Аймақтар • 06 Наурыз, 2019

Тарих белестері және жарқын жеңістер

1280 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамды демократияландыру процесінде халықтық биліктің негізгі формалары ретінде жергілікті өкілді органдар – мәслихаттарға және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына маңызды рөл беріледі. 

Тарих белестері және жарқын жеңістер

Биыл Түркістан облыстық мәсли­хатының құрылғанының айтулы мерейтойы есік қағып тұр...

Мемлекеттік басқару жүйесіндегі қайта құрулардың нәтижесі ретінде 1994 жылғы 7 наурызда тұңғыш рет еліміздің жергілікті өкілді органдарына – мәслихаттарға депутаттар сайлауы өткізілді. Солы жылы Түркістан облыстық мәслихаты-депутаттар жиналысының депутаттарын сайлау үшін облыс бойынша 977 389 азамат тіркеліп, олардың 783 771-іне бюллетень берілді. Сайлауда 783671 адам дауыс берді, ол сайлаушылардың жалпы санының 80,2 пайызы еді. Сайлау­дың қорытындысы бойынша 47 сай­лау округінен алдын ала тіркелген 130 кан­ди­даттан 47 адам депутат болып сайланды.

Бірінші шақырылымдағы Түркі­с­тан облыстық мәслихаты-депутаттар жи­на­лысының алғашқы сессиясы 1994 жылғы 29 наурызда өтті. Бұл күн Түркістан облыстық мәслихаты жыл­на­ма­сының жаңа парақшаларын ашып берді. 

Бірінші шақырылымдағы Түркі­с­тан облыстық мәслихатының хатшы­сы болып Қуанышбек Бөлтаев сайланды. 

Бірінші шақырылымның (1994–1999 жж.) депутаттары үшін бірінші кезекте зейнеткерлерге, ардагерлерге, мүгедектерге, материалдық жағдайы төмен адамдарға атаулы көмек беруге басымдық берді. Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары кез келген мәселені талқылау барысында ең алдымен тұрғындардың барлық топтарының мүдделерін ескерді.

Бірінші шақырылымдағы облыс­тық мәслихат жиналысының бюд­жетті дамыту, экономикалық және әлеу­меттік даму мәселелері жөніндегі тұрақ­ты комиссиясының төрағасы болып Орынбай Рахманбердиев сайланса, Мемлекеттік-құқық мәселелері, заңды­лықты, азаматтардың құқық­тары мен бостандықтарын сақтау мәселе­лері жөніндегі тұрақты комис­сияның төрағасы – Мұрат Жұрынов, Әкімшілік-аумақтық құрылыс және қоғамдық өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы – Юрий Кирюхин, Депутат өкі­леттілігі мен депутат этикасы мәсе­лелері жөніндегі тұрақты ко­мис­сия­ның төрағасы – Иманәлі Бай­дәулетов, тексеру комиссиясының төрағасы – Павел Добрица болды.

Міне, содан бері табаны күректей 25 жыл өтті. Халық сайлаған облыстық мәслихат депутаттарының барлығы дерлік халық аманатына адал болды. Қал-қадерлерінше ел өміріндегі күрмеулі мәселелердің шешілуіне жәрдемдесті. 

Облыстың жергілікті өкілді орган­дарында оның бірінші шақыры­лымынан бастап бүгінгі таңға дейін 3592 сессия өткізіліп, облыстық мәс­ли­хат депутаты ретінде – 313 адам, қалалық және аудандық мәслихат­тардың депутаты ретінде 1620 адам жұмыс істеді. Бүгінгі таңда облыстық және 16 аудан, қала мәслихаттары жұмыс істеуде. Депутаттық корпус 289 адамды құрайды, оның ішінде 15-і – әйел депутаттар.

Уақыт пен тарих кеңістігіндегі өлшеммен 25 жыл деген аз ғана мер­зім болғанымен, еліміз осы кезең ішінде талай белестерді бағындыра білді. Ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің ауыз толтырып айтарлық жарқын жеңістерінде жергілікті өкілді органдардың да қосқан үлесі зор.

