Өнер • 26 Ақпан, 2019

Өнеріміз өрге басып, тіліміз түлеуде

401 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақ табиғатынан тәубешіл әрі тәуекелшіл халық. Жарат­қан­ның бергеніне шүкіршілік етіп, тойған қозыдай томпиып, тоқмейілсіп отыра беру мінезінде жоқ. Тумысынан жылқы мінезді халық алысқа шапқанды аңсайды, көсіле дүбірлеткенді көксейді. Тәуел­сіз­діктің арқасында қол жеткізіп отырған елдің бүгінгі толағай табыстарын көргенде маған осындай ой келеді.

Өнеріміз өрге басып, тіліміз түлеуде

Мәдениет және спорт министр­лі­гі­нің таяуда өткен алқа мәжілісінде осыған анық көзім жетті. Соңғы бір жылдың өзінде осыншама қыруар шаруаның атқарылған көңілім сүй­сін­ді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлы жыл қоры­­тындысына арнал­ған баяндамасын­да мәнді де мағы­налы ойларды, атқа­­рыл­ған нәтижелі істерді ортаға салды. Барды бар деп барша­мыз­дың алдымызда тігісін жатқызып жайып салды. 

«Жақсыны көрмек үшін», дейді қазақ. Ата-бабадан арқауын үз­бей, мұра боп келе жатқан асыл дү­ние­­лерімізді алмас қылыштай жарқы­ра­тып көрсетуге арналған «Түр­кі әлемінің генезисі», «Дала фоль­к­лоры мен музыкасының мың жылы», «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» жоба­ла­ры­­ның іске асырыла бастағаны кө­ңіл қуантты. Та­ри­хи-мәдени мұра­ла­ры­мыз­ды күл­лі дү­ниеге насихаттауда «National Geographic», «BBC World news», «Discovery», «Viasat History» және басқа әлем­дік жетекші арналармен бірлесе Қазақ­стан­ның киелі ны­сан­дары туралы өткен жылы «Күл­­тегін. Жаңа көзқарас», «Қожа Ахмет Ясауи және Айша бибі кесе­не­лері», «Көшпенділер жері» және басқа да толық метражды деректі фильмдер циклы жарық көріп, биыл «Ботай», «Тәңірлік күнтізбе», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия» атты сериялар және тағы басқалары шыға­ры­луда екен. Бұдан бөлек, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Жапо­ния­ның, Италияның, Францияның, Аус­трияның, Қытайдың жетекші мұра­­жай­ларындағы Алтын адамның әлем­дік шеруі нәтижесінде ғылыми-зерт­теу фильм­дері мен Алтын жауынгер туралы толық метражды анимациялық фильм­дер көрерменнің көзайымына айналған.

Бабадан қалған мұраны сақтап, әлдилеп, әлпештемесең ертеңгі ұрпақ­қа жетпей қалуы мүмкін. Министрлік соны қаперде ұстап «Бозоқ», «Ботай» және «Сарайшық» 3 республикалық қорық мұражайын ашып, алғаш рет «Ұлытау», «Отырар», «Таңбалы» қо­р­ық мұра­жайларында сапар орта­лық­та­рының құрылысы басталды. 

Елбасының қасиетті Түркістан қала­­сына облыс орталығы мәртебесін беруі бәрімізді ерекше сезімге бөледі. Соның нәтижесінде «Әзірет-Сұлтан» музей-қорығын ЮНЕСКО-ның біре­гей ескерткіші ретінде қалпына келтіру жоспары бекітілгенінен хабардар болдық. Енді бұл жобаның негізінде біздің киелі құтханамыз ежелгі рим­дік Помпей қаласының музейі, Ос­ман империясының «Топкапы» сара­йы, Иерусалим қаласы сияқты әлем ескерткіштерінің деңгейіне көтерілмек. Халқымызда «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген сөз бар. Кезінде хандар, сұлтандар мен билер елдің қамын, шаруаның жайын ойластыратын, халықтың тағдырын шешетін бұл қастерлі орын керемет қалашық болған. Сол Күлтөбе қала­шығы қайта жаңғыртылмақ. Онда Қожа Ахмет Ясауи дәуіріндегі ғима­рат­тар және Әбілмәмбет ханның қыс­та­ғын қалпы­на келтіру көзделген. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ХІ-ХІІ ғасырдағы Қыл­уетін, Шіллеханасын, ХV ғасырдағы орта­ға­сырлық шығыс моншасын, Рәбия Сұл­тан Бегім, Есім хан кесенелерін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Арыс­танбек Мұхамедиұлының айтуынша, 2023 жылға қарай Түркістанға келетін турис­тердің саны 5 млн-нан аса адамды құрай­тын болады, олардың келу уақыты да 3 сағаттан 4-5 күнге дейін ұлғаяды. Мұ­ның өзі барымызды баға­лау­дың және туризм арқылы елдің ырыс-несібесін есе­леудің жолы деп білемін. 

