Спорт • 23 Ақпан, 2019

Дзюдошыларымыз үшін жарыс сәтсіз басталды

384 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Германияның Дюссельдорф қаласында өтіп жатқан «Grand Slam» турнирі Қазақстанның дзюдошылары үшін сәтсіз басталды. Жарыстың алғашқы күні татамиге шыққан бес жерлесіміздің барлығы да жеңіліп қалды. 

Дзюдошыларымыз үшін жарыс сәтсіз басталды

Қазақ жанкүйерлері әйелдер арасында белдескен жалғыз өкіліміз Отгонцэцэг Галбадрахқа айрықша үміт артқан еді. Өкінішке қарай, бұл жарыста оның жолы болмады. Олимпия ойындары мен әлем чемпионатында жүлде алған аса жеңіл салмақтағы Галбадрах германиялық Хелена Грауды жеңгенімен, келесі кезеңде қытайлық Янан Лиге есе жіберді.

60 кило салмақтағы Рүстам Ыбыраев тұсаукесер кездесуінде Ұлыбританияның өкілі Эшли Макензеден ұтылса, Мағжан Шамшадин екінші айналымға дейін жетті. Ол колумбиялық Сантяго Костаноны қапы қалдырғанымен, словениялық Давид Старкерге жол берді.  

66 кило салмақтағы Ғұмар Қырғызбаевқа германиялық Себастян Сейдл сан соқытырып кетсе, Есет Қуанов Петар Задро (Босния мен Герцеговина), Даниэль Гаргнин (Бразилия) және Ахмед Әбделрахманнан айласын асырғанымен, Оңтүстік Кореяның оғыланы Лимхван Кимге әлі жетпеді. Жұбаныш бәсекесінде қандасымыз моңғолиялық Басхуу Юндонперенлейден жеңіліп, жүлделі орындар үшін таласу құқығынан айырылды.

Дюссельдорфта өтіп жатқан жарыстың алдағы күндері біз Бекәділ Шәймерденов пен Нұрлан Оразалин (73 кило), Қажымұқан Өтеулиев (81 кило), Ерсұлатан Мұзаппаров пен Әзиз Қалқаманұлы (90 кило), Айбек Серікбаев пен Виктор Демьяненко (100 кило) және Ерасыл Қажыбаев пен Әділ Оразбаев (+100 кило) сынды балуандарымыздың өнерін тамашалаймыз.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»