Қазақстан • 07 Наурыз, 2019

Жастардың ғылымға келуі бәсекелестікті арттырады

2198 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

«Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» деген бір ғасырдан астам уақыт бұрын хакім Абай. Соңғы жылдары «Біліммен ғылымға бөлген қаржы – болашаққа салынған инвестиция» деген қанатты сөз де елдің аузында жүр. Айта берсек, ғылым-білім туралы ғақылия көп. «Кремний алқабының қазақстандық баламасын жасаймыз!» деген сарындағы асқақ ұрандар да көп айтылады. Ал іс жүзінде «болашаққа инвестиция» қалай салынып жатыр? Келешекте ғылым көшін өрге сүйрейтін буынның қазіргі халі қалай? 

Жастардың ғылымға келуі бәсекелестікті арттырады

Жастар ғалым болғысы келе ме?

Елімізде ғылымның беделі төмен екенін, ғылыммен шұғылдануға қызы­ғу­шылық азайып бара жатқанын басқа емес, ғалымдардың өзі айтып, дабыл қаққанына талай жылдың жүзі бол­ды. Әсіресе, соңғы бірнеше жылдың бе­дерінде ғылымға бет бұрған жастардың қатары қатты кемігені осы проблеманы айғақтай түседі. Ұлттық экономика ми­нистрлігі Статистика комитетінің 2017 жылғы дерегіне жүгінсек, бүгінгі таңда елімізде 22 081 адам ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Олардың ішінде жасы 25-ке жетпегендері – 1909, 45-ке толмағандарының саны 16 мыңға жуықтайды. 

2014 жылғы есеп бойынша, Қа­зақ­станда ғылымнан нан іздеген жандардың саны 25 мың 793 адам болса, 2015 жылы бұл көрсеткіш 24 мың 735-ке азайған. 2016 жылы күрт төмендеп, 22 985 ға­лым қалған. 2017 жылғы деректі жо­ғары­­да келтірдік. Егер кейбір деректер бойынша тоқсаныншы жылдары азат­тық­тың алтынкүрек желі енді есе бас­та­ған тұста ғылыми-зерттеулермен шұғыл­да­на­тындардың саны 42 мың адамнан асып түскенін ескерсек, қазіргі көрсеткіш екі есеге дейін құлдырағанын аңғарамыз.

Бір айта кетерлігі, жалпы ғалым­дар­дың ғана емес, ғалым болсам деген жастар қатарының кему үрдісі күшейіп бара жатқандай. Ал жастары ғылымға қызықпайтын, ғылым культі жоқ елде «қазақстандық кремний алқабын құру» сияқты идеялардың құрғақ қиял күйінде қалатыны анық. 

Бұрынғы Қоғамдық даму министр­лігінің қолдауымен жасалған «Қазақ­стан жастары-2018» Ұлттық баянда­ма­сын шолып, саладағы ахуалды ба­жайлауға тырысқан едік. Осы еңбекте көрсетілгендей, 2017 жылы елімізде ғы­лыми-зерттеулермен және әзірлемелер жасаумен 386 мекеме айналысқан екен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда, мекемелер саны 3-ке көбейгенін көрсетеді. 

Есесіне 2014 жылғы көрсеткіштен (392 мекеме) төмен. Ғылыми зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жұмыстар жүргі­зетін орталықтар негізінен Алматы (131 мекеме) мен Астанада (62 мекеме) шоғыр­ланған. Солтүстік Қазақстан, Пав­лодар, Қостанай облыстары бұл көр­сет­кіш бойынша ең төменгі сатыларда. 

Жарайды, ғалым көп елде де ғылым шарықтап дамып кетеді деу­ге бола қоймас. Мәселе ғы­лым­­­ның әкелетін пайдасында, өнер­кәсіпке, экономиканың түрлі салаларына, тұрмысқа енгізетін озық жаңалығында екені түсінікті. Бұл орайда да айдарымыздан жел есіп тұр деп айта алмас едік. Физика-математика ғылымдарының докторы, Техникалық физика және экология мәселелері жөніндегі ҒЗИ директоры Темірғали Көкетайдың айтуынша, Қазақстан әр салаға ен­гізген ғылыми жаңалықтар көр­сеткіші бойынша дүние жүзіндегі ал­ғашқы алпыс елдің санатында жоқ. Отандық кәсіпорындардың да инновациялық белсенділігі дамыған елдерді айтпағанда Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Украина сынды елдерден төмен. 