Кез келген ұлттың рухани биік­тігі мәуелі мәдениетімен және өрелі өнері­мен өлшенеді. Арыстанбек Мұха­­меди­­ұлы осы министрліктің тізгі­­нін қолға алғалы бері өнерімізде ерек­ше өр­леу ке­зеңі басталғанын мойын­дауы­мыз керек. Өткен жылы Елбасы Жарлы­ғы­­мен алғаш рет Әде­биет пен өнер сала­­­сын­­д­ағы Мем­ле­­кет­тік сыйлық бү­кіл шы­­ғар­­ма­шы­лық ұжымға, яғни «Ас­тана Опе­ра» театрына «Абай» ұлт­тық опера қойылымы үшін берілді. Өт­кен жылдың қараша айында алғаш рет қазақ тіліндегі «Абай» операсы опера­ның отаны Италияда, әлемдегі ең беделді театрлардың бірі Генуя қала­сын­дағы «Карло Филиче» театрында әлем­дік көрерменге жарқын табыспен ұсынылды. Спектакль орасан зор анш­лагқа ие болды, барлық билет күні бұрын сатылып кетті, театр ұжымы халықаралық деңгейде кеңінен танылды. 

Қасиетті қара домбыра біздің ары­мыз, абыройымыз, киеміз. Ел Прези­дентінің Жарлығымен шілденің алғаш­қы жексенбісі «Домбыра күні» етіп бе­кі­­тілуі еліміздегі елеулі оқиғаға ай­нал­­ды. Бұл күні Астанада Елбасының қаты­­суымен «Қазақ елі» монументінің ала­ңында 2 мыңнан аса домбырашы бір мезг­ілде «Адай», «Балбырауын», «Сарыарқа» күйлерін орындады. Осы бір ұлы оқиғада министрден бастап барлық өнер саң­лақтарының күй тартуы даланы тебі­рентіп жібергендей болып еді. Тағы­лым­ды шара барлық қалалар мен ауыл­дар­да қолдау тапты. Бұл күн жақсы дәс­түрге айналарына және домбырашылар саны жыл сайын арта түсетініне сенімдімін.

Ұлттық киномыз да ерекше биік­тер­ге өрлеуде. Биыл Мемлекет басшысы елі­міздің тарихындағы алғашқы «Кине­матография туралы» Заңға қол қой­ды. Барлық киноқауымдастық пен қазақ­стан­дықтар үшін бұл тарихи оқиға дер едім. Бүкіл әлемде кино өнерінің ұрпақ тәрбиесіне ықпал ететінін біз бәріміз жақсы білеміз. Соңғы он жыл ішінде көр­сетілетін ұлттық киноның үлесі 10 есе­ге өскен екен. Ал бұл орасан зор сер­пін. Көр­ер­­мен жоғары бағалаған, әлем­дегі бе­делді кинофестивальдарда көз­ге түс­кен көптеген бірегей ауқымды ұлт­­­тық туындылар түсірілді. Ең алдымен, ұлт­тық киноның әлемдік кино нарығына шығуына мүмкіндік берді.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасында белгіленген міндет­терді орындау аясында министрлік «Қазақ­станның киелі жерлері географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобаларын жан-жақты іске асырумен қатар, қазақ тілін латын графикасына көшіру жөнін­­дегі тапсырманы ойдағыдай ат­қаруда. Алғашында бұл жұмыс Білім және ғылым министрлігіне беріл­генін білеміз. Алайда, әліпбиге қа­тысты екі нұсқа да халық арасында көп талқыланды. Бірінші нұс­қа диграф және екінші нұсқа апос­троф қолдау таба қоймады. Атал­ған жұмысты ұйымдастыру, үй­лес­­тіру және жүйелеуде біршама қиын­дық туды. Сондықтан бұл тарихи жауапкершілікті атқару Мәде­ниет және спорт министрлігіне тап­сырылды. Алғаш рет жетекші тіл маман­дары жиналған «Тіл-қазына» Ұлт­­тық ғылыми-практикалық орта­лы­ғы құрыл­ды. Елдің басын біріктіріп, халықтың пікірі ескерілді. Әліпбидің үшінші нұс­қасы әзірленіп, көпшілік арасында қолдау тапты. Осыдан кейін жұмыстың ерекше қарқыны арта бас­тады.

