Таным • 04 Наурыз, 2019

Толған ел тарихын таспен жазады...

1855 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Жақында танымал азамат, мәдениет саласының ардагері, қажы Өтеміс Әкім «Күнделіктер жалғасы» атты кезекті дүниесін жолдапты. Осы арада ағамыздың Елбасы кітапханасы ұйымдастырған «Қазақстан тәуел­­­сіздігі және Елбасы» атты респуб­ликалық конкурсқа белсенді қаты­сушы болғандығын атап өткім келеді.

Толған ел тарихын таспен жазады...

Автор Елбасымыздың Ақтөбе облысына жұмыс сапарынан бастап, облыс әкімінің қатысуымен өткен кездесулер және басқа да қоғамдық-саяси  маңызды шаралар туралы толық ақпарат беріпті. Сонымен қатар халық жазушысы, Ақтөбе топырағында кіндік қаны тамған асыл азамат Тахауи Ахтанов ағамыз ту­ралы жазған естелігі көкірегі ояу аза­маттарға, әсіресе жастарға көп ой салары анық. Осы күнделікті шола отырып, бір мүшел уақыт бұрын Ақтөбе облысында қыз­мет еткен кездерім ойыма оралды.

2006 жылдың соңында «орталық – өңір» мемлекеттік қызмет принципі бо­йынша Ақтөбе облысы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалып, 2007 жылы екі маңызды ірі шараны ұйымдастыруға қатыстым. Бірі, Ақтөбе облысының 75 жылдығына ар­налған шаралар болса, екіншісі, аты аңызға ай­налған батыр, ХV ғасырда өмір сүрген қазақ қолбасшыларының бірі Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған шара.

Оған тікелей атсалысуыма жағдай жа­саған сол кездегі облыс басшысы Елеу­сін Сағындықовқа құрметім ерекше. Об­лыс әкімінің орынбасары қызметіне таға­йындалуыма дейін Президент Әкім­­шілігінде, мемлекеттік қызметтің ор­талық және өңір­лік деңгейінде айтар­лықтай тәжірибе жи­нақ­таған болатынмын. Дегенмен Ақтөбе өңі­ріндегі ал­ғаш­қы саяси мемлекеттік қыз­метім болғандықтан қобалжу да болғанын жасыра алмаймын. Алайда, біріншіден, Елеусін Наурызбайұлының, сонан соң облыс азаматтарының, оның ішінде кезін­де аудандық, облыстық деңгейлерде бас­шылық қызметтерде болған ел аға­лары­ның қолдауының нәтижесінде облыс жағ­дайымен қысқа мерзімде танысып, міндет­телген жұмыстарды тез игеру мүм­кіндігіне ие болдым. «Кеудесі ағалардың – алтын сандық» дегендей, өмірлік және басқару тәжірибесі мол ағаларыммен талай мәселені ақылдасқаным, салиқалы да салмақты пікірлерін кейінгі қызметтерімде де қолданғанымды қуаныш­пен еске аламын.

Ақтөбе облысының 75 жылдығына ар­нал­ған шаралар жыл бойы барлық елді мекенде, ұйымдарда өткізіліп, қоры­тынды шара Ақтөбе қаласында сәтімен өт­ті. Осы шараларды өткізу барысында сол жылдары Ақтөбе қаласын басқарған, кейін орталық атқару органдарында жауап­ты қыз­меттер атқарған белгілі азамат Ке­ңес ағамыздың ізі Серік Нокин мен сол кез­дері оның орынбасары болған, кейін Ақтө­бе облысының әкімі, қазіргі уақытта Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, аудандардың сол кездегі әкімдері Жеткерген Оралмағамбетов, Ес­махан Есенбаев, Сан­сызбай Құттыбаев, Серік Ботағарин, Марат Тағымов (қазір Сенат депутаты),­ Бердіхан Кемешов, Ахат Мырзалин аға­­­ларымыз, Серік Шаңғұтов, Оразбек Дал­мағамбетов, Рахат Сыдықов, Серік Орын­баев, Мейірхан Дуанбековпен қоян-қолтық қызмет еттік. Азаматтардың қайсысы болса да, қолға алған істі сапалы орындайтын, бер­ген уәдесінде тұратын мем­лекеттік қыз­метшілер болды. Сондай-ақ об­лыстың он екі ауданында да іссапармен бо­лып, халқымен де, бай табиғатымен де жа­­қын таныстым, көптеген маңызды әлеу­меттік нысандардың ашылуының куәсі болдым. Сонымен қатар «Нұр Отан» пар­тия­­­сы Астана қалалық партия ұйымын бас­қарып жүргенімде Ырғыз ауданы әкі­мінің өтінішімен бір топ ардагерлерді елордамен таныстырып, қошемет көрсеткен едік.  

