Таным • 28 Ақпан, 2019

Қос қасқырды шеңгелдеген қыран

918 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ертеректе Алтайдың арғы беті Буыршын – Қаба өлкесінде алыс-жақынға аты мәлім, қыран құстың сын-сипатын жазбай танитын Кеңтанау дейтін құсбегі өткен. Бұл бүркітші жайлы шыңжаңдық ағайындар жақсы білуі керек, өйткені өлкенің үнпарақтарында үнемі есім-сойы айтылып, жазылып жатады. Тіптен ел аузында «Ақ балдақтан түспей өткен білегі, Құстың тілін тек Кеңтанау біледі» дейтін мәтел мазмұндас сөз де бар.

Қос қасқырды шеңгелдеген қыран

Ескі көздердің айтуынша, Кеңтанауға жасында қора­сына мал-бас бітпей, әулетіне дәулеттің шырыны жұқпай кедейлікпен күн көрген. Орта жасқа келгенде көктегі қыран құстың тілін біліп, бабын тапқан да, байлыққа кенелген екен. Әсіресе кедей құсбегіні дәулетке кенелтіп, жалпақ жұртқа атағын шығарған, артына өшпестей ізін қалдырған оның атақты сары құсы екен. Кең­танаудың сары қыраны жайлы аңыз Алтайдың асқар тауларында әлі күнге дейін өріп жүр. 

Бір жылдары мынадай қызық болыпты. Құс біткен түлекте отырған қырық күн шілденің ортасы. Долан тауы­ның етегін жайлаған Кең­танау ауылы кешкі сауыннан кейін қой-қозыны жамыратып, малды төске салып қой­май ма. Дәл осы тұс­та беткей­де көлбеп жатқан отар­ға қасқыр шауыпты. Кең­та­нау қайтер екен деп түлекте отырған сары құсты жібере салған. Жер бауырлай ұшқан қыран беткейді өрлеп барып, жарқ етіп көтерілген- де қо­ңыр тоқтыны жәукемдеп жеп жатқан күшік қасқырды тырп еткізбей басып қал­ған.­ Оқиғаны бастан-аяқ тамашалап тұрған көрші Құ­сайын қария «түлектегі бүр­кіт қас­­қырға түскенін көрген де, естіген де емеспін, менің бі­­луім­­ше даланың бөрісін ұста­­ған сары құс емес, Кеңта­нау­дың маңдайдағы бағы шығар» деп басын шайқапты.  

– Бірде, – дейді сары қы­ран жайлы аңызды айтушылар, – Кеңтанау бірнеше үйір жыл­қысын Көксүн тауының жонындағы сары шүйгінге жая барып, салбурын құрып жатады. Көзі көргендер айтады: «Сол жылы Көксүннің күн­гейінде түлкі-қарсақ қал­мады. Зары келген сары қыран тілеп ұшып, түлкі-қар­сақ­ты өзі қағып, өзі ала бе­ретін», дейді.

Содан бір күні қыранын бал­даққа отырғызып, саятқа шық­қан құсбегі Кеңтанау қара түлкіні көзі шалып қа­ла­ды. Дереу бүркітінің томаға­­­сын сыпырып, қара түлкіні қақтырмаққа жібереді. Түлкі де әккі екен, зып етіп тастың үңгір қуысына кіріп үлгереді. Үңгір терең екен, түбіне құ­рық бойламайды. Әккі түл­кі адамдар алыстап кетсе, қуыс­тан басын қылтитып қарап тұ­ра­ды. Құс жіберсе зып етіп інге кіріп кетеді. Осылай кү­ні бойы арпалысып қара түл­кіні қаға алмаған Кеңтанау айлаға көшеді. Қағушысын шақырып алып, жемқалтаны толтырып түйенің құмалағын тергізеді де «Сен бар да, үң­гір­д­ің желкесіндегі жалпақ тас­қа жасырын. Түлкі кірген үң­гірдің аузын ылдилатып, түйенің құмалағын қардың үстімен домалат, бастабында үңгірдің аузына жақындатып, ақырындап домалат, түлкінің құлағы қуыстан көрінген кезде құмалақты ұзатыңқыратып қаттырақ домалат», дейді. Өзі қалтарыстағы қақпа тастың жел­кесінен қыран сарының то­ма­ғасын тартып дайын тұ­ра­ды.

