Технология • 28 Ақпан, 2019

Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі бір жылда 300 млн теңге инвестиция тартқан

663 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қаржы қандай жобаларға тартылды, олардың қаншасы жүзеге асты? Бұл туралы Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің өкілі Шакен Марат және онда қатысушы компаниялардың өкілдері Forbes Қазақстанға айтып берді.  

Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркі бір жылда 300 млн теңге инвестиция тартқан

Astana Hub ІТ-стартаптар халықаралық технопаркінің ресми тұсаукесері  2018 жылдың 6 қарашасында  өткен еді. Орталық өкілі Шакен Мараттың айтуынша  оның  барлық құралдары Қазақстандағы технологиялық стартаптарды дамытуға және инновациялық мәдениетті жетілдіруге бағытталған.  Стартаптарды дамыту бойынша 2 бағдарлама бар. Оның біріншісі - акселерациялау, екіншісі -инкубациялау деп аталады.

-Негізі біздің ашылуымыз 2018 жылдың 6 қарашасы болғанымен, біз жұмысты жыл басында, яғни, ақпан айында бастап кеттік. Қазір бізге 1  жыл толды. Осы уақыт ішінде бізде 3 акселерациялау бағдарламасы өтті. Ол дегеніміз не? Ол стартаптарды қолдау, осында жақсы білім беру, әртүрлі дематериалды көмек беріп, жобаларды дамыту, қысқа уақытта жүзеге асыру. Сол үш акселерациялау бойынша 47 жоба қабылданды.  Ал оларға жалпы 300 млн теңге  инвестиция тартылды- деді Astana Hub – халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің өкілі.

Айта кетейік, Astana Hub-технопаркі Қазақстандық және шетелдік компаниялардың еркін дамуына жағдай жасаған орталық болып табылады.

Ал, жаһандық миссиясы – инновациялық жобаларды дамыту орталығына айналу, серпінді ІТ-компанияларды шығару, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен көптеген қажетті жас және талантты IT-мамандарын  тартатын ортаға айналу. Ал, жаңа идеясы бар азаматтар орталық  сайтына тіркелу арқылы  өз жобаларына тегін бағдарламалар арқылы қолдау табады.  Мысалы, Әсел Пазылбекова«Kompra» қызметінің бизнес сарапшысы болып істейді. Оның командасы өздеріне жасалған қолдаудың арқасында серіктес компанияларға қатысты маңызды мәліметтерді бір сәтте жинақтап беретін  жаңа жүйені енгізді. 

- Негізі компаниялар серіктестерімен келісімге келмес бұрын, оның қызметін жан-жақты тексеру керек. Ал, бұл  деректер көптеген органдардың сайтына кіру арқылы қолымен жиналады. Біз оның бәрін санадық. Жалпы  3 сағат уақыт алады. Сот органдары, өзге қарыздары, және т.б. Біз осының бәрін небары 3 минутта бір бетке шығарып береміз.  Қазір бізбен жұмыс істейтін  12 компания бар. Астана  хабқа келгені даму болды. Ең бірінші келгенде бізде 200 қолданушы болса, қазір 7 мың. Себебі, дерек көзін қайдан алғанымызды көрсетеміз,  мысалы бір компанияны алсақ,  оның басшысы қылмыстық жауапкершіліктен қашып жүр.  Қазақстаннан шығуға тиым бар ма, жоқ па, оны да көрсетеміз.  Қазір біз жаңа жүйе жасап жатырмыз.  Компания қандай фирмалармен байланыста екенін, кімдермен  істейтінін  біле аламыз. Терроризмді қаржыландыруға, педофилдерге қатысты мәліметтер базасы  бар, ондай азаматтарға байланысты мәліметтерді бір сәтте шығарамыз, - дейді Әсел.

«Kids Security» жобасының өкілі Бауыржан Көшербаев  бала қауіпсіздігі үшін маңызды қосымшаны енгізуде. Бұл арқылы ата-аналар баласын үнемі қадағалап, қайда жүргенін біліп отырады. 

