Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Ғылымды қаржыландырудың қайтарымы көп

1142 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың 5 институттық ре­форманы енгізу бойынша қабылдаған «100 нақ­ты қадам» Ұлт жоспарының 64-қадамында ғылы­ми грант­тар мен бағ­дар­ла­малар құ­рылымдары ин­дустриялық-инновациялық даму мем­лекеттік бағдар­ламасының қажет­тілігіне орай қайта бағыт­талатыны айтылған болатын.

Ғылымды қаржыландырудың қайтарымы көп

«Ғылым қоры» – бастамалар баспалдағы

Бұл ретте Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Ғылым қоры» акционерлік қоғамы ғылым мен өндірісті жақындастыру, ғылыми жетістіктерді коммерцияландыру бойынша жүйелі жұмыс атқарып отыр деуге болады. Айталық, акционерлік қоғам 2016 жылдан бастап ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру мақсатында бойынша жобаларды гранттық қаржыландыру 3 конкурс өт­кі­зіп, оның нәтижелері бойынша 153 жоба іске асырылды. Тіп­ті, жобалардың 23-і қазіргі таң­да өндіріс кезеңіне шығып, өнім мен қызметтерді са­тудан түс­кен табыс 852 млн тең­гені құра­ды. Жалпы, ғылымды қар­жы­ландыру экономиканы да­мы­ту­дағы бірден-бір қажет тетік.

«Ғылым қоры» АҚ бас­қар­ма төрағасы Әнуарбек Сұл­тан­­ғазиннің айтуынша, бү­гінде отандық ғалымдар 253 жа­ңа өнім шығаратын үлкен әлеу­етке ие. Бұл еліміздегі бизнес-алаң­дардың отандық ғылыми зерт­ханаларға бет бұра баста­ға­нын көрсетеді. «Үш жылдық қол­даудан кейін толық қуатын қа­лыптастырған жобалар екі кон­курс бойынша 253 жаңа өнім түрін шығаратын болады», дей­ді Ә.Сұлтанғазин. Басқарма төр­ағасының айтуынша, аталған жо­балардың негізінде 951 жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар, өнімдердің коммерциялық са­тылымынан 30 млрд теңге та­быс түседі деп күтілуде. Бұл рет­те іс­ке асырылған жобаларға бө­лі­не­тін қаражаттың 40,3 пайызын биз­нес өкілдері аударғанын айта кет­кен жөн.

Бүгінге дейін еліміздегі ға­лым­дардың жобасы 850 млн теңге табыс тапқан. Бұл ретте грант беру шарттары толығымен заң­ды негізде іске асырылатынын айта кеткен жөн. «Ғылым қо­ры» акционерлік қоғамының жо­ба­лық дирекция басшысы Құр­манғазы Омаровтың айтуынша, грант беру тәртібі айтарлықтай қарапайым. «Басты талап – жоба жетекшісі міндетті түрде Қа­зақстан азаматы болуы керек. Сол секілді жоба Қазақстан аума­ғында жүзеге асырылуы тиіс. Гранттың көлемі 300 миллион теңгеден аспайды. Сондай-ақ ғылыми жобаны ұсынатын топ­тың жеті адамнан аспауы қада­ғаланады. Әлбетте, жоба үш жылға дейін іске асуы тиіс», дейді Құрманғазы Құралұлы. 

Жалпы, еліміздегі «Ғылыми және ғылыми-техникалық қыз­мет нәтижелерін ком­мерция­ландыру туралы» заңды іске асы­ру нәтижелері бүгінде жақ­сы көрсет­кіш­терге ие. Бұл бағыт­та «Ғылым қоры» ғы­лыми-техни­калық қызмет нәтиже­лерін ком­мер­­цияландыруды гранттық қар­жы­­ландыру бойынша жобаларды іске асыратын ғалымдар мен кә­сіпкерлердің арасында алтын көпір болып отыр.