– Ғылымнан жаңа әрі жақсы нәтиже алу үшін зерттеушілер көп болу керек. Сонда бәсекелестік артып, саннан сапа туады. «Көп ақша беремін, 2-3 жылда жаңалық аш» деп кесіп айтуға тағы болмай­ды. Қаражаты аз, қатары кем ғалымдар­дың беретін өнімі де төмен болады. Он­дай жолмен ғылымды дамыту мүм­кін емес, керісінше құрдымға жіберіп алуымыз мүмкін,– дейді Т.Көкетай. 

Бөлінетін қаржы 0,16 пайыз

Сонымен, ғылымға құмар жас­тар аз екенін көрдік. Өндіріске ен­гі­зіл­ген ғылыми жаңалықтар, патент алу бойынша да мақтанатын дең­гейде емес екенбіз. Бұған не себеп? Бәлкім, проблеманың төркіні қар­жыландыруға келіп тірелетін болар?

Бүгінгі таңда ғылымды қаржы­лан­дыруға елімізде ІЖӨ-нің 0,16 пайызы ғана бөлінеді. Қазақ­станның Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйымына қосылуға ниетті екенін ескерсек, бұл көрсеткішті айтарлықтай көте­руге тура келеді. Себебі, атал­ған­­­­ ха­­лықаралық ұйымға қосылу үшін эко­­номиканың жаңа жоғары тех­нологиялық салаларын қалып­тас­тырып, ІЖӨ-нің кемінде 3 пайызын ғылымды дамытуға жұмсау керек деген талап қойылады. 

Жалпы, ғылымға ІЖӨ-нің 1 па­йыз немесе одан төменгі үлесі ба­­ғыт­талуы ел үшін ғылыми-тех­­никалық тұрғыда қауіпті саналатынын да айта кетейік. Біздегі көрсеткіш осы шектен бақандай 6 есеге төмен. 

Forbes.kz-тің Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап берген деректеріне сүйенсек, соңғы төрт жыл ішінде ғылым саласын дамытуға бөлінген қаржының жалпы көлемі де, олардың нақты номиналды саны да құлдыраған екен. Мәселен, 2015 жылы 20155 ғылыми жобаға 16,7 миллиард теңге бөлініпті. 2016 жылы жоба саны 1581-ге, қаржыландыру 11,8 миллиардқа түскен. 2017 жылғы көрсеткіш – 1558 жоба, 10,5 миллиард теңге. Был­тыр 1096 жобаға 9,5 миллиард­ тең­ге бөлінген. Яғни, ғылымға құ­мар­т­қан адамдардың азайғаны, ғы­лыми-зерттеу және тәжірибелік-конс­трукторлық жұмыстармен айналысатын мекемелердің қысқарғаны қар­жыландыру көлемінің кеміге­німен тікелей байланысты деген қоры­тынды жасауға негіз бар сияқ­ты. 

Дегенмен, ауызды қу шөппен сүрте беруге тағы болмайды. Был­тыр Дүниежүзілік даму банкі мен Білім және ғылым министрлігі Ғы­лым комитетінің қолдауымен елімізде «Постдокторанттардың (PhD) зерттеулері мен тренингтерін қолдау гранттары» бағдарламасы бастау алды. Дүниежүзілік банктің «Өнімді инновацияларды қолдау» жобасының аясында отандық ға­лымдарға ағылшын тілін үйрету қолға алынып, 5 мың ғалымды қам­тыған екен. Ғылым мен ғылыми-техникалық жұмыстарды «Ғылым қоры» АҚ-ның, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ-ның қаржылай қолдауы инно­вациялардың өндіріске енуіне бір­шама ықпалын тигізіп келеді. 

Еліміздің Стратегиялық даму жос­­пары бойынша ғылыми зерттеу­лер және тәжірибелік-конструк­тор­­лық жүргізу орталықтарына бө­лі­нетін қаржы көлемін ІЖӨ-нің 1 па­йы­зына дейін көтеру межеленіп отыр. 

Алпауыт елдер ақша аямайды

Әлемнің дамыған мемлекетте­ріне, алпауыт компанияларына ор­тақ қасиеттердің бірі – ғылымнан ақ­ша аяп қалмайтыны деуге болатын шығар. Жыл өткен сайын бұл көрсеткіш ұлғайып бара жатқанын да атап өту керек. Мәселен, ІЖӨ-нің 1 пайызын жұмсау туралы межеге АҚШ 1997 жылы қол жеткізген екен. 

