Аймақтар • 10 Наурыз, 2019

Қазатком ауылының тұрғындары ауыз су тартуға неге наразы

1465 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілер қосынына Қалиақбар Досымов есім азамат арнайы келіп, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазатком ауылы тұрғындарының шағымын жеткізді.

 

Қазатком ауылының тұрғындары ауыз су тартуға неге наразы

 Ауылдан келген ағайынның айтуынша, соңғы бір жыл көлемінде елді мекенге су тарту жұмыстарына қатысты түсініксіздік болып жатқан көрінеді.

- Жалпы, бұл жайында айтып, жазып бармаған жеріміз жоқ. Бірқатар газет, теледидар жаңалықтарында бүге-шүгесіне дейін көрсетті. Бірақ, біздің уәжімізге құлақ асатын жергілікті билік жоқ. Ендігі үмітіміз «Egemen Qazaqstan» газетінде, - дейді Қалиақбар Досымов.

Мәселенің мәнісі мынады: Қазатком ауылына былтыр «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша ауыз су тарту жұмысы басталған. Ауыл көшелері қазылып, су құбырларының алғашқы легі тартыла бастапты. Бірақ, тұрғындар өз көшелеріне осы ауызсудың тартылуына наразы. «Мемлекет ел қоржынынан қыруар ақша бөліп, елдегі осы күндері ауыз суға тапшы, зәру болып отырған елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 2011 – 2020 жылдарға арналған арнаулы «Ақбұлақ» бағдарламасын қабылдағаны аян. Бұл шынында да бізден басқа ауылдарға қуаныш әкеліп, үміт отын сыйлағаны рас. Бірақ, оның бізге қатысы жоқ еді. Себебі, Алматы облысындағы су мәселесі түпкілікті шешілген ауылдар болса, соның біреуі аудан орталығынан шалғай орналасқан қазақ ауылы Казатком еді. 1966 жылы сол кездегі геология министрі А.Сәлімбаев ауылға келгенде ақсақалдар су мәселесіне көмек беруді сұраған көрінеді. Нтәижесінде 1966 жылы қазылып,  100 метр тереңдіктен өз қысымымен шығып, оның үстіне ешкімнің көк тиыны шықпай, бар шығынын кеңес заманы көтеріп алған және жарты ғасырдан бері санитарлық эпидемиологиялық сараптамадан еш күмәнсіз, әр уақытта мінсіз өтетін су көзі – скважина әлі күнге пайдаға жарап келеді» дейді Қалиақбар Досымов.

«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшілер қосынына келген азаматтың қолында ауыл тұрғындары қол қойған хат пен ауылдағы ауыз судың сапасы туралы тәуелсіз сараптама қортындысы бар екен. «Ауылда 3 көше бар. Олардың ұзындығы 512 метр, 648 метр және 705 метр ғана болады. Қазіргі уақытқа дейін санитарлық сараптамалардың бәрінен еш күмәнсіз, мүдірмей өтіп келе жатқан, су проблемасы түбегейлі шешілген деп санайтын осы шағын ауылға неліктен 475 млн теңге бөлініп, алдағы үш жыл бойына су тарту жұмысын жүргізу жұмысы жоспарланғаны түсініксіз болып отыр. Осыншама мемлекет ақшасының орынсыз жұмсалуы, не үшін және кімге керек болды екен деген сұрақ әдеттегідей үнемі жауапсыз қалады...» дейді ауыл тұрғындары хатында.

Айтпақшы, ауылға дәл осы мәселемен бірінші болып Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасарлары А. Досымбаев пен Н. Құдайбергенов, кейіннен облыс әкімінің орынбасарлары А. Байжанов пен Л. Тұрлашев кезек келіп, тұрғындардың уәжін тыңдаған. Жалпы, атқарушы биліктің жауабы бойынша ауылдың қазіргі ішіп отырған ауыз суы талапқа сай емес. Яғни, ауыл әкімдігі 2018 жылғы 4тамызда Қазатком аулындағы ауыз судың тұтынуға жарамсыздығы туралы  № 907/ 250 – 251 хаттама толтырып, ауданға «Ақбұлақ» бағдарламасына сұраныс берген. Тұрғындар осы хаттаманы ауыл әкімі ел-жұртпен ақылдаспай, көзбояшылықпен толтырып жіберді деп айыптауда. Осылайша тұрғындар өздерінің қолындағытәуелсіз сараптамаға сүйеніп, ауыл әкімдігінің хаттамасында көрсетілгендей ішіп отырған су сапасы төмен емес, керісінше аумақтағы ең таза су Қазаткомда екенін дәлелдей аламыз деген сенімде.

- Аудан әкімдігінің өкілдері бізбен кездесуінде «ауылдарың бағдарлама бойынша су тартуға кіріп қойды, енді шегінер жер жоқ. Біз құрлысытан бас тартсақ, үлкен айыппұл төлейміз» деп ары қарай арызданбауға үгіттеді. Сонда Еңбекшіқазақ ауданы бойынша ауыз суға жарымай отырған ондаған ауыл бар екенін билік білмей ме? Неге сол ауылдарды «Ақбұлақ» бағдарламасына қоспаған? Бұл жерден сыбайлас жемқорлықтың исі шығады...- дейді Қалиақбар Досымов.

Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Қалиақбар Досымов Қазаткомға салынатын жаңа мектеп пен тұрғын үйдің құрылысы үшін бөлінген жер телімдеріне қатысты өз қауіпін жеткізді. Оның айтуынша, дәл осы жаңа мектеп салынатын аумақ бір кезде ауылдың қоқыс төгетін орны болған. 2010 жылдың тамыз айында ауылдан топалаң ауруының белгілері табылып, жұрттың қолындағы малы қырылған болатын. Ауыл 1 ай бойына карантинге жабылған-ды.

- Сол тұста аурудан өлген малдың өлексесі өртеліп, көмілген жер – қазір құрылыс жүргізуге таңдалған аумақтың ішінде қалып отыр. Мұны аул тұрғындарының барлығы біледі. Тек әкімдік қана ескергісі келмейді. Сонда кезінде карантиндік мал қалдығы көмілген жерді жасырып қою қылмыс емес пе? - дейді Қалиақбар Досымов.

Дерек бойынша, болашақта Қазатком ауылында жаңа мектеп, 100 отбасына арналған мөлтек аудан салынып, осы ауылдан түлеген қазақтың көрнекті ақыны, Халық жазушысы Тұманбай  Молдағалиевтың музей – үйі ашылмақ. Бұл өңірдегі туризмнің дамуына жол ашатын жобалар қатарында екен.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы