Қазақстан • 13 Наурыз, 2019

Әлем чемпионатынан 3 алтын алды

1038 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ауыр атлетикадан жасөс­пірім­дер арасында әлем чемпионаты өтуде. Америкадағы айтулы додада біздің өрендердің талантына бүкіл әлемнің мамандары тамсанып, жоғары баға беріп жатыр. Өйткені жа­рысқа қатысып жатқан бес атлетіміздің үшеуі өз салмағында қарсылас шақ келтірмей, алтын жүлде олжалады. 

Әлем чемпионатынан 3 алтын алды

Күні кеше жарыс жолына 81 кило салмаққа дейінгі спорт­­шылар шыққан болатын. Қа­зақ­­стан атынан жас атлет Сәпи Есен­келді бақ сы­нап, өз қатарлас­тарынан озып шықты. Сәпи Есен­келді қос­сайыс қоры­тын­дысы бойын­ша 309 килоны ең­серді. Ол жұлқа көтеруде 134, серпе кө­теруде 175 килоны ба­ғындырған. Сондай-ақ отандасымыз екі бағ­дар­лама бойын­ша кіші алтын ме­дальды қан­жығасына байлады. 81 кило­дағы күміс және қо­ла медаль­ды АҚШ пен Перу зілте­мір­ші­лері иеленді. Бұған дейін ха­бар­лағанымыздай, ел қор­жы­нына Сайхан Тайсуев (67 кг) пен Ақмолда Сайрамкез (61 кг) алтын жүлде салған болатын. Бір айта кетерлігі, Сайхан Тай­­суев өз қатарластары ара­сын­да әлем чемпионы атанып қана қоймай, әлем рекордын жаңарт­қан-ды.

Ауыр атлетикадан жасөс­пі­рім­дер құрамасының бас жат­тық­­ты­рушысы Бақыт Ахметов Ұлт­тық Олимпиада комите­тіне бер­ген сұхбатында шәкірт­­­терінің осындай нәтиже көрсе­те­ті­­­ні­не сенімді болғанын айтады. «Жыл басталғалы бері әлем чем­­пионатында сәтті өнер көр­се­ту үшін күш салдық. Ойлаған мақ­­сат­тарымыз орындалып жатыр. Жарыстың алдында шәкірттерімнің жүлдеге іліге­тініне сенімді болдым. Әлем чемпионаты аяқталған жоқ, сондықтан ме­даль­дан әлі де үміттіміз», дей­ді ол.

Жарыс жолына шықпаған екі спортшы­мыз да ел қоржынына жүл­де са­ла­ды деген үміттеміз. Чем­­пио­­нат 15 наурызда өз мәре­сіне жетеді. 

Әли БИТӨРЕ,

«Egemen Qazaqstan»