Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Халықаралық іздеуде 2525 адам жүр

374 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен палатаның жалпы отырысында күн тәртібіне бес мәселе шығарылды. Олардың үшеуі Қазақстан мен Иордан Хашимит Корольдігі арасындағы өзара құқықтық көмек, адамдарды ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді ратификациялауға қатысты болды.

Халықаралық іздеуде 2525 адам жүр

Шетелде сотталғандар аз емес

Еліміздің 2525 азаматына халық­аралық және мемлекетаралық іздеу жария­ланған. Қылмысқа күдікті немесе сот­талған бұл азаматтарды ұстау мен елге қайтару тек халықаралық келісім­дер­дің негізінде жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар қазіргідей барыс-келістер көбейген уақытта шетелге шығатын азаматтарымыздың және біздің елге келетін шетелдіктердің құқықтары мен бостандықтарын қорғау да маңызды міндеттердің бірі.

Сенаттың жалпы отырысында Қазақстан мен Иордания арасындағы бірқатар құқықтық құжаттарды ратификациялайтын заң жобаларын қарау барысында сенатор Владимир Волков Ұлттық экономика министрлігінің 2018 жылғы 1 қазандағы деректеріне сүйене отырып жеткізген мәліметтерге қа­ра­ғанда, елімізге 195 елден 6,8 млн ше­тел­дік азамат келген. Демек, мұндай сапар­лар арасында істі болып, түр­лі құқық бұзушылықтар мен қылмыс жа­сай­­тын­дардың болуы жоққа шығарыл­майды. 

В.Волковтың айтуынша, ресми статистика бойынша қазіргі кезде Қазақ­станның 947 азаматы шетелде сотты болған. Ал біздің елде 1169 шетелдік азамат сотталған. Демек, елімізден сыртқа шығушылар да, елге келушілер де артқан сайын құқықтық тәуекелдер де еселене түседі. Ал жат жерде істі болған азаматтардың құқықтық көмекке мұқтаж болатындығы айтпаса да түсінікті. 

Осы орайда, еліміздің Иорданиямен арадағы өзара құқықтық көмек, адамдарды ұстап беру және сотталған адамдарды беру туралы келісімдерді рати­фикациялауға арналған заң жобалары бойынша Сенатта баяндама жа­саған Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин қос мемлекеттің қор­ғаныс өнеркәсібі, фармацевтика, ауыл шаруашылығы және энергети­ка салаларындағы байланысы жақсы жолға қойылғандығын атап өтті. Сондай-ақ 2006 жылдан бері сауда-экономикалық, ғылыми-техни­калық қарым-қатынастар бойынша Қа­зақстан-Иордания үкіметаралық комиссиясы жұмыс істейді. Ал 2007 жылы бірлескен іскерлік Кеңес құрылған. Былтыр елімізге Иорданиядан әртүрлі мақсаттармен 616 адам келген. 

Сенат ратификациялаған келісім­дерге 2017 жылы қараша айында Иордания Королінің елімізге сапары аясында қол қойылған. 

– Бұл келісімдерде құқық қорғау органдарының талаптары, шарттары және септесуден бас тартудың себептері нақтыланған, – деді А.Лукин. 

 Жалпы, бұл құжаттарда қылмысқа қарсы күрестің халықаралық талаптары толық сақталған. 

Даму жолындағы ынтымақтастық

Жалпы отырыста Мәжіліс ма­құл­даған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің ақ­параттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы да қаралды. 

Заң жобасы нормаларына сәйкес тараптар мемлекетаралық ынтымақ­тас­тық және ақпараттық қауіпсіздікті қамта­масыз ету саласындағы ведомство­аралық өзара іс-қимылды нығайту негізінде ҰҚШҰ-ға мүше мемле­кет­тердің ақпараттық қауіпсіздігі жүйесін одан әрі дамытуды қамтамасыз етеді, ынтымақтастықтың құқықтық негіздерін қалыптастыру және халықаралық құ­қық­тық базаны жетілдіру бойынша бірлесіп күш жұмсайды, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік қатерлеріне бірлесе ден қою­дың практикалық тетіктерін қалып­тас­тыруға жәрдемдеседі. 

Сенаторлар, сондай-ақ Мәжі­ліс ма­құлдаған «Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Үкіметі мен Беларусь Респуб­ли­касының Үкіметі арасындағы өнер­кәсіптің қорғаныс салалары ұйым­дарының өндірістік және ғылыми-тех­никалық кооперациясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын да қабылдады. 

Бұл құжат бойынша баяндама жа­саған Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Аманияз Ержанов: «Келісімнің негізгі мақсаты – екі елдің қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындарына мемлекеттік қол­дау көрсете отырып, өзара тиімді ынты­мақ­тастықты дамыту. Келісімді ратификациялау – экспорттау және импорттау операциялары кезінде туындайтын негізгі әкімшілік кедергілерді шешуге ықпал етеді. Бұл тұрғыда әкелінетін әскери өнімді лицензиялаудан босатады және оларды жеткізу мерзімдерін қысқартады», – деді.

Оның айтуынша, екі ел арасында ғылыми-техникалық ынтымақтастық аясында қару-жарақ пен әскери техниканың жаңа түрін жасауда бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізіледі, сондай-ақ қол­даныстағы техниканы жаңғырту шаралары ескерілген.

Сенаторлардың сауалдарына беріл­ген жауаптардан белгілі болғандай, еліміз мемлекеттік қорғаныс тапсырысы аясында Беларусьтен тікелей әскери техника сатып алып жатқан жоқ. Алайда броньды техниканы, авиациялық техниканы жөндеу шаралары ескерілген. Ал біздің тарапымыздан аталған мемлекетке зеңбірек пен оның құрамдас бөліктері жеткізілуде. 

Жалпы отырыс барысында дәстүрлі депутаттық сауалдарын жолдаған сенаторлар Нариман Төреғалиев еліміздегі театрлардың жас әртістеріне жан-жақты қолдау көрсету, Әлімжан Құртаев әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды ұйымдастыру мен өткізу, Ольга Перепечина кәсіп­керлік мақсатта қолданылатын нысан­дарға салық салу, Ерболат Мұқаев Батыс Қазақстан облысындағы автокөлік жолдарын жөндеу және Еділ Мамытбеков отандық цирк өнерін дамытуға байланысты мәселе көтерді. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»