Білім • 21 Ақпан, 2019

СДУ мемлекеттік сектормен стратегиялық серіктестікті нығайтуда

1072 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім беру мен гуманитарлық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында Мейірбек Мажитовтың басшылығымен  СДУ делегациясы Алматы облысы әкімдігіне қызметтік іссапармен барып қайтты. Алматы облысы әкімдігінің Open Jetisy жобалық кеңсесінде делегация өкілдері ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша Департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаевпен, Алматы облысы әкімінің әлеуметтік істер бойынша орынбасары Ақан Әбдуалиевпен, сонымен қатар облыстық Білім басқармасы басшысымен, жергілікті  Қаржы және бюджетті жоспарлау ведомствосының жетекшісімен кездесті. Тараптар білім беру саласының өзекті мәселелерін ортаға салып және аталмыш саланы дамыту бойынша ортақ серіктестік орнату сұрақтарын кеңінен талқылады. 

СДУ мемлекеттік сектормен стратегиялық серіктестікті нығайтуда

СДУ президенті Мейірбек Мажитов кездесу қатысушыларына университетті трансформациялау аясындағы жүргізіліп отырған  жоспарлы жұмыс туралы баяндап және оның негізгі бағыты – мемлекеттік, корпоративтік және үкіметтік емес ұйымдармен қызметтік қарым-қатынасты нығайтуды жолға қоюдың зор маңыздылығын атап өтті.  Сонымен қатар білім ордасының  басшысы мемлекеттік қызмет өкілдерімен өткізіліп отырған ортақ ашық алаңның тиімділігін жоғары бағалап, университетте берілетін  қызмет түрлеріне тоқталды. Атап айтқанда, іс-шара қатысушыларына СДУ базасындағы жаздық балалар лагері, үздіксіз білім беру орталығының қызмет түрлері, мектеп оқытушыларына арналған біліктілікті арттыру бағдарламалары және нарықтың талабына сай жоғары сапалы мамандар даярлау туралы жан-жақты мәлімет берілді. 

Кездесу аясында Алматы облысы әкімі атынан әлеуметтік осал топтарға университеттің  педагогигалық және инженерлік мамандықтары бойынша арнайы білім беру гранттарын бөлу, оқу орнының базасында «Саналы ұрпақ» жазғы балалар лагерін ашу, орта мектеп ұстаздарына арналған оқу-жаттығу семинарлары мен шеберлік сағаттар топтамасын жүргізу,  сонымен қатар мектеп түлектерін ҰБТ-ға әзірлеу бойынша келісімге қол жеткізілді.

Өз кезегінде Алматы облысы әкімдігінің өкілдері мен жергілікті ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылығы аталмыш мақсаттарды жүзеге асыру бойынша Сулейман Демирел университетіне үстіміздегі жылдың наурыз айында келуді жоспарлап отыр.

 Еске сала кетсек, бірер уақыт бұрын СДУ базасында «Саналы ұрпақ» жобалы кеңсесінің тұсауы кесіліп, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облыстық департментімен екі жақты  жоспарлы жұмыстар басталып кетті.