Мемлекет басшысының «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына 2018 жылғы 19 ақпанда өзгеріс енгізіл­ді. Әліпбидің жаңа нұсқасы жаңаша тыныс алып, өмірімізге кеңінен жол тартып келеді. Үкімет жанындағы Ұлттық комиссияда 2018 жылы 6 желтоқсан күні «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ереже­лері» бірауыздан мақұлданды. 

Күні-түні ғылыми-тәжірибелік жұ­мыс­тар жүргізілгенін жұртшылық жақсы біледі. Осы жұмыстардың нәтижесі деп өзім тұсаукесерінде болып, ағалық ақ батамды берген латын графикасында жарық көрген алғашқы «Til-Qazyna» ақпараттық-танымдық газетін атап өтер едім. Диктанттың мәтіні тікелей эфирде «Қазақ радиосы», «Шалқар» радиоларында беріліп, оған 2 миллионнан астам азаматтың қатысуы үлкен серпіліс әкелді. Бүгінде жастарды жаңа жазу реформасына үйретуде ақ­парат­тық технологиялардың мәні зор. Сондықтан жас ұрпақтың жаңа әліп­биді тез әрі тиімді меңгеруіне жол аша­тын «Qazlatyn.kz» (Қазлатын.кз), «Til­qural.kz» (Тілқұрал.кз), «Sozdikqor.kz» (Сөздікқор.кз) сияқты ұлттық пор­тал­дар­дың іске қосылуы сүйінішті жайт. 

Қазақстанның ТМД мен Балтық жаға­ла­уы елдері арасында Пхенчханда өткен  XIII қысқы Олим­­пия ойындарына Ресейден кейін ең көп лицензия жинағаны бәрі­міз­ді қуантты. 

Спорттың фристайл түрі ойында­ры тарихында Қазақстан үшін алғаш­қы олимпиадалық қола жүлдені тамаша спортшы Юлия Галышева жеңіп алды. Сондай-ақ шаңғы жарысы бойынша бірінші алтын медальды паралимпиадалық спортшы Александр Коля­дин иеленді. Халқымыздың атақ­ты боксшыларының өнеріне де тәнті­­міз. Да­нияр Елеусінов, Жәнібек Әлім­­хан­ұлы, Мейірім Нұрсұлтанов, Әли Ах­ме­тов, Феруза Шәріпова, Садрид­дин Ах­­метов әлемдік аренада кәсіби бокс­ты абы­рой­мен таныстырып, әлем жан­күйер­лерін риза қылып жүр­ген таланттарымыз. 

Алқа мәжілісінде тағы бір сүй­сін­­­ген салам – туризмнің де ерекше қар­қынмен дами бастағаны әңгіме болды. Жалпы адам баласы ғұмы­рын­да жаңа нәрсені көрсем, білсем деп өмір сүреді. Атам қазақ «атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» деп бекер айтпаған. Қазақ­станның артықшылығы оның сәт­ті геосаяси орналасуы. Біздің біл­уі­міз­ше, қазақтың ұлы даласы 4-5 сағат­тық ұшу радиусында бүгін­гі таңда әлемдегі негізгі турис­тік ағын­дарды қалыптастырушы, Таяу Шы­ғыс­тың ірі елдері, Ресей, Қытай, Иран, Үндістан орналасқан. Тек Үндістанның өзінен жыл сайын 22 млн Қытайдан – 130 млн, Ресейден 37 млн турист сапар шегеді екен. Өткен жылы жаппай халықаралық туристерді тарту үшін теңдессіз қадамдар жасалыпты. Алдымен, еліміздің аумағына визасыз кіру­ге құқығы бар мемлекеттердің тізі­мі төлем қабілеті бар саяси дамы­ған және әлемнің тұрақты 64 елімен кеңейтіліпті. Үндістан мен Қытай азаматтары үшін 72 сағаттық визасыз транзит енгізілді – мұның ел экономикасына жалпы әсері 1 миллион АҚШ долларынан астам қаржыны  құрайды. Байтақ даламыздың бәрі інжу-маржан. Айшықты Астанадан бастап, көкжелекті Бурабай, толқыны шулаған Каспий, айдынды Алакөл – Қазақстан туризмінің келешегі. Осылардың бәрі біздің баға жетпес байлығымыз. 

Біз тарихы жаңғырып, мәдениеті мәуелеп, тілі түлеп, өнері өрге басып келе жатқан жасампаз ұлтпыз. Бұл − Елбасының ерен ерлігі мен оның жанында жүрген елеулі азаматтардың ерекше еңбегінің жемісі. 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