2007 жылы Елбасымыздың «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында республикалық деңгейде айрықша аталған маңызды шаралардың бірі – Қарақыпшақ Қобыланды батырға арналған шаралар. Қобыланды батырдың Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағында жерленгені туралы дерек бұрыннан белгілі. Ұлтымыздың ұлы тұлғалары әр жылдарда батырдың басына соғып, зиярат етіп тұpған. Бұл, cipә, қысылтаяң жылдары олардың рухтық кеңістікті іздегендегісі болса керек. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының аяғында әуесқой антрополог Ноэль Шаяхметов медицина ғылымының белді тұлғаларының бipi Сайым Балмұхановпен бipгe батырдың сүйегін қазып алып, Мәскеудегі Герасимов зертханасына әкетеді. Белгісіз себептермен Ноэль ағамыз бұл icтi аяғына дейін жеткізе алмапты. Тәуелсіздік жылдарында Қобыланды батырдың басына мемлекет қайраткері, белгілі жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыз бен сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов тәу eткенінен жұртшылық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар. Бұрын үздік-создық әңгіме болып жүрген мәселе облыс басшылығына Eлeyciн Сағындықов келген кезден бастап бip арнаға түскенін де жергілікті халық жақсы біледі. Ноэль Шаяхметов аяқтай алмаған істі жалғас­тыру мақсатында облыс әкімі бюджеттен­ арнайы қаржы бөлдіріп, академик, ан­трополог-ғалым Оразақ Cмағұлов аға­­мыз 40 жылдай бұрын Жиренқопа жері­нен қазып әкетілген бас сүйектің қазақ­тың батыры Қобыландынікі екенін ғы­лыми тұрғыдан дәлелдеп береді. Елді қуант­қан осы жаңалықтан кейін 2006 жылы Қо­быланды атамыздың денесін қайта жерлеу рәсімі ұйымдастырылды. Аталған іс-шараларды ұйымдастырып, өмірде бол­ған, ерлік істерімен еліне танылып, құр­­­­метіне бөленген хас батыр туралы тың дерек­терді жинауға атсалысқан қазіргі Ақтөбе облысының әкімі, сол жылдары облыс әкімінің орынбасары лауазымында болған Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің де еңбегі ерен екенін атағым келеді.

2007 жылдың басында Ақтөбе облысы әкімінің шешімімен ұйымдастыру комитеті құрылып, төрағалыққа тағайындалдым. Осы күннен басталған жұмыс қыркүйекке дейін жалғасты. Ең бастысы, Жиренқопадағы ба­тыр атамыздың мәңгілік жатқан жеріне мемориалдық кесене салу болды. Елеусін Наурызбайұлының күнбе-күн бағыт-бағдар беріп қана қоймай, берілген тапсыр­малардың сапалы орындалу жолдарын нақты көрсетуінің нәтижесінде көп жұмыс атқарылды. Облыс әкімі Қобыланды батырдың тойын тек «мал шашпақ» емес, соңында тағылымды iз қалатын шара болуы керектігі туралы үнемі айтып отырды. Баршаға белгілі, Ақ­төбе перзенттері – Әлия Молдағұлова, Ах­мет Жұбанов, Шығанақ Берсиевтердің мерейтойлары елдің рухын көтерумен бірге әлеуметтік мәселелерін шешіп, еңсесін тіктеді. Бұл жолы да республикалық бюджеттен бөлінген қаржымен қатар облыс басшылығының демеушілерді ортақ іске тартуымен Ақтөбе мен Қобда аралығы, одан әрі батыр атамыздың мәңгілік тыныс тапқан  Қобда өзенінің шығыс жақ жағалауындағы Жиренқопаға дейінгі жол жөнделді. Одан бөлек, Жиренқопа ауылының ішіне асфальт жол төселді, көшелеріне жарық тар­тылды, фельдшерлік-акушерлік пункт пай­далануға берілді, орта мектеп салынды, мәдениет үйіне де  күрделі жөндеу жүр­гізілді, телефон байланысы орнатылды. Та­­­рихи кешеннің алдағы уақытта халыққа ру­хани тұрғыда қызмет етуін қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің шешімімен «Қобыланды» мемориалдық кешені» мемле­кеттік коммуналдық қазыналық кәсіп­орны құрылды. 

Кесененің ашылуына орай келетін ха­лыққа арнап әр аудан 15-тен 180 киіз үйді безендіріп, қалған 120 киіз үйді Ақтөбе қа­ла­сындағы мекемелер мен кәсіпорындар тікті. Жиренқопаға кipep тұста, жолдың оң жағында керемет жазық бар. Осы жазықта Қобыланды батырдың тұлпары аттас «Тай­­бурыл бәйгесі» деп аталатын ат жарыс, түйе бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, концерттік бағдарламалар қойылды.

«Қобыланды батыр: аңыздар мен шын­дық­тар тоғысында» атты халықаралық ғы­лы­ми-практикалық конференция ұйым­дас­тырылды. Конференцияда белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері Әбіш Кекілбаев пен  Мырзатай Жолдасбеков баяндама жасап, еліміздің зиялы қауым өкілдері Қой­шығара Салғара, Оразақ Смағұлов, Фариза Оңғарсынова, Ұлықбек Есдәулет және басқа да өнер, ғылым қайраткерлері жоспарланған шараларға қатысты. 

