Парламент • 07 Наурыз, 2019

Сенатор Н.Бекназаров: Білім сапасы – басты мақсат

1081 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының депутаттары Дархан Сатыбалды мен Нұрлан Бекназаров жұмыс бабындағы сапармен Шымкентте болды. Сенаторлар қалада бірқатар мекемелерде еңбек ұжымдарымен кездесіп, «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Президент Н.Ә.Назарбаев жария еткен әлеуметтік бастамаларды жұртшылыққа жан-жақты түсіндірді. Бұл туралы Парламент Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.

Сенатор Н.Бекназаров: Білім сапасы – басты мақсат

Қала тұрғындарымен кездесуде әлеуметтік мәселелер туралы айтылып, Елбасы жария еткен көпбалалы отбасылардың балаларына төленетін жәрдемақыны алу жолдары талқыланды. Сенаторлар әрбір тұрғынның мәселесіне назар аударып, тиісті сала басшыларының қаперіне ұсынды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан атқарушы орган басшылары мен мәслихат депутаттарына осы бағытта кешенді шараларды іске асыру үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырды. 

Кездесуге қала тұрғындарымен қатар мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, экономикалық даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғалымжан Балтаев және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Депутаттар Шымкенттегі Сәуле шағын ауданындағы №129 мектепте болып, ғимараттың қауiпсiздiк жүйелерi, асхана, кітапхана, спорт, мәжiлic залын аралады. Еңбек ұжымымен кездесу барысында оқу-тәрбие жұмыстарының барысымен танысып, ағарту саласындағы маңызды проблемалар, мұғалiмдердiң, жалпы білім саласы мен жергілікті халықпен тікелей қызмет атқаратын әкімдік қызметшілерінің еңбекақысын көтеру мәселелері бойынша әңгіме өрістеді.

– Білім саласындағы реформалар оқыту деңгейін көтеруге бағытталған. Балалар еліміздің болашағы. Сондықтан білім сапасын жоғары ұстау негізгі мақсат болып отыр. Балалардың оқуы мен  денсаулығына тікелей әсер ететін ауқымды істердің арасында мектеп асханасының да жұмысы маңызды, оны мектеп басшылығы қадағалау керек, - деді Нұрлан Құдиярұлы.

Сенатор Дархан Сатыбалды қаладағы үш ауысымда оқытатын мектептер саны алдағы жылдары азая түсетініне, білім сапасы жоғары болатынына  сенім білдірді.

Кездесу соңында сенаторлар мектептің тілек дәптеріне өздерінің жылы лебіздерін жазып, оқушыларды сабақты үздік оқуға шақырды.

Депутаттар сапар барысында Тұран шағын ауданындағы көп қабатты үйлердің құрылысымен, Бадам өзенiндегі көпірдің, А 2 айналма жолы мен Қызылорда бағытындағы жол құрылыстарының жұмысымен танысты.