Аймақтар • 21 Ақпан, 2019

Қызылордалық жастар екі жүзге жуық адамды тегін тамақтандырды

397 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылордалық жастар қыстың қытымыр аязында қоғамдық орындар мен базарларда өзін-өзі жұмыспен қамтыған екі жүзге жуық адамды тегін тамақтандырды деп хабарлайды «Egemen.Kz» тілшісі.

Қызылордалық жастар екі жүзге жуық адамды тегін тамақтандырды

Сауапты істі ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігіне қарасты "Жастар ісі" секторы мен қалалық «Сұлтан» мешітінің өкілдері ұйымдастырған. Жастардың бұл бастамаларын облыстық «Жастар ресурстық орталығы» мен қала кәсіпкерлері де қолдады.

«ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі "Ақмешіт-Сырдария" мешітінің бас имамы Болатбек қажы Әбуов бастаған жастар бүгін игі іс жасады. Бұл шара өткен жылы да мешіт қызметкерлері ұйымдастырған. Биыл сол шара жалғасын тапты. Бірақ бұл жолы көмек алушылардың қатары көбейді. Аталған қайырымдылық шарасының мақсаты халықтың жүрегіне жылулық сыйлау. Жастарды жақсылық жасауға баулу», -дейді "Жастар ісі" секторының үйлестірушісі Серік Әбіл.

Қала жастары бүгінде біреулер көп айтатындай хайп үшін жасаған жоқ. Аз да болса қамкөңіл жандарға септігі тигендеріне қуанулы. Қазақ ежелден мейірбан, қонақжай халық. Бүгінгі жастар ата-баба дәстүріне лайықтығын осылай дәлелдеп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы