Өнер • 13 Наурыз, 2019

Астанада Н.Тілендиев атындағы концерт залының болуы – ұлт музыкасының абыройы

1237 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында әйгілі тарихи тұлғаларымыз бен олардың қайталанбас мұрасының құрметіне ашық аспан астындағы ескерткіш саябақтар ашу, қазіргі әдебиет, музыка, театр, кескіндеме өнері саласында ұлы тұлғалар бейнесінің галереясын жасау қажеттігін айта келіп: «Біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде тек еліміздегілер ғана емес, сондай-ақ шетелдегілер де білетін болады» деп атап көрсеткен еді. 

Астанада Н.Тілендиев атындағы концерт залының болуы – ұлт музыкасының абыройы

Сондай тұлғаларымыздың бірі және бірегейі Нұрғиса Тілендиев екені даусыз. Күйші-композитордың Кеңес Одағы мен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Халық Қаһарманы сияқты ресми атақтарын былай қойғанда, аңызға айналған сөздері мен істері ең әуелі қазақ халқына, оның бір­лігіне, сонан соң ұлт өнеріне қыз­мет еткенін және ете беретінін уақыт дәлелдеп берді. Білімі, та­­ланты арқылы ұлтымыздың, Қа­зақстанның атын әлемге таныта білген осы өнер алыбы – қа­­шанда Тәуелсіздіктің рухани ұс­­тындарының бірі. Ол болмысымен, мінезімен, қайталанбас шығармашылығымен туған ұл­ты­ның ұйытқысы бола білді. Бүкіл ғұмырын Отанының рухани жаң­ғыруына арнап өтті.

Нұрғиса Тілендиев туралы қаншама кітап жазылды, нешеме кинофильм түсірілді. Алай­да тұлғаны ұлықтаудың елдік­пен астасқан жолы бар екенін ұмытпалық. Осы ретте оның есі­мін мәңгі қалдыру мақсатында аты бірнеше рет өзгерген «Астана» кон­церт за­­лын (бұрынғы «Кон­гресс-холл») «Нұрғиса» деп­ нақ­­ты атау елордамызға рух,­ өне­­рі­мізге елеулі серпін береті­ні­­не күмә­німіз жоқ. «Ел тойы не­месе өнер шарасы Астанадағы Нұр­ғиса сарайында яки залында өтіп жатыр» десе, аға толқын да, жастар да­ елең етері сөзсіз. Бұл – өнер са­­­бақ­тастығына, шынайы шы­ғар­­машылыққа құрмет.

Көнекөздердің айтуынша, Нұр­ағаң дүниеге келгенде, әкесі нә­рес­теге «еліне нұр құйып, шуақ ша­­шсын» деген ниетпен азан ша­­қырып, айрықша ат қойған. Ата­­ның ақ ниеті мен ананың мейірім-ықыласы қабыл болып, жүзеге асқанына ел куә, жер куә! 

Тегінде, бұл – дәстүрімізге, салт-санамызға, ұлттың жақсы ыры­мына қойылған ескерткіш бо­лар еді. Шежіре-тарихқа мән бер­сек, аруақты әулеттің иесі, отағасы Атабай – үлкен молда, анасы Салиха – сырнай тарт­қан дегдар, Түктібай атасы – өнер қонған қобызшы. Нұрғиса аға­мыз: «Мен сақал қойсам, Жам­был жәкемнен аумайтын едім» дейтін рухани пірі – жүз жа­са­ған жүрек, жыр алыбы – Ж.Жабаев. Нағашы жағынан бір атасы – Кенен Әзір­баев. Ұстаз­дары – Ахмет Жұбанов пен Мұ­қан Төлебаев... Бұлардың әр­­қай­­сысы – бір тарих, бір дәуір, бір­ дас­тан емес пе? 

Аңызға айналған Нұрғиса – сол тұлғалардың мұрасынан нәр алған және оған қамқор бол­ған, талантын, кәсібін ман­сап­қа айырбастамай, ұлы өнер­де өне­ге қалдырған, ұлт музыка­сында дара жол салған, дарын­дар­дың арасын жалғаған нағыз шы­ғармашылықтың шынары. Қа­зақ аман тұрғанда аты өш­пей­тін, жұлдызы жарқырай беретін тұлғаны құрметтеу арқылы біз Қазақ­станның төрт тарапының ән-күйін, музыка тұлғаларын қадірлеген боламыз. 500-ден ас­там ән-күй шығарған талант ие­сіне жаңарған Қазақ елінің бағасы, ниеті бір сараймен ғана өл­шенбесі белгілі. Біз «Нұрғиса сарайының» ішін ұлттың айнымас мазмұнына, елдің өзгермес құн­дылығына толтыра білуіміз қажет.

