Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Ұзақ ғұмыр әлемі

1849 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Әлемде жасы 65-тен асқан егде адамдар қатары күннен-күнге өсіп келе жатқан көрінеді. БҰҰ мәліметі бойынша, 2000 жылы әлемдегі 60-тан асқандардың саны 600 миллионды құраса, 2009 жылы 737 миллион адамға жетіпті. Бүгінде сарапшылар 2050 жылы дүние жүзіндегі қарттар қатары 2 миллиардтан асатынын болжап отыр. Олардың пайымдауынша, егде адамдардың қартаю үрдісі ұзарып бара жатыр екен. Мәселен, әлемде 80 жас­тан асқан қарттар үлесі қазіргі 12 пайыздан 2050 жылы 19 пайызға дейін өспек. ЭДЫҰ елдерінде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы 80,6 жасты құраған. Бұл көрсеткіш бойынша, Жапония дүние жүзі көшін бастап келеді. Жапондықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 83,9 жастан асса, Испания мен Швейцарияда 83 жасқа жеткен.

Ұзақ ғұмыр әлемі

Халықтың орташа өмір сүру ұзақ­тығы ең алдымен, сол елдің эконо­ми­ка­лық және әлеуметтік әлеуетіне ті­ке­лей байланысты. Аталған елдерде ден­саулық сақтау сала­­сын дамытуға мем­лекет ІЖӨ-нің 9 пайызын немесе әр­бір адамның денсаулығына 4-5 мың АҚШ доллары көлемінде қаржы жұм­сайды. Әрине ел тұрғындарының ұзақ өмір сүруіне денсаулық сақтау сала­сының шешуші ықпал ететіндігі дау­сыз. Сонымен бірге мамандардың ай­туын­­ша, халықтың сапалы тұр­мыс жағд­айы, әлеуметтік және қаржылық тұрақ­ты­лық та ұзақ өмірдің басты кепіл­дері­нің бірінен саналады. Атап айтқанда, тұрғындардың әлеу­меттік жағдайы 10 па­йыз­ға жақсаратын болса, олар­дың өмір сүру ұзақтығы 2,6 айға, ал тұрғындардың қар­жы­лық кірісі 10 пайызға көбе­йе­тін болса, тиісінше олар­дың өмір сүру ұзақтығы 2,2 айға ұзарады екен.

БҰҰ дуалы ауыз сара­п­шыларының «әлем қартайып барады» деп дабыл қаға бас­тағанына да біраз уақыт болды. Ұйымның классифика­ция­сына сәйкес, 65 және одан да жоғары жастағы адам­дар­дың үлесі 7 па­йызды құ­рай­тын қоғам «қартаюшы» қоғам болып саналады. Осы үрдіс­пен қарағанда, қазір АҚШ-та қарттар үлесі 19,7 пайызға, Германияда 23,2, Ұлыбританияда 28, Жапо­нияда 32,3 пайызға жетіпті. БҰҰ сарапшылары Қазақ­стан­ды да «қартаюшы» қо­ғам­ға жылдам қадам басып бара жатқан елдер қатарына жат­қызыпты. Қазір еліміздегі 65 және одан да жоғары жасқа жататын егделердің үлесі 6,6 пайызды құраса, 2020 жылдың соңына қарай олардың үлесі 7,4 пайызға жететін көрінеді. Ал 2050 жылы Қазақстандағы әрбір төртінші тұрғынның жасы 60-тан жоғары болмақ.

2017 жылдың күзінде Бейжің қаласында қартаю үр­дісіне қарсы күрес маман­дарының алғашқы дүние­жү­зілік саммиті өтті. Осы басқосу барысында сарапшылар адам өмірінің ұзақтығы 150 жасқа дейін жетуі мүм­кін деген болжам жасады. Ғалым­дардың пікірінше, қар­таю – тіршілік заңдылығы, алайда, оны дәрігерлер мен гене­тик­тердің бірлескен кү­ші­­мен елеулі түрде тежеуге бо­ла­ды. Дегенмен адам жасын ұзарту қоғам үшін нағыз қа­терлі сын болуы мүмкін. Егер, егде жастағылардың орта­ша жасы 100-ге жететін болса, онда зейнет жасын 80-ге дейін ұзартуға тура келе­ді. Бұл өз кезегінде жұмыс орын­дарының жетіс­пеу­ші­лігі­не, ұзақ өмір сүретін­дердің арасында бәсекелес­тік­тің шие­ленісуіне әкеп соқтырады.

Ал Deloitte болжамы бо­йынша, 2030 жылы дүние жүзі бойынша 65 жастан ас­қан­­дардың 60 пайызға жуы­ғы Азия­да өмір сүретін бола­ды. 2050 жылға таман әлем­дегі 15-тен 64 жасқа дейін­гі аралықтағы жұмысқа қабілет­ті адамдар үлесі қазіргі 70-тен 60 па­йызға дейін төмендейтін көрі­неді. Егер қазірден бас­тап еңбек өнім­ділігін артты­ру үшін ық­палды шаралар жа­салмай­тын болса, адамдардың қартаю үрдісі аймақтың экономикалық дамуы­на үл­кен нұқсан келтірмек.