Бәрімізге белгілі, егемендік ал­ған 90-жылдары ел экономикасы тұралап, тығырықққа тіреліп тұрған кез болатын. Барлық өңірлермен қатар Оңтүстік Қазақстан да ауыр сәттерді бастан кешірді. Бұл электр энергия­сы, газ, ауыз су, жылу мәселелері ха­лықты әбден қажытқан жылдар еді. Ұлттық валютамыз қолданысқа енген 1993 жылы облыстың бюджеті 379,9 млн теңгені құраған болса, 25 жыл­да ол 565,1 млрд теңгеге жетті. 1993 жылғы облыстың бюджетінде әлеу­мет­тік салаға 220,9 млн теңге көз­дел­ген болса, 25 жылда ол 341,2 млрд теңгені құрады. 

Бұл ширек ғасыр ішінде ғана қол жеткізілген жетістіктерді 2018-2019 жылдар межесімен есептейтін болсақ, тағы да көңіл тоғайтатын өсімдер алдымыздан шығады. 2018 жыл­дың қорытындысымен жалпы өңір­­лік өнім көлемі 1103,9 млрд тең­­ге сомасында қалыптасты. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 3,9 пайызға артық. Ал өнеркәсіп өнімі 453,8 млрд теңгеге жетті. Алдыңғы жыл­мен салыстырғанда 48,1 млрд теңгеге көбей­­гендігі дамудың жаңа дең­гейін­де келе жатқандығымызды аңғартады.

Елбасының шағын және орта кәсіпкерлікке ерекше назар аударып отырғандығы бәрімізге белгілі. Осы ретте Түркістан облысында кәсіп­кер­лік субъектілерінің саны 130 804 бір­лікке жетіп, республика бойынша екінші орында келе жатқанын мақ­танышпен айтуға болады. 

Халық қалаулыларының сайлаушыларына және мемлекетке қалай еңбек сіңіргенін аға буын мен бүгінгі буын арасынан марқұм Манап Өтебаев пен белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың атқарған қызметі арқылы аңғаруға болады.

1991 жылы Қазақстан тәуелсіздік алып, сол жылдары үлкен әлеуметтік дағдарысқа ұшыраған кезде, Манап Өтебаев Шымкенттегі Орталық стадионды өзі басқаратын колледж­дің балансына алып, халық игілігі үшін сақтап қалып, спорт саласына қам­қорлық жасағанын облыс халқы әлі ұмыта қойған жоқ.

Меценаттығы, оқу орны­ның басшысы және азамат ретін­де жа­са­ған қайырымдылық іс-шара­лары оның өмірінде ерекше орын ал­ды. М.Өтебаевтың еңбегі 1999 жы­­лы ЮНЕСКО тарапынан жо­ға­ры баға­ланып, осы Халықаралық ұйым­ның «Алтын медалімен» марапатталды.

Ал белгілі кәсіпкер С.Сейіт­жанов­тың өнегелі істерін Елбасының өзі үлгі ретінде кәсіпкерлерге үнемі айтып отырады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтардан ел қиналып, бюджеттің аз қаржысы етектен тартса басқа жетпей жатқан уақыт­тары Серікжан Сейітжанов Шілік ауылына мектеп, мешіт салып берді. Қазақтың азаттығы үшін жанын аямаған аяулы ұлдарына ескерткіш көтерді. Өз сайлаушыларының аманатынан бөлек, өз қаржысына ол көтерген балабақша, мектеп, спорт алаңшаларын санап беруге он саусақ аздық етеді. 

Елге еңбегі сіңген азаматтары­мызды әрі қарай жүлгелесек олардың қатары әрине, көп. 

Мәселен, облыстың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуына Әбілқасым Досболов, Рахым Тәңірбергенов, Дулат Әбіш, Сәду Бекенов, Өмірзақ Мелдеханов, Лесбек Ташимов, Қайрат Сапарбаев, Талғат Баймаханов, Шәріпбек Жамалбеков сынды халық қалаулылары жақсы еңбек сіңірді.