Ресейдің «Жоғары экономика мектебі» ұлттық зерттеу универ­ситетінің жанындағы зерттеу инс­титуты былтыр осы салаға ең көп қаражат бөлетін 10 елдің тізімін жа­сап, АҚШ-ты алдыңғы орынға қойды. 2017 жылы Америка бұл салаға 511,1 миллиард доллар, яғни, ІЖӨ-нің 2,74 пайызын жұмсапты. Әрбір зерттеушіге жұмсалатын ақша көлемі бойынша АҚШ екінші орында – 359,9 мың доллар. 

ІЖӨ-нің 2,12 пайызын, сәйке­сінше 451,2 миллиард доллар бөлген Қытай екінші орынға жай­ғасты. Көршілес елде әр зерттеушіге 266,6 мың доллардан келеді екен. 

Әлемдік ғылымның көшбасшы­лары санатындағы Жапо­ния үшінші орында –168,6 миллиард доллар. Жоғары технология, автокөлік өндірісі, энергия үнемдеу, роботтехника, медицина, ғарышты зерттеу салалары ерекше дамыған елде зерт­теушілердің саны 670 мыңнан асады. 

Өзге де Батыс Еуропа елдері сияқты, Германияда ғылымға негізі­нен жеке бизнес қаражат құюға құш­тар көрінеді. 118,5 миллиард дол­лардың басым бөлігі ірі компания­лар тарапынан бөлініп, қалғаны мемлекет тарапынан жұмсалуы осыны көрсетеді. 

ІЖӨ-нің 4,24 пайызын ғылымға жұмсайтын Оңтүстік Корея бұл көрсеткіш бойынша әлемде екінші орын алады. Samsung, Hyundai-Kia, LG, POSCO сынды алпауыт кор­пора­циялар Кореяны өрге сүйреп келе жатқанын ескерсек, ІЖӨ-нің өсімінің өзі осы ғылымның нәтижесі деуге негіз бар. 

Озық ондықтың сапында Фран­ция (62,2 миллиард), Үндістан (50,1 миллиард) Ұлыбритания (47,2 миллиард), Бразилия (41,1 миллиард), Ресей (39,9 миллиард) бар. 

Ғылымға салынатын корпора­тив­тік инвестицияның жөні бір бөлек. Бүгінгі таңда бірқатар транс­ұлттық корпорациялардың ғы­лымға құйған инвестициясы көлемі жағынан талай дамушы мемлекеттердің инвестициясын он орап алғандай. Мәсе­лен, Samsung осы бағытқа 14 миллиард доллар бөледі екен. Apple, Volkswagen, Intel сынды алпауыттар да одан кем жұмсамайды. 

Бір айта кетерлігі, трансұлттық компаниялардың корпоративтік инвестициясы қандай да бір елдің аумағымен шектеліп қалмайды. Мысалы, Samsung  бөлген қыруар қар­жының 10 пайыздайы ғана Ко­реяда қалып, қалғаны АҚШ, Израиль, Фран­ция, Үндістан сын­ды әлемнің әр түкпіріндегі инно­ва­ция­лық ор­та­лықтардың, инно­ваторлардың кәдесіне жарайды екен. Сарапшылар осы құбылысқа байланысты ғылымды қаржыландыру әлемінде шекара қалмағанын, транс­ұлттық компаниялардың қарқынына дамушы елдердің төтеп беруі қиынға соға­тынын айтады. Есесіне бұл ин­но­ваторларға, талапқа тез бейімделе алатын инновациялық орталықтарға жаңа мүмкіндіктер береді. 

Жоғарыда «Өнімді инновация­ларды қолдау» жобасы бойынша отандық ғалымдардың ағыл­шын тілін меңгеріп жатқаны тура­лы айт­қанбыз. Ағылшын тілі олар­ға ха­лықаралық ұйымдардан, ком­па­ниялардан зерттеулерін қар­жы­ландыруға қажетті қаржы алуына жол ашуы мүмкін. Қысқасы, шет тілін меңгеру отандық ғалымдардың жаһандық ғылымды қаржыландыру нарығына енетін баспалдағы болады деген үміт бар.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»