Қазір Қазақстанда 60-65 жас­тан асқан тұрғындар саны­ның біршама өскендігі бай­­қалады. Орташа өмір сүру ұзақтығының артуы, туу дең­гейінің төмендеуі халық­тың қартаю үлесінің көтерілуіне себеп болып отыр. «Таяқтың екі ұшы бар» демекші, бұл «өз күніңді өзің көр» ұраны ортаға тасталған кешегі тоқ­са­ныншы жылдардағы халқы­мыздың табиғи өсімінің күрт тоқырағандығының сал­дары екендігі даусыз. Мыса­лы, 1991 жылы елімізде 1000 адамға шаққанда 21,5 баладан келсе, 1999 жылы бұл көрсеткіш 14,6-ға дейін құл­дыраған. Ұлттық экономика министрлігінің өткен жылы таратқан мәліметі бо­йынша «2017 жылғы қаң­тар-қыркүйекте республика халқының табиғи өсімі 2016 жылдың қаңтар-қыр­күйегімен салыстырғанда 18 мың адамға немесе 8,5 па­йызға кеміп, 194,9 мың адам­ды құрады», деп атап көрсетілген. Мамандардың айтуынша, қазір еліміздегі бала туудың жалпы коэф­фи­циенті 1000 тұрғынға шақ­қанда 2,5 нәрестеден келе­ді. Дәл осы көрсеткіш 2006 жылы 1000 тұрғынға шаққанда 8,3(8,1) адамнан келген еді. Бұл 2015 жылдан бастап елімізде тағы бір демографиялық құлдыраудың басталғандығын көрсетеді. Оның үстіне бүгінде елімізде тұрғындар санының динамикасы стационарлық деңгейге жетіп, балалар мен қарттар санының теңесу қаупі төнді.

Тұрғындардың өмір сүруі­нің ұзақтығы артқан са­йын қоғамда қалыптасқан ахуал өзгеріп, мәселенің өзек­ті­лігі тереңдей түседі. Ел­дегі ден­саулық сақтау саласы­на, зейнетақы жүйесіне, әлеу­меттік қызмет саласына түсе­тін қосымша жүктемелер қа­тары артады. Сонымен бір­ге жасы 65-тен асқан бір қарт адамға қанша еңбекке қабі­летті жастағы адамнан келе­тінін көрсететін әлеуетті көмек коэффициенті деген ұғым бар. Осы орайда Ұлт­тық экономика министрлігі­нің дерегі бойынша, еліміз­дегі экономикалық белсенді тұрғындар саны 8,9 мил­лион адамды құрайды екен. Сонымен бірге қазіргі күні елімізде базалық зейнетақы алатын 2 миллион 148 мың егде тұрғындар бар. Оның үстіне алдағы жылдары хал­қы­мыздың табиғи өсіміне то­қ­саныншы жылдардағы демо­­графиялық тоқыраудың сал­қыны тиеді. Ендеше, БҰҰ-ның Қазақстанды «қар­таюшы» мемлекеттердің қата­­­рына қосып отырғандығы тегін емес. Сондықтан алдағы уақыт­та қазақ елі үшін адами капиталды сауатты дамы­тудың маңызы зор.

Мемлекеттің адами капиталды дамытудағы басты міндеттерінің бірі – тұр­ғын­дардың табиғи өсімін арттыру, адамдардың өмір сүру ұзақ­тығын өсіру. Жалпы маман­­дар тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы туралы мәселе көтер­ген кезде белсенді өмір сүру ұзақтығына барын­ша басымдық беруі керек. Өйткені белсенді өмір сүру ұзақ­тығы дегеніміз, эко­но­микалық категория болып табылады. Қазіргі таңда ең­бек ресурстарының саны азайып, тәжірибелі кадр­лар әлеуетінің күрт төмендеп бара жатқаны жасырын емес. Бұл Қазақстанда ғана емес, әлемде белең алып отырған құбылыс. Ал оның бірқатар өндірістік үдерістерге кері ықпал етіп отырғаны да анық. Сондықтан егде жастағы адам­­дардың экономикалық бел­­сен­ділігін арттыру өнді­ріс­тегі еңбек өнімділігін өсі­­ріп, елдің экономикалық да­муы­­ның жақсаруына тіке­лей ық­пал етеді. Белсенді өмір сүру ұзақтығы еліміздегі адам ка­пи­талының әлеуетін арт­ты­рып, экономикалық бел­сенді тұр­ғын­дарының санын да, сапа­сын да өсіруге жағ­дай жасайды.

Мамандардың дерегі бо­йынша, адам капиталының 1 пайызға өсуі еңбек өнім­ділігін 3,81 пайызға арттырады екен. Осы орайда ерекше атап өтетін бір мәселе, соңғы онжылдықта әлемдік экономика адам ресурстары есебінен дамуда. Жапония хал­қы қартайып барады, со­ны­мен бірге бұл елдің эконо­микасы да көтеріліп келеді. Дуалы ауыз сарапшылар «Батыстың ин­д­и­­ви­дуализміне кереғар, Шы­ғыс жұртының мен­та­­ли­тетіне тән Жапонияның «Z тео­риясы», яғни компа­ния­ны ұжымдық басқару жүйе­сі әлемдегі ең тиімді экономиканы қалыптастырды», дейді бірауыздан. Жапондықтар елдің ең басты құн­дылығы адам капиталы екендігін ерте түсінді. Сондықтан елдің барлық байлығы мен жетістіктерін адам ресурстарын дамытуға жұмсады. Бұл барыс бейнелі болашағына батыл қадам басып келе жат­қан тәуелсіз Қазақстан үшін де ғибрат алар басты бағдар болмақ. Осыған байланыс­ты қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын елі­міз­­дің экономикалық әлеуе­тін арт­тыруға тиімді пайда­ла­ну мемлекетіміздің күн тәр­тібін­дегі негізгі міндеттердің бірі болуға тиіс.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»