Қазақстан • 12 Наурыз, 2019

Қазақстан экономикасының өсімі қаңтар–ақпан айларында 3,5% құрады

845 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында биылғы қаңтар–ақпандағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындысы шығарылды.  Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов және ұлттық экономика министрі Р. Дәленов баяндама жасады. Бұл туралы Премьер-Министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан экономикасының өсімі қаңтар–ақпан айларында 3,5% құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин тау-кен, химия өнеркәсібінде, машина жасауда, сауда, көлік саласында, ауыл шаруашылығында оң өсім қарқыны байқалатынын атап өтті. Жалпы ЖІӨ екі айда 3,5%-ға өсіп отыр.

Бұдан өзге, биылғы ақпан айының қорытындысы бойынша қаңтар айымен салыстырғанда құрылыс, негізгі капиталға инвестициялар тарту, өңдеу өнеркәсібі, металлургия салаларында оң өсім қарқыны байқалады.

Дегенмен, кейбір өңірлер негізгі капиталға салынған инвестициялар және өнеркәсіп, құрылыс салаларындағы көрсеткіштер бойынша артта қалып отыр.

Осыған орай, Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдерімен бірге көрсеткіштерге қол жеткізбеу себептерін зерделеп, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жоспарлы оң өсу көрсеткішіне шығу үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.

«Экономиканың тұрақты өсуі – біздің негізгі міндетіміз. Биыл ЖІӨ-нің кемінде 5% көлемінде өсуін қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін бәріміз бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет», — деді А. Мамин.

Сонымен қатар, бюджет қаражаттарын игеруге қатысты өткен жылдағы проблемаларды ескере отырып, бөлінген қаражаттарды жоспарлы түрде ай сайын игеруді қамтамасыз ету жұмысын күшейту тапсырылды.