Сайып келгенде, он алты мыңнан астам халық қатысқан Қарақыпшақ Қобыланды батырды есте қалдыру шарасы исі қазақтың рухын көтерді, жоғалған тарихын, ең бас­тысы «елім, жерім» деп туған жерін қор­ғаған Қобыланды батыр ұрпағына оралды. Қобыланды батыр сынды тарихи тұлғаларды мақтан етудің маңыздылығын Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­ласындағы мына сөздер дәлелдей тү­­седі: «Төл тарихын білетін, бағалайтын жә­не мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы».

Осы игілікті істің жоғары деңгейде өтуі – біріншіден, Елеусін Сағындықовтың ұйым­дастырушылық шеберлігі болса, екіншіден, бірлесе қызмет атқарған Ақтөбе қаласы мен облыстың барлық аудандарындағы мыңдаған азаматтардың еңбегі дер едім. Сондай-ақ аталған шараны ұйымдастыру барысында басы-қасында болған, сол кездегі Қобда ауданының әкімі Серік Ботағарин, ақын, журналист Мейірхан Ақдәулетұлы бастаған редакциялық топ, «Қобыланды батыр» қоры қаржысының мақсатты жұм­са­луына атсалысқан Ғани Бурин, бел­гілі сәулетші Бек Ибраев қалыптаған ме­мо­риалдық кешен құрылысын соңына дейін бақылауда ұстаған сол жылдардағы облыс­тың бас сәулетшісі Болат Егімбаев пен құрылыс басқармасының басшысы Бердияр Пірімбетов, жол салу мәселесімен айналысқан Бағлан Баймағамбетов, Мәлік Жекеев, Қобыланды батыр туралы тарихи мәліметтерді жинақтаған сол кездегі облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Бекарыстан Мырзабай, батыр атамызға арналған театрландырылған кө­­­­ріністің сценарийін жазған Ұзақбай Қауыс, көріністі ұйымдастырған облыстық мәде­ниет басқармасы, облыстық театр және Есен­­гелді Дүйсенбаев басқарған филармо­ния әртістері, басқа да азаматтар батыр ата­ аруағын мәңгі есте қалдыруға аянбай қыз­мет етті.

Ақтөбедегі қызметімнен сегіз жылдан кейін, 2015 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде жұмыс сапарымен облысқа бару бақыты бұйырды. Өңір мені даму қарқынымен таңғалдырды. Бір ғана мысал, бірнеше жыл бұрын Ойылға, Ырғызға баратын жолаушыны жол қиындығы титықтатса, осы жолы сайраған асфальт бізді Ырғызға қысқа уақытта жеткізіп, шалғай елді мекеннің газбен қамтылғаны туралы қуанышты хабарды естідік.  

Одан соң, Президент Кеңсесінің Бас­тығы Махмұд Қасымбековтің идея­сы­мен өңірлерге жол тартқан Елбасы кітап­ханасының «Н.Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» атты көшпелі көрмесі аясында Ақтөбе топырағына өткен жылдың кү­зін­де тағы да жол түсті. Жүз мыңнан ас­там ақтөбеліктер, еңкейген қарттан мек­тептегі оқушыға дейін Елбасының жүріп өткен жолы мен қызметі арқылы тұтас Қа­зақстанның даму жолын баяндайтын көрмені үш ай бойы тамашалады. Оның дәлелі – Ақтөбе жұртшылығының атынан өңірдің бір топ зиялы қауым өкілдерінің көшпелі көрменің ұйымдастырылғаны үшін Мемлекет басшысына ризашылық хатын жолдауы. Сонымен қатар көрменің жабылу салтанатында сол уақытта облыс басшысы болған Бердібек Сапарбаев бас­таған игі жақсылар шын жүректерімен ұйымдастырушыларға алғыс айтты.

Жалпы, 2007, 2011 және 2018 жылдар аралығындағы жоғарыда атап өткен мәнді өзгерістер – Ақтөбе облысының өңірлік дамудың, оның ішінде әлеуметтік нысандар құрылысында мемлекет-жекешелік әріптестігі іскерлікпен қолданудың үлгісін көрсетіп келе жатқан аймақ екенін тағы бір дәлелдейді. Ең бастысы, бір облыстың дамуын мысалға ала отырып баяндалған жетістіктер – Қазақстанның Тұңғыш Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел­ тари­хының 30 жылға жуық айтулы ке­­зе­ңінде сан түрлі сынақ пен маңызды ше­шім­дерге толы қайраткерлік қадамын, Пре­зидент Стратегиясының өңірлік даму­дың драйвері екендігін жан-жақты аша түседі. 

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ,

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы кітапханасы директорының бірінші орынбасары,

саяси ғылымдар докторы, профессор