Қазақстан • 08 Наурыз, 2019

Баланың да, араның да бабын тапқан ана

1476 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жалқауларды жақтырмайтын бал арасы адамды еңбек­қорлыққа үндейді, тазалықты талап етеді. Омарташыдан жағымсыз иістер шығып тұрса, аралар оны шағады екен. Жалпы бал арасының адам баласына үлгі етерліктей қасиеті көп, соның кейбірін көп балалы Гүлшад ананың бойынан да тапқандай болдық. Еңбекқор ана ұл-қыздарының да жалқау болғанын қаламайды, қиындыққа мойымай алға ұмтылады, табандылық пен адалдық, жүктелген жұмыс қалтқысыз, уақытында орындалады...

 

Баланың да, араның да бабын тапқан ана

Сегіз ұл-қызы бар Гүлшад ана отағасы Талғат екеуі бал арасын өсірумен айналысып келеді. Балалардың алтауы мектепте, екеуі балабақшада. Ананың айтуынша, балаларға тәулік бойы көңіл бөлу керек, қамқорлыққа алу, заман талабына сай тәрбиелеу сын­ды ата-аналық міндет те үзі­ліс­сіз жүргізілуі тиіс. «Ал енді бал арасы да балаға қарағандай ғой, тазалығы, дәріленуі, қорек­тен­діру, дер мезгілінде жасалуы тиіс күтімі бар. Үлгеріп жа­тыр­­мыз. Әрине сегіз ұл-қыз­дың тәр­биесі бірінші кезекте, олар мек­тепте, балабақшада бол­ған уақытты бал арасына ар­най­мыз. Балалар оқудан тыс уа­қы­­тында көмектесіп, еңбек әліп­песін үйренуде. Көп балалы ана­мын деп, тек мемлекеттің көме­гіне се­ніп, бос отырғым жоқ. Бала­лар­ға беріліп жатқан жәр­дем­ақы­лар­дың көмегі бар, әрине. Бірақ ұл-қыздарымның ер­те­ңіне сенімді болуы, қатары­н­ан қал­мауы үшін қарап отырмай бар мүм­кіндікті пайда­лануы­­мыз қажет», деді Гүлшад ана бізбен әңгімесінде.

Көп балалы ананың көп­­ші­­лікке айта бермейтін, жария ет­кенді қаламайтын бір құ­пия­­сы бар. Ілгеріде жасал­ған опе­ра­­циядан кейін жүре алмай, мүге­дек болып қал­ған. Дегенмен бала­­ларының болашағына алаң­даған ана тағдырдың бұл сынына сын­баған, төзімділік пен өмірге құш­тарлық демеу болып алға жете­леген. Отағасы Талғат та үй шаруасына көмектесіп, ана­ның аяққа тұруы үшін барлық жағдайды жасап бақты. Бүгінде Гүлшад ана балдаққа сүйеніп, бар күш-жігерін балаларының да, бал арасының да күтіміне арнап, жағдайларын жасап жүр. 

Кейіпкеріміз өмір сүріп жат­қан Қазығұрт ауданы Қақ­пақ ауыл­­­дық округіне қарас­ты Сырлысай ауылының таби­ға­ты тамаша, адамдары еңбек­қор. Ауылдың оң жақ тұсы бау-бақша, сол жақ бөлігін биік қыраттар қоршап тұр. Бүгін­де ауыл тұрғындары бау-бақ­шамен қатар бал арасын өсірудің де қыр-сырын мең­гере бастапты. Иә, Гүлшад ана да бұрын қазақтың ебі жоқ сияқ­ты көрінетін кәдімгі омарта­шылықты қолға алған. Бұл орайда оған «Атамекен» кәсіпкерлік пала­тасының жергілікті өкіл­дері қолдау көрсетіпті. Несие алу, кәсіп ашу жолдары бойын­ша кеңес берген. Сөйтіп, Сыр­лы­сайдың тұрғыны Гүлшад Вафаева «Ауыл шаруашы­лы­ғын қар­жы­лай қолдау қоры» жеңіл­дікпен берген 3 млн теңге несие­ге 100 ұялы бал арасын сатып ала­ды. Оған екі отбасылық 50 омар­таны (жәшік) тағы қосады. «Не­сиені былтыр тамыздың басын­да алдық. Аралар әлі бал бере қойған жоқ. Осы көктемде көк­ке, таудың гүл бөктеріне жайы­ла бастады. Биыл бұйырған несі­бемізді алға­лы отырмыз», дейді Гүлшад Фархадқызы.

Гүлшад пен жұбайы Талғат Расулов Сырлысайға Өзбек­стан­нан 2008 жылы көшіп келген екен. Бал арасын өсірудің қыр-сы­­рын көрші елде меңгерген. Ал­­ды­­мен бірнеше ұялы омарта ал­­ған отбасы біртіндеп оның санын 10, 20-ға дейін көбейткен. Ал ата­жұртқа қоныс аударғанда бал ара­сын екі ел арасындағы ке­­ден­­нен алып өтуде көптеген ке­дер­­гілерге тап болған Гүлшад пен Талғат отбасылық бизнесті бі­раз уақытқа тоқтатты. «Өзбек­стан­­­мен шекарада орналасқан Сыр­­лы­сай ауылы – жаңадан құ­рыл­­ған елді мекен. Мұнда көшіп кел­­ген соң үй салып, балаларды аяқ­тан тұрғызып алу керек бол­ды. Біраз уақытты осындай тұр­мыс­­тық мәселелерді шешуге жұм­­са­­дық. Енді міне, қайтадан өзі­міз­ге ың­ғайлы кәсіпті қолға алып жатырмыз. 

Бал арасын өсіру оңай емес. Негізінен өзім айналысамын, сондай-ақ үлкен ұлым Асыл­бек көмектеседі. Ұлдан кейін­гі төрт қызым үй шаруа­сына қол­­ғабыс жасайды. Қыздардан кейін­­гі үш ұл әлі кішкентай. Бар­лы­ғы үй шаруа­сына араласып, қол­дарынан келгенінше көмек­теседі», дейді көп балалы ана.

Емдік қасиеті мол балға, әсі­ре­се оның таза табиғи түріне сұ­раныстың артып отырғанын ескер­ген Гүлшад ана­ның ертеңгі күннен күтері көп, жоспар-жобалары да жетер­лік. Сапалы бал іздеп, Сыр­лы­сайға арна­йы атбасын бұра­тындардың кө­бе­йе түсетінінен де үмітті. 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, 

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше