Кино • 28 Ақпан, 2019

«Алтын тақ» – қазақтың рухы

1133 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астанадағы «Қазақстан» орталық концерт залын­да режиссер Рүстем Әбді­раш­тың «Қазақ хандығы. Алтын тақ» көркем фильмінің тұсау­кесері өтті. 

«Алтын тақ» – қазақтың рухы

Мәдениет және спорт ми­нис­­­­тр­­лігінің тапсырысы бо­й­­ы­­н­ша «Centaurus Rustem Abdrashev production» ЖШС-ның қатысуымен Ш.Айманов атын­да­ғы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл туынды – «Қазақ хандығы» сериалының екінші маусымдық кинонұсқасы. 10 сериядан тұратын тарихи туындының сценарий авторлары – Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдіраш. Ал жоба авторы – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.

Алғашқы бөлімі Ілияс Есен­бер­­лин­нің «Көшпенділер» три­ло­гиясы негізінде Қазақ хан­ды­­ғының құрылғанына 550 жыл толуына орай «Алмас қылыш» деген атаумен 2017 жылдың наурыз айын­да көрер­менін қуантса, араға тура екі жыл салып тарихи циклдің «Алтын тақ» ата­латын екінші маусымы жалпы­ұлт­тық кинопрокатқа жол тартты. Фильмнің режиссері – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер, сценарист және суретші Рүстем Әбдіраш. Бұған дейін «Құрақ көрпе», «Қаладан келген қыз», «Сталинге сый­лық», «Елбасы жолы» кино­эпо­пея­сының, «Балалық шағымның аспаны», «От-өзен», «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» және «Қазақ хандығы. Алмас қы­лыш» атты кинотуындыларымен киносүйер қауымның құрметіне бөленген режиссер кезекті жұмысында да сол биігін бәсеңдетпепті.

– «Қазақ хандығы» сериа­лы­ның бірінші маусымы отандас­тарымыздың тарихқа деген қызы­­ғушылығын оятты. Шығар­ма­шы­лық топтың атына көпте­ген алғыс хат келіп түсті, ғалам­тор және әлеуметтік желілер арқы­­лы жылы лебіздер алдық. Көп­теген пікірталас пен сын да болды. Халық тарапы­н­ан осы жобаның жалғасын түсірсе екен деген тілегін аңғар­дық. Бұл біз үшін өте маң­ыз­ды. Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық мәдениетіңді, ұлт­тық кодыңды сақтай білу. Олар сақталмаса, ешқандай жаң­ғы­ру болмайды» делінген. Елбасы­мыз­дың осы айтқаны фильмнің идеясымен ұқсас. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында көтерілген мәселелер де біздің жұмыста көрініс тапқан. Мәселен, фильм арқылы көшпенді халық­тың бай мәдениетін көріп, оның тыныс-тіршілігіне үңілуге болады, – дейді режиссер Рүстем Әбдіраш. 

Қос бөлімнен тұратын көп ­се­рия­лы тарихи циклдің түсірілім жұмысына төрт жылдан аса уақыт кеткен. Осы уақыт аралығында шығармашылық құрам кәсіби кемелденіп қана қоймай, бір үйдің балаларындай туыстасып та үлге­ріп­ті. Фильм продюсері Арман Әсеновтің айтуынша, тарихи кино­ның түсірілім жұмыс­­тары Алматы облысында ма­мыр­­дың басында басталған. Кейін­ірек Түркістан облысының Елтай ауылы маңындағы Иірсу жай­лауына ауысып, еліміздің тари­хи қалалары – Тараз және Түркіс­тан­да жалғасын тапқан. Сондай-ақ түсірілім тобының режис­сері Рүстем Әбдіраштың бас­­та­­ма­сымен Керей мен Жәнібек хандардың тұрағы – төрелердің ауылын арнайы жасап шығуы тарихи фильмдегі дәуір тынысын барынша шынайы жеткізуге септескені сөзсіз. 

– Оқырман қауым Ілияс Есен­берлин шығармаларынан жақсы білетін фильмнің «Алтын тақ» аталатын келесі бөлімінде оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шай­ба­ни ұрпақтарымен Қазақ хан­ды­ғы­ның Сығанақтағы таққа таласы айналасында өрбиді. Бұл – қазақ тарихындағы күрделі кезең­­де­рдің бірі. Бірінші маусым­мен салыс­тыр­ғанда, кино­эпо­пея­ның бұл бөлімінде көп­те­­ген шығармашылық тәжіри­беге бардық. Оқиға сюжеті әлде­қай­да қызықтырақ, динамикасы жағынан да жылдам. Экшн көп болады. Көрер­мен көңілінен шығады деген сенім­де­міз, – дейді фильм продюсері А.Әсенов. 

Рас, дилогияның алғашқы бөлі­м­­імен салыстыра сарап­та­ғанда, екінші маусымда шығар­ма­шылық құрамның кәсіби тұрғыдан ши­рық­­қаны, тарихи көркем туынды түсірудің тетік­теріне барынша бойла­ғаны байқалады. Продюсер айтпақшы, фильм барынша сюжет нанымдылығы мен экшн әдістерін игеруге батыл қадамдар жасаған. Сол арқылы картинаның оқиға динамикасын арттырып, драмалық қайшылығын қалыңдатқан. Қайрат Кемалов, Еркебұлан Дайыров, Досхан Жол­жақ­сынов, Иісбек Әбіл­мә­жинов, Аян Өтепберген, Мейірғат Амангелдин, Ниязбек Шайсұлтанов, Қарлығаш Мұха­мед­жанова, Іңкәр Әбдіраш, Әлі­шер Сүлейменов бастаған актерлер жұмысынан да сәтті ізденістер ізін кө­руге болады. Мұның барлығы шығармашылық құрам еңбегі десек те, бізді қуантқаны – «Қазақстан» Орталық концерт залына ине шаншар орын қалдырмай жиналған көрермен қауымның ыстық ықыласы болды. Фильм тұсаукесерін асыға күткен кәрі-жастың жанарынан төл тарихын тануға деген шексіз махаббат пен қызығушылықты аңдауға болатын еді сол кеште. 

Біткен іске сыншы көп. Жал­пы, тарихи фильмдердің түсі­рі­лім жұмыстары ел арасында түрлі пікір­таластарға арқау болып, тым жиі сыналып та жатады. Қазір­гі таспаланып жатқан тарихи көркем туындыларды «өнер деңгейінен алшақ» деушілерді де көп кездестіреміз. Әйтсе де өнер – шарттылық. Әр жанрдың өз қажеттілігі мен міндеті бар. Мәселен, талай фестивальдарда топ жарып жүрген небір үздік фильмдердің барлығының бірдей осылай көрермен сезімін қозғап, рухын оятып жатқаны сирек. Оның үстіне, кітап оқу дағдысын әлдеқашан ғаламтордың жарқ-жұрқ қызығына алмастырған жас­тар санасына тарихтың ақтаң­дақ беттерін қайта ашқызып, өткенінен өнеге алуы үшін де жалпы мұндай фильмдер аса қажет. Оны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Ұлы дала­ның жеті қыры» атты мақа­ла­сын­да жан-жақты атап өтті. Осы тұрғыдан келгенде, тарихымызды көркем фильм тілінде жеткізуде жан-жақты әрі тыңғылықты ізденіп, тер төгіп жүрген режиссер Рүстем Әбдіраштың және режиссер маңайына жиналған талантты шығармашылық құрам еңбегі айрықша атап өтуге лайық. 

Назерке ЖҰМАБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»