Сенат депутаты Асқар Бей­сен­баев атап өткендей, «Ғылым қоры­ның» жұмысы бүгінде өз же­місін бере бастады. «Мемлекет тара­пынан бөлініп жатқан қара­жат­­ты аталған қор игі істерге ба­ғыт­­тап отыр. Қор өткізген бір­неше байқау нәтижесінде 100-ден аса жоба қолдау тапты. Қазір оның басым бөлігі қолданысқа еніп, ел игілігіне қызмет етуде. Ел­басы тапсырмасына сәйкес, қор­ды құрудағы мақсат та осы бола­тын. Елімізде бастамашыл зерт­теулерге көңіл бөлініп, тәжі­ри­белік-құрастырмалық жұ­мыс­тар дами бастады. Ең бастысы, ғылы­ми жа­ңалықтар ел экономикасына үлес қоса түсті», дейді А.Бейсенбаев.

Сенат депутаты сонымен қатар отандық ғалымдардың қы­мыз­­дан, сүттен адам ағзасына пай­да­лы өнімдер шығарып жатқа­нын айтады. «Бұл – ғылым мен мем­­ле­кеттің, сондай-ақ биз­нес­­тің қарым-қатынасын біл­ді­реді. Мемлекет тарапынан қар­жы бөлі­неді, ғылым тара­пы­­нан жаңа ой ұсы­нылады, одан бөлек биз­нес өкіл­дері атал­ған жүйелі жұмыс­тарға өз қара­жат­тарын құя­ды», дейді депутат А.Бей­сенбаев.

Ғылым қорының тағы бір ерек­шелігі, жобаға қаржылай қол­дау­дан бөлек, нарықта өз орнын табуына да аталған қор көмек­теседі. «Әрбір жобаның өзін­дік күнтізбелік жоспары мен сметасы бар. Күнтізбелік жос­пар бойынша, 2018 жылдың 31 жел­тоқ­санына дейін 6 жобаны аяқтауы­мыз керек болатын. Біз бұл жобаларды толық аяқтадық. Күнтізбелік жоспар бо­йынша осы жылы 31 жобаны бас­таймыз», дейді Ә.Сұлтанғазин.

Жобалардың жолын ашатын тармақ көп

Ғылым қорының жұмыстары­мен танысқан уақытта өз жемісін берген нақты жобаларға көз жет­кізуге болады. Мәселен, Көкшетау ми­­нералды суы өз өнімдерін нарық­қа шығара отырып, 441 миллион тең­­ге коммерциялық кіріс тапты. Сон­­дай-ақ игілікті жобалардың қа­та­­рында «Қазтехникос» өнімі бар. Отан­­дық ғалымдар жарықдиодты шам­­дар үшін арнайы қуат көзін ойлап тапты. Бұл өнім жарықдиодты шам­­дардың қызмет ету мерзімін екі есе­­ге арт­тырады. Яғни, осы өнім а­р­­­қы­­лы шамға артық жүктеме түс­­пей, қыз­­мет көрсету мерзімі ұза­­ра­­ды. Бұл жоба қазірдің өзінде елі­міз­­дің 11 өңірінде іске асырылып жатыр.

«Біз алдымызға екі стратегияны белгі­леп алдық. Оның бірінші­сі, ғылы­ми жо­ба­ларын коммер­цияландыру бағы­тын­да ғалым­­дар­ды кешенді түрде қол­дау болса, екін­шісі – ғалымдарға биз­нес­пен серік­тестік орнатуда қолдау көр­сету. Алдағы уақытта әлбетте, біз бұл стра­тегияларды конкурс­тар арқылы іске асы­рамыз. Нарық­та гранттарымыз, кон­курс­тары­мыз қызығушылыққа ие бо­лып отыр», дейді Ә.Сұлтанғазин. Оның айтуын­­ша, «Ғылым қоры» әр­дайым биз­нес өкіл­деріне «егер өнім­дері­ңіз на­рық­та бәсекеге қабілетті әрі сапа­лы бол­сын де­сеңіздер, біз­дің ғалым­дар сіз­дерге кө­мек­тесе алады» деп бағыт сіл­тейді. Бү­гін­де Астана мен Алматы қала­ла­ры көш­­бас­шы ретінде басқа өңір­­лер­ге үлгі болуда. Сонымен бірге, Түр­кіс­­тан, Қарағанды облыс­тарын­да ғылыми жо­­ба­лар көбі­рек жүзеге асатынын айта кету керек. Аталған мәселеде Пар­ламент Сена­тының Экономикалық сая­сат, инновациялық даму және кәсіп­кер­­лік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті­нің депутат­тары, «Ғылым қоры» АҚ өкіл­дері, сон­дай-ақ ғылыми тех­ни­ка­лық қызмет нәти­же­ле­рін ком­мер­цияландыруды грант­тық қар­­жы­ландыру бойын­ша жоба­лар­ды іске асы­ра­тын ғалымдар мен кәсіпкерлер үл­кен қы­зы­ғу­шы­лықпен жұмыс істеп жатыр. 