Осы ойымызды ұлт өне­рі­не олжа салған азаматтар – ән­­­ші Бекболат Тілеухан мен күй­­­ші Секен Тұрысбекке айт­қаны­мызда, өнерсүйер қа­уым­ның көкейіндегісін дөп бас­­қа­­нымызға көз жеткіздік. Діт­те­ген істің ен­дігі тетігі – осы ой­дың­­ бірнеше өнер ұжы­мы атынан ұсы­­ныс тү­рінде рәсімделіп, Ас­тана қа­ласы әкімді­­­гі­нің жанын­дағы Оно­мастика ко­мис­сиясына жолдануы. Ол күн де алыс емес.

Жақында бірнеше әріптесі­міз­бен бірге атақты композитордың Алматыдағы мемориалдық му­­­­­­­­­зей-үйіне жолымыз түсті. Н.Тілен­­­­­диев қорының басшысы,­ му­­зейді ұйымдастыруға көп ең­бек сіңіріп жүрген даңқты ком­позитордың жұбайы Дариға Тіленд­ікеліні жылы шыраймен­ қарсы алып, жас ұрпаққа па­триот­тық және эстетикалық тәр­бие беретін киелі орталықтың жұмыс жоспары туралы кеңінен әңгімелеп берді. Біз де музей қызметкерлеріне осы тарихи-рухани орынға жаңа көзқарас, зама­науи талап қажеттігін айттық. Әсі­ресе, ғылыми-зерттеулер мен экс­позициялық ізденістерге кешенді қараудың маңызын қаузадық. Әрине, бұл сала мамандары жауапты атқарушы билік органдарымен бірлесе отырып арнайы бағдарлама жасау арқылы жүзеге аспақ. Жәді­герлерді толықтыру үшін де жүйе­лі қаржылай көмек, ең бас­тысы елшіл ықылас керек. 

Жалпы, мемориалдық музейлер желісі үлкен қалаларда, мегаполистерде туризмді дамытуда қомақты үлес қосып отыр. Бұған мысал ретінде Санкт-Петербург қала­сының тә­­­­­жірибесін алсақ та жетеді. Нор­мативтік-құқықтық жағынан да қарастыратын мәсе­лелердің туын­дауы заңды. Оның бар­лығы арнайы зерттеуді қажет етеді.

Халық алтын қордағы, бар­­лық оркестрлер мен күйшілер­дің орындауындағы Нұрғиса Тілендиев күйлерін естіген са­­йын бір жасап қалуы – ұлт та­ны­мындағы сабақтастықтың үзіл­­мегеніне дәлел. Композитор­дың шығармашылық тылсымы және азаматтық болмысы жаңа зерттеушілерді күтіп жат­қаны да белгілі. Біздің ерекше айт­пағымыз – біртуар ақын Қадыр Мыр­залиевпен бірге жаз­ған «Өз елім» әні. Тәуелсіздік туы кө­терілгеннен бері аталған ән­н­ің екін­ші тынысы ашылды. Та­лантты «МұзАрт» тобымен бір­ге жасы бар, жасамысы бар – бү­­­­кіл қазақ, түрі басқа, тілегі бір жұр­тымыз, баршасы жүрегімен шыр­қайтын әнге айналды.

Келгенде көктемі,

Көңілін гүл басқан.

Шырағы көктегі,

Жұлдызбен сырласқан,–

деп басталатын әннің қайырма­сын­дағы Қазақ елі алдындағы пер­зенттік парыз бен отаншыл сезімді дөп суреттейтін «Өз елім ме­нің! Өзегім менің!» деген сөз­дер ешкімді бейжай қалдыр­май­ды. 

Адамзат баласы үшін дүние­­­­дегі баға жетпес, ештеңеге айыр­бас­тамайтын ең қымбат, ең қас­терлі ұғым – Отан туралы осын­дай ән­дер көбірек шырқалса екен дей­­міз. Бұл ән – санаға жаттала­тын, жүректің көзін ашатын есті ән.

Биыл – қазақ күйінің ЮНЕСКО-­­дағы материалдық емес, рухани құндылықтар тізіміне ен­­ге­ніне 5 жыл толады екен. Осы мерейлі кезеңді лайықты таныс­ты­­руда да Нұрғиса мұрасының, Н.Тілендиев тағы­лымының орны бар.

Бұйырса, таяу болашақта елор­да тұрғындары мен қонақ­тары «Нұрғиса» концерт залының немесе өнер сарайының атауына көзі түскенде, ұлтқа қызмет еткен биік тұл­ғаның өнеріне бір тағзым етсе, осындай дара перзентті дүниеге әкел­ген Ұлы дала яки Қа­зақ еліне мың сан тағзым ете­тініне сеніміміз кәміл.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты