Футбол • 06 Наурыз, 2019

Чемпиондар лигасында тосын нәтиже тіркелді

1069 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 

Сейсенбіден сәрсенбіге қараған түні футболдан УЕФА Чемпиондар лигасынының 1/8 финалының қарымта ойындары өтті. Бұл бәсекелерде «Реал» (Мадрид, Испания) мен «Аякс» (Голландия) және «Боруссия» (Дортмунд, Германия) мен «Тоттенхэм» (Англия) шеберлік байқасты.  

Чемпиондар лигасында тосын нәтиже тіркелді

Тосын нәтиже Мадридте тіркелді. Сырт алаңда «Реал» 2:1 есебімен жеңіске жеткенде, олардың келесі кезеңге өтетініне күмәнданғандар кемде-кем еді. Алайда «Сантьяго Бернабеу» стадионында өткен кездесуде қонақтар өздерін мүлде басқа қырынан көрсетті. Ойын тізгінін бірден қолға алған «Аякстың» ойыншылары бірінші кезеңде қатарынан рет нысананы дәл көздеді. Бұл голдардың авторлары – Хаким Зийех (7 минут) пен Давид Нерес (18 минут). Үзілістен кейін де голландиялықтар қарқынын еш бәсеңдетпей, 62 минутта Душан Тадич үшінші допты салды. 70 минутта Марко Асенсио есеп айырмашылығын қысқартқанымен, арада екі минут өтпей жатып Лассе Шене тағы да бір гол соқты. Есеп – 1:4.

Дортмундта өткен матч аса тартысты болмады. Сырт алаңда қарсыластар қақпасына жауапсыз үш гол соққан «Тоттенхэмнің» ойыншылары неміс жерінде де «Боруссиядан» басым түсті. Есеп – 1:0. Осылайша, «Аякс» пен «Тоттенхэм» ширек финалға жолдама алды. Ал бүгін түнде сіздер «Порту» (Португалия) мен «Рома» (Италия) және ПСЖ (Франция) мен «Манчестер Юнайтед» (Англия) арасындағы матчтарды тамашалайсыздар.   

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Egemen Qazaqstan»