Қағушы құсбегінің ай­туы­ бойынша жасырынып оты­рып құмалақты бір-бір­ден домалатады. Көбік қар­ды бүлкілдете домалаған құ­ма­лақтарды тышқан екен деп ойлаған түлкі үңгірден ба­сын шығарады. Осы кезде қағушы құмалақты көбік қардан ұзатыңқырап домалатады. Сөйтіп «тышқан» құмалаққа қарай лып етіп атылған аш түлкіні дайын тұрған қыран сары таңнан іліп, тұмсығынан қайырған екен. Қара түлкінің артқы са­нын қызылдатып құсына жұлғызған Кеңтанау «қара түл­кі сен қусың, сенен асқан мен қумын» деген екен. 

Бір жылдары қар қалың түсіп, қатты аязды болыпты. Кеңтанау құсбегі Сауыр та­уында саятшылық қылып жүріп, күн еңкейе үйіккен қасқырдың үйіріне кез болыпты. Сары қыран тіленіп болмаған соң аяқ бауын босатып жіберген екен, тік кө­те­рі­ліп ұшқан бүркіт үйір соңында кетіп бара жат­қан өлекшін қасқырды милы­ғын бүре ұстап, басып қа­ла­ды. Омақаса құлаған өлек­шін қаншық қыңсылап, арт­қы аяғымен көбік қарды бұр­қыратып тепкілейді. Сол мезетте үйірбасы арлан қан­шы­ғын шеңгелдеп алған қы­ран сарыға қарай кері ұм­тылады.  Екпіндеп келіп арс етіп қаппақ болғанда бүр­кіт екінші шеңгелін арлан­ның құлақ-шекесіне салып жібереді. Қыранның шеңге­ліне ілінген қос қасқыр құй­рық­тарын сабалап, құмға қарай қашады. Қыран са­ры қос қасқырдың басын қо­са шеңгелдеп алып, реті келгенде қанатын қағып-қа­ғып жіберіп көтерілгенде, екі қасқырдың басы бір-біріне соғылады екен.

Құстан көз жазбай алыс­тан қарап тұрған Кеңтанау мен қасындағы басқа саятшылар аттарын борбайлатып бүр­кіттің соңынан шабады. Арлан мен қаншық бастарында бүркіт тораңғылы құмның ішіне барып кіреді. Сөйтіп шыбын жаны шырқырап шап­қан екі қасқыр алдында тұр­ған бір түп тораңғының екі жа­ғынан кесіп өте шыққанда, тораң­ғының ортасына тап келген бүркіттің денесі қақ бөлініп, денесі арланның ба­­­сында, бір саны шеңгелі ажы­рамаған күйі қаншықтың құлақ шекесінде кетіпті.

Құстың денесі басында кет­кен арланды аңшылар  көп ұзамай жығылған жері­нен соғып алыпты. Ал құс­тың бір жақ саны құлақ-ше­кесінде кеткен қаншық қас­қыр ұзаңқырап кетіп, көз байланғаннан кейін із жаздырып табылмапты. Кеңтанау қыран құсынан айырылып қайғырса да, екі бірдей қас­қырды қабат шеңгелдеген қайратына таңданып, сол маңға түнеп, таңертең жа­рық түсе кеткен қаншық қас­­­қырдың ізіне түссе, ол да көп ұзамапты. Басы ісіп, құм­­ның арасында сенделіп жүр­ген жерінен жігіттер атпен бастырмалатып соғып алыпты. Қыранның шеңгелі қасқырдың басында алынбастай болып сіресіп қатып қал­ған екен. Атақты қыран сарының ғұмыры осылай аяқталған екен.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»