-Біз осында өткен курста  300 ата -ананы зерттедік. Солардың проблемаларын анықтадық. Біздің жоба негізі бала қауіпсіздігі туралы. Себебі, кейінгі кезде балалар көп жоғалады. 2010-2017 жылдар аралығында6 мың бала жоғалыпты. Бірақ, олардың көбісі табылды, біразі жоқ. Біздің функциямыздың мақсаты- баланың орналасқан жерін анықтау.  Бала үйден немесе мектептен шыққанда анасына хабарлама келеді. Оның айналасында не болып жатқанын ести алады.  Баланың телефоны дыбыссыз болса да қоңарау шала алады.  Оқушының  қай жерде болғанын, жүрген жерлерін карта арқылы көресіз.  Қандай қосымшаларды көргенін, қандай сайттарға және қанша уақыт көргенін білуге болады.  Егер, көп қараған жағдайда балаға зиян келмес үшін қашықтықтан сайттарға шектеу қоя алады. Бұл кезде балаңыз тек қоңырау шала алады.  Басқа сайттарға кіре алмайды.

Astana Hub өкілі  Шакен Мараттың айтуынша 2018 жылдың 27 желтоқсанында  президент қатысушыларға салықтық жеңілдіктер жасау туралы заңға қол қойды.  Ал, бұл  артықшылықтар халықаралық инвесторлар мен сарапшылар үшін  тартымды болмақ.  Сонымен қатар, болашақта отандық IT-саланың экспорттық әлеуеті артады,  «Астана Хаб» резиденттерінің тауарлары мен өнімдерін әлемдік бәсекеге сай болуын қамтамасыз етеді.

-Заңнамаларды қабылдап, жария ету үшін 1-2 ай уақыт керек.  Соған сәйкес, бізге тіркелген компаниялар әртүрлі салықтық жеңілдіктерге ие болады.  Мысалы, қосымша құн салығы, жер салығы, әртүрлі жекеменшік салықтар 0%-ға   дейін қысқартылады, бір айта кететіні бұл  жеңілдіктер тек Астаналықтарға ғана емес, өзге қаладағы компанияларға да беріледі, тек олар осында тіркеулі керек.  Себебі, бізге қазір басқа да өңірлерден келіп жатыр, шет елдерден де келіп жатыр.  

«Смарт жанармай бекеті» жобасының өкілі  Бауыржан Төлеу жұмыс істейтін команда  жүргізуші мен жанармай бекеттері арасындағы автоматтық сауданы жолға қойды.

-Бұл жеке жүргізушісі үшін не  береді? Ең алдымен көлік иесі жанар май бекетіне келгенде смартфон арқылы  қызмет алады. Яғни, көлігінен шықпайды, кезекте тұрмайды, ақысын телефон арқылы төлейді. Оның үстіне бекеттер  ұсынған көптеген қызмет түрлерін пайдалана  алады, акцияларға қатыса алады, жеңілдікпен бензин алады,ондағы дүкендердегі тауарлардың бағасын   біле алады, оларды  электронды жүйе бойынша сатып алады.   Екінші бір жағы, бұл корпоративті қызмет түріне қатысты. Біз талондық жүйені электронды форматқа көшіреміз. Компанияларға алаңдауға негіз жоқ,себебі жүргізушілер бұған дейін талондарды өзге мақсатқа пайдаланса, қазір оны сату, өзгеге беру мүмкін болмайды. Бәрі бақылауда болады, мониторинг жасалады. Талон,карта шығарудың қажеті жоқ болады. Ең алдымен ұрлық тиылады. Астана, Алматы, Қарағанды қалаларындағы жанармай бекеттері желісінде  жұмыс бастадық. Жуырда Ресей компаниясымен келісімге келдік, ал одан кейін әлемнің 51 елінде  71 мың бекетібар халықаралық компаниямен келісімге отырдық. Осылайша Еуропа нарығына шығамыз деген ойдамыз-дейді команда мүшесі.

Болашақтың экономикасы цифрлы технологияда. Сондықтан технопаркты дамыту жалғаса береді. Біз жоғарыда санаулы ғанажобаларға тоқталдық. Ал олармен бірге тағы ондаған  стартап өз жұмысын бастауда және жуырда кезекті акселерациялау басталады.  «Астана хаб» өкілдерінің мәліметінше 2022 жылға дейін осындай жобаларға 67 млрд теңге венчурлық инвестиция тарту көзделіп отыр.