Аймақтар • 02 Наурыз, 2019

Қостанайда Түркістан облысының делегациясы іскерлік сапармен болып қайтты

862 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Делегацияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ербол Тасжүреков басқарып келді. Бұл сапар Қостанай облысының өңірге инвестиция тарту тәжірибесімен алмасуды, ауыл шаруашылығы техникаларын және қала ішілік жолаушылар автобустарын сатып алу келісімдерін жүргізуді және өңіраралық кооперация шеңберінде ынтымақтаса жұмыс істеуді жолға қоюды мақсат тұтыпты.

 

Қостанайда Түркістан облысының делегациясы іскерлік сапармен болып қайтты

Түркістан делегациясы Қостанай қаласындағы Индустриялық аймаққа барып, өткен жылы жұмысын бастаған «Белорус» Минск трактор зауытын құрастыратын «Композит Групп», құрылыс материалдарын өндіретін, «Астық» элеватор жабдықтарын өндіретін зауыттарында болды, олардың өнімдерімен танысты.

Делегация «Композит Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшыларымен екіжақты кездесуде «Белорус» маркалы тракторларын алуға қол жеткізді. Сонымен қатар түркістандық қонақтарға барлығы 300 млрд теңге инвестиция салынған машина құрастыру, тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы салаларында жүзеге асып жатқан 10 жоба таныстырылды. Әсіресе, Қостанай облысында SINOTRUK (HOWO маркалы жүк көліктерін өндіру), YTO GROUP (ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру), SANY GROUP (арнайы техникалар мен кен жабдықтарын өндіру) және HANTENG automobile Co. Ltd. («Hanteng» маркалы жүрдек машиналарды құрастыру) сияқты трансұлттық компанияларды тарту арқылы машина жасау кластерін құру шеңберіндегі жобалар айырықша аталды.

Түркістаннан келген делегация мұнан кейін өндіріс көлемі мен жергіліктендіру жұмыстары бойынша республикадағы автомобиль индустриясының көшін бастап отырған «СарыарқаАвтоПром» машина жасау зауытына барды. Мұнда олар жеңіл автомобильдердің, автобустардың және коммерциялық техникалардың өндірісімен танысты, сондай-ақ «Ankai» автобустарын сатып алуға мүдделілік танытты. Түркістан облысы делегациясының басшылығы осы мәселе бойынша «СарыарқаАвтоПром» зауытымен жұмыс істеуге келісті.

Делегация облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесіп, онда екі өңірдің ынтымақтастығын кеңейту мәселелері сөз болды. Оның ішінде өнеркәсіп кооперациясын күшейту, білім беру, денсаулық, инвестиция тарту, мәдениет пен туризм салаларында тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды. Түркістан делегациясының шақыруымен таяу уақытта Қостанай делегациясы қарсы сапар жасауды жоспарлады. Екі жақ экономика мен мәдениеттің негізгі бағыттары бойынша өңірлік ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға ниеттесті.

Түркістан делегациясы облыс орталығының іргесіндегі Ыбырай Алтынсарин кесенесіне барып, зиярат етті.

 Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай