Өнер • 21 Ақпан, 2019

«Dombyra» телеарнасы ашылады

664 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде алғаш рет «Dombyra» теалеарнасы іске қосылады. Домбыра – қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. ЮНЕСКО-нің шешімімен домбыра мен күй адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енді. Ұлттық музыка өнеріндегі бас аспапты қастерлеп, мәдениеттегі орнын айшықтай түсу үшін өз алдына жеке дәріптеу мақсаты туралы Қазақстан Баспасөз клубында өткен баспасөз мәжілісінде дәстүрлі өнердің жанашырлары жария етті.

«Dombyra» телеарнасы ашылады

Баспасөз мәжілісіне Zhuldyz TV Media құрылтайшысы Смайл Жаңылбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Секен Тұрысбеков, Рамазан Стамғазиев, Айгүл Үлкенбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мұқасан Шахзадаев және «Dombyra» телеарнасының директоры Қанат Ержігітов қатысты.

Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау және қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында Елбасының шешімімен шілде айының 1-жексенбісі «Ұлттық домбыра күні» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай, «Dombyra» телеарнасының директоры Қанат Ержігітов «Dombyra» телеарнасы – қазақ халқының  рухани жан серігіне айналған музыкалық төл аспаптарын, дәстүрлі әндері мен ұлттық күйлерін халыққа барынша насихаттайтын жаңа форматтағы телеарна болуын көздейтінін жеткізді. «Эфирде бағдарламалар қазақ тілінде жүргізіледі. Басты мақсаты:  домбыра, қобыз, жетіген, шертер, сыбызғы, сазсырнай және тағы басқа аспаптардың тарихи қалыптасуы мен негіздерін, заманауи бағыттарын, күйшілік өнері мен көрнекті өкілдерін кеңінен  насихаттау. Өскелең ұрпаққа жыр, терме, күй,  дәстүрлі әндер,  дәстүрлі музыкалық кештер мен ұлттық әуенімізді жаңартылған, сапалы форматта  тарату да осы мұрат аясына топтасқан. Танымдық  әрі тәлімгерлік тұрғыда арнайы бағдарлама арқылы ұлттық аспаптарды үйреніп меңгеру дәрістері тұрақты жүргізіліп тұратын болады» дейді жаңа телеарнаның жетекшісі Қанат Ержігітов.

Төл аспаптарымыздың қадір қасиетін сақтап, келер ұрпақтың рухани игілігіне айналдыруда жаңа телеарнаның маңызы зор болмақ.

«Dombyra» телеарнасы тек Қазақстандық өнімді ұсынып, дәстүрлі аспаптарымызды дұрысынан дәріптейтін Қазақстан тарихындағы тұңғыш телеарна. Оның эфирінде отандық эстраданың бұрынғы өкілдері мен қазіргі заман өкілдерінің үздік жұмыстары көрсетілетін болады. Телеарнаның миссиясы қарапайым: жастар арасында патриоттықты қалыптастыру және мәдениетті ілгерілету. «Dombyra» телеарнасы қазірдің өзінде Қазақстанның кабельдік желілері «IDТV», интернет желісінде YOUTUBE каналы, әлеуметтік желілер арқылы таратылуда.

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