Ал жол, көпір салу ісіне және әлеу­меттік нысандар бағдарламалары бойын­ша Рәшкүл Оспанәлиева, Қай­рат Молдасейітов сияқты депутат­тары­мыз белсенді әрекет етсе, мем­лекет-жекешелік әріптестік бағ­дар­ламасын іске асыруда Дәурен Ах­метов, Жаңабай Ағабеков, Мұрат Төл­тебаев, Бекасыл Төлендиев, Алмас Сәлімов, Әсет Қайыпбековтер қолдау көрсетті.

Елбасы агрокешендерді дамытуды еліміздің үлкен болашағы ретін­де қарастырып отыр. Мемлекет бас­шысының идеяларын іс жүзін­де жүзеге асыруға Нұрәлі Әбішев, Нұр­­­жан Әшіров, Бақытжан Серма­низов және Үмбет Жүсіпбаев сынды азамат­тарымыздың атсалысып отыр­ғандығын айтқан жөн.

Жуырда облыс әкімінің бастамасымен және облыстық мәсли­хат­тың жас бизнесмен депутаттары М.Төл­тебаевтың, Ә.Қайып­беков­тің, Қ.Сү­лейменовтің және Ж.Аға­беков­тің қолдауымен 7 бала тәр­бие­леп отыр­ған ана, Мемлекет басшы­сы­ның қатысуымен Астана қала­сында өт­кен Жастар форумының қатысу­шы­сы Жазира Тұрғыноваға Төлеби ауда­ны­ның Ленгер қаласынан 4 бөл­мелі жер учаскесі бар үй сатып алып берілді.

Оның сыртында аты аталмай қал­ған барлық халық қалаулыларының өз сайлау округтарындағы тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға үнемі қайырымдылық көмек көрсетіп келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады.

«Қайырымды істің қайырымы мол» дегендей, 2017 жылы облыс­тық мәслихат депутаттары елорда­мыз – Астанада өткен ЭКСПО-2017 көр­­месін тамашалау үшін 68 млн тең­ге­ден астам жеке қаражаттарына 17 мың билет сатып алып, оларды өз сай­лау учаскелерінде ардагерлерге, мү­ге­­дектерге, аз қамтамасыз етілген от­­ба­­сыларға тегін таратып, Астана қа­ла­­­сына барып келуін қамтамасыз етті.

2018 жылғы 5 маусымда облыс­тық мәслихат Шымкент қала­сын рес­публикалық маңызы бар қала­лардың санатына жатқызу және Оңтүс­тік Қазақстан облысының әкім­шілік орта­лығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіру туралы Үкімет­ке ұсы­ныстар енгізу жөнінде тарихи шешім қабылдады.

Нәтижесі бойынша Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 19 маусымда №702 Жарлыққа қол қойып, соған сәйкес Түркістан облысы құрылып, орталығы Түркістан қаласына көшірілді, ал Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді.

Облыстық мәслихаттың 2018 жыл­ғы 20 ақпанда өткен сессиясында Мақтаарал, Сарыағаш аудандарын екіге бөлу туралы Қазақстан Рес­публикасы Үкіметіне ұсыныс енгізу жөнінде №20/237-VІ шешім қабылданып, бірқатар жұмыстар жүр­гізілді. Атқарылған осындай жұ­мыстардың нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасы Прези­дентінің 2018 жылғы 5 маусымдағы №698 Жарлығы қабылданып, әкім­шілік орталығы Жетісай қаласы болатын Жетісай ауданы, әкімшілік орталығы Мырзакент кенті болатын Мақтаарал ауданы, сонымен қатар әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласы болатын Сарыағаш ауданы және әкімшілік орталығы Абай ауылы болатын Келес ауданы құрылды. 

Облыстың әкімшілік-аумақтық құ­ры­лысындағы осындай өзгерістер өңір­ді тиімді мемлекеттік басқару мен қарқынды дамыту тұрғысында қа­был­данған маңызы зор тарихи шешім болды деп нық сеніммен айта аламыз.

Бұл орайда, Мемлекет басшы­сының сенімі үдесінен табылып, Отанымыз бүгінгіден де қуатты, тұғыры биік мемлекет болуы үшін барлығымыздың «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруымыз» маңыз­ды болмақ. Баршаңызды мере­ке­леріңізбен құттықтаймын.

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы