Қазақстан • 26 Ақпан, 2019

Белгісіз жағдайда жоғалған атыраулық қыз 19 жылдан кейін елге оралды

582 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Айдың-күннің аманында бауыр етің балаңнан көз жазып қалудан ауыр не бар? Ауылдан қалаға көшіп келіп, вокзал маңында ыстық тамақ сатып күнелтіп жүрген Дүйсенбаевтар отбасы 2000 жылы осындай қиын жағдайға душар болды. 16-ға енді толған қыздары Әсел із-түссіз жоғалып кетті. Қызының суретін ғана құшақтап қалған ата-ана үшін азапты күндер өтіп жатты. Үміт те үзілгендей еді...

Белгісіз жағдайда жоғалған атыраулық қыз 19 жылдан кейін елге оралды

Душанбе-Саратов бағытындағы пойызға отырып, Тәжікстан елінен бір-ақ шыққан Әсел бұл сапарына кім, не себеп болғанын айта алмайды (Мүмкін айтқысы  келмейді). Бейтаныс ортаға, бөтен жерге тап болған қаршадай қазақ қызының басынан кешкенін тағдырдың тәлкегі деген бір ауыз сөзбен бейнелей салудың өзі қиын. Душанбедегі дәмханалардың бірінде даяшы болып жан бағып жүрген жерінен қазақстандық азамат, кәсіпкер Нұрқасым Хамзаұлымен таныспағанда, өмірі солай жалғаса берер ме еді?

Кәсіпкердің Тәжікстанда жүрген қазақ қызының туыстарын іздеген хабары WhatsApp әлеуметтік желісінде тез таралды. Осыдан бір ай бұрын Құрманғазы ауданының тұрғыны Тұрарбек Ерғалиев қыздың анасын танитынын айтып, телефон нөмірін берген. Бұл хабар еріктілердің де назарларынан тыс қалмады. Адила Құсайынова мен Ризабек Сұлтанияев Әселдің анасына сүйінші хабарды жеткізуге асыққан.

«Әр қазақ - менің жалғызым» деген өлең жолы осындайда еріксіз еске түседі. Атыраулық сенатор Сәрсенбай Еңсегенов те жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ҚР Сыртқы істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне Әселді тауып, елге қайтаруға қолдау көрсетуді өтініп, хат жолдады.

«Министр Бейбіт Атамқұлов Тәжікстандағы елшілікке тапсырма беріп, қазақстандық дипломаттар жоғалған қызды тапты. Қолында ешқандай құжаты болмағандықтан, туған жері Атыраудан туу туралы актілік жазбаның көшірмесін шұғыл сұратып, соның негізінде елге қайтып оралуға арналған куәлік рәсімделді», - дейді сенатор.

Елшілік қызметкерлерінің көмегімен Душанбеден Алматыға, одан Атырауға жеткен Әсел Дүйсенбаеваны әуежайдан анасы мен туыстары күтіп алды. «Отаныма, отбасыма оралғаныма қуаныштымын, көмектескен адамдардың бәріне шексіз ризамын», - дейді Әселдің өзі. Тәжік елінде өткен өмірі туралы ашылып сыр айтқысы келмеді. Біз де қаузай қоймадық. 19 жыл бойы жат жерде жүріп, ана тілін ұмытқаны болмаса...

Ол оралды. Қуаныштысы да осы.

Бақытгүл БАБАШ,

«EgemenQazaqstan»

АТЫРАУ