ертеңін ойлайтын азамат деп­ білемін. Халқымыздың рухани бай­лығы шексіз. Оны дамытатын сендер сықылды жігерлі жастар бар кезде Абай мен Мұхтардың тілі еш­қашан жойылмақ емес» деген жауабы көңілін орнына түсірген. 
Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына жұмысқа орналаса сала бастауыш «Қазақ тілі ұйымын құруға белсене ат­салысып, жетекшілік етті. «Алмалыбақтағы той» деген атау­мен Наурыз мерекесін ұйым­дас­тыр­ды. Көп ұзамай «Алтын дән» бала­бақшасы мен қазақ мектебі бой көтерді. Ә.Ысқақтың ұсынысымен білім үйіне әл-Фараби бабамыздың есі­мі бе­ріл­ді. Тәуелсіздік алғаннан бер­гі кезеңде де ана тілімізді жаңғырту бағытында жасалып жатқан қарымды қадам­дарға өз үлесін қосып келеді. Ол тілмен, ғылыми терминологиямен тек тіл білгірлері айналысуы тиіс деген ұстанымын еш өзгерткен емес. Ойы олақ, тілі шолақ аудармалардың жиі ұшырасу себебін «жолбике» маман­дардың көбейіп кетуімен түсін­діреді. Биология пәнін тіршілік тану, анатомияны тән тану, зоологияны жануар тану, ботаниканы өсімдік тану деген атаулармен келіспейді. 

«Өсімдіктерді шағылыс­тырудың» орнына «тозаңдан­дыру» сұранып тұрған жоқ па деген жанайқайы, басқа да тілге қатысты шетін мәселелер «Оқу­лықтар талғамға сай ма?», «Ғы­лыми тіл негізі сөздікте жа­тыр», «Қа­­зақ­қа биология да қажет» деген мақа­­лаларында кеңінен қамтылып, республи­калық «Зерде» журналында жарияланды. Түпкі ойы тіл тәжірибе алаңы емес, байланыс құралы екені бірінші кезекте ескерілуі керек дегенге саяды. Сөз арасында білікті ға­лымның «Еgemen Qazaqstan» га­зетінің тұрақты оқырманы, сүбелі тақырыптарға қалам тартып тұратын қоғамдық тілшісі екенін де айта кеткен жөн.

Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институтына аға лаборант болып ор­наласқан оның зейнетінен бейнеті көп ғылым соқпағын түпкілікті таң­да­уына осында жұмыс істеген, атақ-даң­қы Одаққа танымал ғалымдар, әсіресе өсімдік генетикасы және селек­ция­сы саласының белді мамандары Н.Удольс­кая мен Р.Оразалиевтің зор ық­па­лы болды. Надежда Львовна ке­зін­де академик Н.Вавиловтың наза­рына іліккен, жаздық бидайдың тама­ша сұрыптарын шығарған, өзіндік ғы­лы­ми мектебі қалып­тасқан үлкен ғалым-тұғын. 

Қос ғұлама да Әйіптің тұла бо­йынан ғалымға тән мақсаткерлік, ең­бекқорлық, кішіпейілділік қасиет­терді жаз­бай тани білді. Осы кісілердің қолдауымен 1983 жылы Н.Вавилов атындағы жалпы генетика институтында аспирантурада оқыды. Институттың директоры, ВАСХНИЛ мен Украина Ғылым академиясының академигі А.А.Созинов оны шәкірті ретінде аттай қалап алды. Сол кезде әлі зерттелмеген тың тақырып саналатын өсім­дік биотехнологиясын зерттеу­мен түбегейлі шұғылдануға кеңес бер­ді. Алғаш рет in vitro жағдайында арпа­ның тетраплоиды, яғни хромосомалары екі еселенген түрлерін ашып, Бүкіл­одақтық көрмеге қатысып, қола ме­дальмен марапатталды. 1989 жылы кандидаттық диссертация қорғап, биотехнология саласында алғашқылардың қатарында ғылыми дәрежені иеленді. 1999 жылы докторлық диссертация­ны да сәтті қорғады. Көп жылғы зерт­теу жұмыстарының жемісі ре­тін­де биотехнологиялық жол­мен­ Қа­зақстанда алғаш шыға­рылған ар­па­ның «Бастама» және «Ақжол» сұ­рып­тарын атауға болады. Соңғысы аудан­­дастырылып, өндіріске кеңінен енгізілген. 

Уақыт өте келе Ауыл ша­­руа­шы­лығы академия­сын­да шетелдермен байланыс­ жө­ніндегі ғылыми хатшы қыз­ме­ті ұсынылды. Кейін Қа­зақ мемлекеттік аграрлық универ­ситетінің ректоры К.Сағадиевтің ша­қы­­руымен осында ауысып, өсі­мдік биотехноло­гия­сы кафедрасын құрды. Шетелдермен байланыс жө­ніндегі проректор лауазымына көтерілді. Сол­түстік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетіне ғылыми жұмыс­тар және шетелдермен байланыстар жөніндегі проректоры болып жіберілді. Мұнда астықты аймақ үшін кадрлар дайындау мақ­сатымен ауыл шаруашылығы кафедрасын ұйымдастырды. Сосын Елба­сының бастамасымен құрылған Степногордегі тех­нопаркте ғылым және білім жөніндегі вице-президент, Ұлттық биотехнология орта­лығының бас директоры қызметтерін атқарды. Қайда жүрсе де абыройлы еңбек етті. Азамат атына еш кір келтірмеді. Адал­дығынан айнымады.

Бұл отбасын ғалымдар әулеті десе де жарасады. Жары Ажар – биология ғылымдарының кандидаты. Көп жыл бойы биология және биотехнология институтында жемісті еңбек етті. Тұңғыштары Гүлнұр − М.Айтхожин атындағы моле­кулярлық биология және биохимия институтының белді қыз­меткері. Докторантурада оқиды. Үлкен ұлдары Бауыржан – банкте инженер-бағдарламашы. Шаңырақтың кенжесі Нияз – қытай тілінің маманы. Екеуі төрт немере сүйіп отырған бақытты ата, әже.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan» 

Солтүстік Қазақстан облысы