Қазақстан • 21 Ақпан, 2019

Обыр дертінің соңғы кезеңінен келетін қауіп сейілді

587 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2018 жылғы медицина саласындағы Нобель сыйлығы тегі жапониялық АҚШ азаматтары Джеймс Эллисон мен Тасуко Хондзеге берілді.

Обыр дертінің соңғы кезеңінен келетін қауіп сейілді

Қазір сарапшылар «олар ашқан жаңалықтың ерекшелігі неде?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр.  Нобель комитетінің баспасөз баянында «Тасуко Хондзе обыр дертінің соңғы кезеңінде иммундық жүйеде дертті қоздырып тұрған жасушаларды жойып жіберетін терапияны ойлап тапты» деп жазылған.  «Обыр ісігін соңғы кезеңінде де емдеуге мүмкіндік туды» дейді америкалық ғалымдар. Олар микроРНК процесі көмегімен обыр ісігі клеткаларын трансформациялаудың тәсілін тапқан.

«Ғалымдар оны микроРНК жасауға қатысатын биологиялық микропроцессормен адгезивті ақуыздардың өзара іс-қимылын бақылаған кезде тапты» деп жазды IBTimes. Олар сол кезде рак клеткаларында микроРНК деңгейін қалпына келтіргеннен кейін өсу процесі тоқтағанын байқаған. 

Эллисон мен Хондзенің иммунологиядағы жаңалықтары бұрын үмітті үздіріп келген рактің түрлерін иммуно-терапиямен емдеуге мүмкіндік береді.  Әлем бұл жүйені қолдануға, үміті үзілген науқастардың өмірін ұзартуға асығып отыр.

Ғалымдар осыған дейін дертті иммундық жүйе бойынша анықтаудың мүмкін еместігін айтып келген. Зерттеушілер обыр ісігін ненің ағзаға жайып жіберетінін таппай тығырыққа тірелген-ді.  

«Көзге көрінбейтін, тығылып жүретін «бөтен агентті» зерттей бастағанда оны жеке-дара жеңуге болмайтынын білдік. Оған қарсы күреске армия керек. Себебі ол адам ағзасында өзін бюрократ ретінде ұстап, сау жасушаларға қауіп төндіре бастайды. Осы тұста бізді таңқалдырған ерекше құбылысты байқадық. «Бөтен агентпен» күресте зақымданып қалған иммунитеттің жасушаларының белсенді болатынын дәлелдедік. «Бөтен агентті» бұғаттап тастағанмен, дертті қоздыруының себебін анықтай алмадық» дейді Джеймс Эллисон.

Джеймс Эллисон журналистерге берген сұхбатында  сау жасуша мықты болса, жанкешті агенттен келетін қауіп жоқ екенін айтыпты.  Сау жасушаның аларынан берері көп: 80%-ы тәнге қызмет көрсетіп, өзіне тек 20%-ын қалдырады. «Онда неге обыр жасушасы пайда болады? Оның сау жасушалармен шекарасы қай жерде бөлінеді?» деген сұрақ әзірге жұмбақ. 

Джеймс Эллисон ntv.ru тілшісіне биылғы 18 желтоқсан күні берген  сұхбатында химия терапия кезінде радиация обырлы ісіктің ошағына ғана емес, сау ағзаларға да ауыр соққы жасайтынын айтқан.  «Бөтен агентпен» күресте жаралы болып қалған жасушалардың ағзада бір блокқа бірігетінін анықтадық. Енді солардың көмегімен Т-лимфоцитінің беткі қабатындағы PD-1 жасушасының қатерлі үстіңгі қабатын бұғаттап, тұншықтырып тастаймыз» дейді Джеймс Эллисон.

2016 жылы сәуірде Ванкувердегі Британ Колумбиясы университетінің профессоры Уилфред Джеффристің (Wilfred Jeffries) зерттеуі осы сала мамандарының назарын аударды.

Ол  «жендет» деп ат қойған жасушаның иммундық жүйеде жасырынып жүретінін, IL-33 ақуызы (белок) азайып кеткен кезде күшейетінін аңғарған. Бірақ жараланған жасушалардың көмегімен жендетті құлыптап тастайтын тәсілді таба алмапты.

«Иммундық жүйе обыр ісігі күш алып, метастаза басталған кезде дертті қоздырып тұрған жасушаны көре алмай қалады», – деп ойын түйіндепті.

Ғалымның жаңалығы «IL-33 жасушасын күшейту иммундық жүйе рак клеткаларын барлық кезде танып, тойтарыс беруіне мүмкіндік береді екен» деген тұжырыммен шектеліп қалған.

«Обыр дертінің соңғы кезеңінен келетін қауіп сейілді. Жасанды интеллектердің дәуірі туды», – дейді Джеймс Эллисон.

Бұл жаңалық ғылым үшін революциямен бірдей болды:

АҚШ және Жапония клиникалары химия терапиясынан бас тартып, иммунды терапияға көшті.

Қазір рак ісігін қоздырушы жасушаларды емдеу  әдісі 2019 жылдан бастап қолданыла бастайды деп күтіліп отыр. 

Гүлбаршын САБАЕВА,

«Егемен Қазақстан»

Алматы