Ауқымды жобаларға қа­тыс­ты сена­тор Бірғаным Әй­тімова ғылыми және ғылыми-тех­н­и­калық қызметтің нәти­же­лерін ком­мерциялау саласындағы заң­на­­­ма­лық базаны одан әрі жетіл­діру қа­жет­­тігі туралы айтады. «Ғылы­ми зерт­­теу­лерді коммерциялан­ды­ру және жас ғалымдар­дың жоба­ла­рына белсенді қолдау көрсету бойын­ша одан әрі жұмыс істеу қа­жет. Бүгін­де бизнес-ғылым де­ген мемлекеттің өз өнім­дерін экс­­­порт­тауға мүмкіндік бере­тін жақсы платформа құрылды», дей­ді ол.

Атқарылып жатқан ілкімді істерге ғалымдардың өздері де риза екен­діктерін айта кету керек. Микро­биология және вирусо­логия ғылыми-өндірістік орталы­ғы­­ның бас директоры, академик Аманкелді Саданов отан­дық өнім­дердің на­рыққа шығуы­на аталған қордың септігі тиіп отырғандығын қуа­на жеткізеді. «Ғылым қоры ең ал­ды­мен біз­ді қосымша қаржымен демеп, зертханаларымыздың құрал-жаб­дығын жасақтауға көмек берді. Ке­йінгі екі жылға бөлінген 300 млн теңге 31 жыл бойы зертханада түрлі тәжірибеден өткен өнімімізді ел игілігіне жеткізуге сеп болды. Бұдан әрі де «Ғылым қоры» АҚ кө­­­­ме­­гі­мен ғылыми немесе ғы­лы­­­­ми-тех­никалық зерттеулердің нәти­­­же­­лерін коммерцияландыру, өн­­­ді­ріске енгізу және сатуды же­тіл­­­д­іре берген жөн. «Ғылым қоры» ар­­­­қы­­лы коммерцияландыруға бері­­ле­­тін жобалардың ерекшелігі – биз­нес-серік­тестің жобаны қосым­ша қар­­жы­л­андыруы деуге болады. Бұл жоба нәтижесін пайдаланатын бизнес өкілдерінің қызы­ғу­­шы­­лығын арттырады, кейбір қа­жет­­­сіз жобаларды қаржы­лан­ды­ру­­дан сақ­тайды. Сонымен қатар ғы­лым­ды нақты өндіріспен ұштас­ты­ру­ға мүм­­кіндік береді. Бұл жерде та­ғы бір ескере кететін жайт, жо­ба­­да­ғы талаптар орындалмаған жағ­­дайда, бөлінетін қаражаттың 20%-дан 30%-ға дейінгі мөлшерін мем­ле­кетке кері қайтаруы керек. Бұл ұйым басшыларының және жо­ба­ның ғылыми жетекшілерінің өті­нім­дерді беру, жүргізген зерт­теу­л­ері­­нің нәтижелерін экономиканың тиіс­ті секторына енгізу кезінде де жауап­кершілігін арттырады», дейді академик А.Саданов.

Мирас АСАН,

«Egemen Qazaqstan»