Қазақстан • 21 Ақпан, 2019

АҚШ-тың әуе компаниялары Қазақстанға биыл ұша алады

517 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Америка Құрама Штаттарының әуе компаниялары ағымдағы жылдан бастап Қазақстанға ұшуларды орындай алады. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

АҚШ-тың әуе компаниялары Қазақстанға биыл ұша алады

«Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында АҚШ-қа ұшуларды жүзеге асыру үшін құқықтық база бекітілді. Бүгінгі күні Қазақстан мен Жапония арасында құқықтық база бар және ол елдер арасында аптасына 14 рейс жиілігімен рейстерді ашуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылы Жапония мен АҚШ-қа мұндай рейстерді ашу үшін отандық компанияларға мемлекеттік қолдау көсету мәселелерін талқылайтын боламыз», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.

Осы орайда, алқа мәжіліске төрағалық етіп отырған ҚР Үкімет басшысының бірінші орынбасары Асқар Мамин бастапқы кезеңде бұл рейстердің шығынға бататындығын айтып, оларды субсидиялау мәселесін шешу қажеттігін ескертті.  

«Қазір рейстерді субсидиялау үшін құжаттар топтамасын жасап жатырмыз. Жапониямен келісімге қол қойылған және екінші жартыжылдықта бұл елге тікелей рейс ашамыз. Ұшуларды Эйр Астана орындайды. Ал АҚШ-қа қатысты айтар болсам, Азаматтық авиация комитетіміз бен Эйр Астана қауіпсміздік критерийлеріне сәйкес Американың авиациялық билігінің аудитінен өтуі қажет. Бұл шамамен 2 жыл уақытта алады. Бірінші кезеңде шетелідк компания тартылуы мүмкін. Осылайша, америкалық әуе компаниялары осы жылдан бастап Қазақстанға ұшуларды орындауға мүмкіндігі бар. Ал біз АҚШ-қа 2021 жылы ұша аламыз»,- деді осы ретте Р.Скляр.

Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген Эйр Астана әуе компаняисының президенті Питер Фостер бұл процесті жеделдетуге де мүмкіндік бар екендігін айтты.

«Әсіресе, АҚШ ішкі қауіпсіздік департаментінің мақұлдауын алу ұзақ процесс. Келіссөздер қазірдің өзінде басталды. Бұл мәселеде министрлікпен тығыз жұмыс жасап жатырмыз. Нью-Йорк рейстерін аралық пунктер арқылы жүзеге асыру нұсқасы қарастырылып жатыр. Бұл да коммерциялық тасымалдаудаулар туралы қосымша келісімге қол қоюды талап етеді. Дегенмен, барлығы жоспарға сай болса, онда келесі жылдан бастап ұшуларды бастауды көздеп отырмыз», - деді П.Фостер.