Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Жолдау жүгін елмен бірге көтеріп жүр

289 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының 2019 жылға Қазақстан халқына арнаған Жолдауына тән басты сипат – оның тайға таңба басқандай нақтылығы. Мұнда қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін өңірде өткен жылы шұғыл жұмыс тобы құрылып, арнайы бағдарлама қабылданды. Бүгінгі күні «Нұр Отан» саяси партиясы атынан тізім бойынша сайланған мәслихат депутаттары осы істердің басы-қасында жүр. Айталық, жылдың басты құжатында халықтың әл-ауқатын көтеру, бұл үшін кез келген меншік түріне қарамастан белгілі бір кәсіпорында істейтін қызметкерлердің айлық жалақыларын өсіру басты басымдыққа ие болғаны белгілі.

Жолдау жүгін елмен бірге көтеріп жүр

Егер өңірде айлық орташа жалақы­лары 42 мың теңгеден кем қызмет­ші­лер­дің еңбекақыларын шұғыл көтеру жөнінде нақты іс-қимыл жос­пары жүзеге асқан болса, бұған «Нұр Отан» партиясынан сайланған мәс­ли­хат депутаттарының қосқан үлес­тері мол. Сондай-ақ аймақтағы бар­лық кәсіпорында еңбекақы мөл­шері 15-20 пайыз мөлшерінде өсті. Әлеуметтік мәні мен маңызы жоғары істің жүйелі жүргізілуі үшін тиісті партиялық бақылау механизмі енгізіліп, әріптестеріміз ортақ істің нәтижелі болуына атсалысты. Осындай түйінді бәсе­ке­лестікті дамыту мен тұрғын үй-ком­­муналдық шаруашылығы сала­сын­­да атқарылған қызметтерге қатыс­ты айтуға да болады. Осы орай­да жұмыс тобының құрамында болған нұротан­дық депутаттар өңірде коммуналдық қыз­мет тарифтерінің 5-10,5 пайыз мөл­шерінде төмендеуіне бастамашы бола білді. 

Мемлекет басшысы өз Жолдауында атап көрсеткендей, әріптестеріміз биз­нес­ті заңсыз қысымдар мен қыл­мыс­тық­ қудалау көріністерінен қорғау ісін­де де табандылық пен батыл бетбұ­рыс­тар жасап келеді. Мұны «Нұр Отан» партиясы атынан сайланған мәс­лихат депутаттары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ақтөбе облыстық филиа­лымен бір­лесе атқарып жүр. 

Ақтөбе аймағында жер асты қазба байлықтарын игеріп жатқан шетел­дік компаниялар жеткілікті. Респуб­лика Президенті Қазақстан халқына Жолдауында жер қойнауын пайдаланушылар қазақстандық үлестің көлемін көтеру мәселесін ұдайы назарын­да ұстауы керектігін тапсырғаны бел­гілі. Бұл көмірсутегі шикізаты мен өзге де кен орындарында отан­дық өндіріс­шілердің тауарларын пайда­лануға басымдық беру деген сөз.

Жасыратыны жоқ, бұған дейінгі пар­тиялық бақылаулар барысы бұл істің жай-күйі, яғни отандық тауар­ларға деген сұраныс оны пайдалану­шы­лар тарапынан ойдағыдай бола бер­мей­тінін көрсеткен еді. Рас, шетелдік компания өкілдерінің де айтар уәждері мен талаптары, ұсыныстары мен тілектері жоқ емес. Осындай кезде қазақстандық үлесті көтеру жөнінде шетелдіктермен бірге өткізілген жиындарда нұротандықтар білдірген орынды ой-пікірлерге зейін қоя білген жер қойнауын пайдаланушылар да бар. Соның нәтижесінде өңірде қазақстандық үлесті көтеру ісінде оң мысалдар көбірек орын ала бастады. 

Қазіргі кезде «Нұр Отан» партиясы мектеп асханаларының қызметін реформалау жөніндегі бағдарламаны іске асыруда. Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев өткен жылы облысқа келген сапарын­да «Мектептегі тамақтану комбинаты» деп аталған бағдарламаға оң баға беріп кеткен еді. Мұндағы мақсат – мектеп асханаларын бизнестік буындарға бере отырып, оқушыларды сапалы да нәрлі әрі құнарлы азық-түлік өнім­де­р­і­­мен қамту, оның қауіп­сіз­дігін қам­­­­т­а­масыз ету болып отыр. Бүгінде Ақтөбе аймағынан бастал­ған осындай оң тәжірибелер бүкіл рес­пуб­лика аума­ғы­на да сіңісті бола бас­таға­ны – бәріміз үшін мерей. Әлеуметтік сал­мағы жо­ғары бағдарламаның ата-анал­ар мен білім беру саласы өкіл­дері тарапынан қолдау табуы да – нұротан­дықтар бас­таған істің өміршеңдігін көрсетеді. 

Түйіп айтқанда, «Нұр Отан» өзі құрылған күннен бастап халықтың мұң-мұқтажы мен талап-тілектеріне ортақтасып келеді. Оның Ақтөбе аймағындағы кейбір мысалдары осындай. Ал Президент Жолдауында қойылған талаптар мен міндеттерді іске асыруға өз үлестерін қосу нұротан­дықтардың басты парызы, төл міндеті болып қала бермек.

Айнұр БАҚТЫҒАЛИЕВА,

Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты

АҚТӨБЕ