Аймақтар • 26 Ақпан, 2019

Маңғыстауда 5000-ға жуық кәсіпкер сауалнамаға қатысты

390 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сауалнаманы жүргізудің мақсаты - өңірдегі әрбір кәсіпкермен жеке сөйлесіп, пікірін білу, тығыз байланыс орнату, іс жүргізуде туындаған түйіткілді мәселелерімен жете танысу, жаңадан қосылған онлайн-қызмет түріне тіркеу. 

Маңғыстауда 5000-ға жуық кәсіпкер сауалнамаға қатысты

Маңғыстау облысында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізу осы жылдың 17 қаңтарында басталған болатын. Қалалар мен аудандар, ауылдарда бүгінге дейін 4700-дей кәсіпкер сауалнамаға қатысып, ой-пікірін білдірді. Қазір Маңғыстауда 67 142 кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұр. Соның 49 989-ы call-centre арқылы, ал 18 153-і ӨКП қызметкерлердің өздері нысанды аралап толтыруымен жүзеге асады.

Кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігімен танысу үшін «Атамекен» ҰКП 300 қызметкері, ал өңірлік палатаның 20 шақты маманы таңнан кешке дейін сұрақтарға жауап алып, сауалнама жұмыстарын жүргізіп отыр.

Сауалнама толтыру алдымен Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласы, Баутин мен Аташ кенттерінен басталды. Сонан соң жұмыс тобы Мұнайлы ауданына барды. Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау аудандарында да жұмыс қарқынды жүріп жатыр.

 Сауалнама аясында «Atameken services» порталының қызметі де түсіндіріліп жатыр. Маңғыстаулық 534 бизнес-субъектісі осы порталдың қызметіне жүгініп үлгерді. Онлайн қызмет түрі арқылы кәсіпкер 60-тан астам тегін сервистік қызмет алады. Төрт негізгі бағыт бойынша көрсетілетін көмектің алғашқысы - «Несие агрегаторы». Оны қолданған кәсіпкерлер үйден шықпай-ақ барлық банктер мен қаржылық ұйымдарға несие алуға өтінім бере алады. Екінші, бизнес білімді кеңейту және қызметкерлерді қайта оқыту үшін «Atameken.Academy» сервисі көмекші құрал болады. Үшінші, кәсіби заңгерлік көмек «Құқықтық қорғау» бөлімінде қолжетімді. Төртінші, өтінім берушілерге бизнес-жоба, салықты есептілік, нарыққа маркетингтік зерттеу жүргізу тегін көрсетіледі.

Бұдан бөлек, кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы арқылы да «Atameken Services» қызметіне жүгінуге болады. Мұнда іскерлер бухгалтерлік және салықтық есеп, статистикалық есепті құру, маркетингтік сұрақтар, мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша онлайн-порталға өтінім жіберуіне толықтай мүмкіндігі бар. Осылайша кәсіпкер уақытын үнемдеп, кезекте тұрып, қағазбастылыққа ұрынып сабылмай аса тиімді қызметтерді қалаған жерінде отырып алуына болады.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы онлайн-сауалнаманы да іске қосты.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы