Аймақтар • 13 Наурыз, 2019

Келешегі кемел туристік жоба

1442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Маңғыстауда туризм саласын дамыту басты назарда. Осы бағытта «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен Маңғыстау облысының туристік орындарының рекреациялық әлеуетін қалпына келтіру жөніндегі әлеуметтік маңызы зор экологиялық жобаны жүзеге асыруға кірісті. 

Келешегі кемел туристік жоба

Аймақ туризмді дамытуға қолайлы өлке ретінде та­нылып, бұл тұрғыда ақпа­раттық материалдар дайындалып, халық­аралық конференциялар мен көрмелер ұйым­дастырылуда. Арнайы мақұлдаудан өтіп, жа­сақ­талған ондаған туристік маршрут бар. Алайда, осы күнге дейін Маңғыстау облысының туристік маршруттар санатына қосылған, міндетті түр­де ба­­руға ұсынылатын ма­­ңыз­ды рекреациялық аймақ­тарда та­залық сақтау жүйесі ұйымдас­тырылмаған. Көктемгі-жазғы мезгілден соң, туристік нысандар күрделі антропогендік ықпал­дың әсеріне ұшырайды. Де­малыс орындарының аума­ғы түрлі тұрмыстық қалдықтарға толып кетеді.

«Эко Маңғыстау» үкі­меттік емес ұйымы – коммер­циялық емес және мемлекеттік емес ұйым. «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымы экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жағ­дайды жақсартуға, қоршаған ор­таны сауықтыруға, оның ре­сурс­тық әлеуетінің келешек ұр­пақ үшін сақталуы бағытында азамат­тарды оқыту, азаматтық белсенділігін арттыру, табиғатты қорғауға бағытталған бұқаралық шараларды ұйымдастыру арқылы және қоғамның экологиялық және әлеуметтік-экономикалық саясатын қалыптастыруға қа­ты­суына ықпал етеді. «Эко Маң­ғыстау» сегіз жылдан бері «Сау­ра» шатқалы, «Самал» бұ­лағы, «Тамшалы», «Көгілдір қой­нау», «Ақмыш сай», «43 км», «Жы­ғылған» мүйісі, Шерқала тауы сынды рекреациялық орын­дарының санитарлық жағдайын ұстап тұруға ұмтылып келеді.

– Қызметке кіріскеннен бер­гі 8 жылда осындай жүйені іске қосу туралы бірнеше рет ұсыныс жасадық. Алайда та­биғи орындар аудандар аума­ғында орналасқанмен, атал­ған мақсаттарға бюджеттен бөлінетін қаржы болмай қа­ла­ды. Біз қалдықтардың кей түрлерін өңдеумен айналыса­тын кіші бизнес өкілдері, жеке кәсіпорындар тарапынан осы бағытта бірге жұмыс жасауға деген қызығушылық оянады деп үміттенеміз. Өзара ынты­мақтастық демалыс орындары­нан қалдықтарды жинау мен шығару мәселесін шешу мүм­кіндігіне ықпал ететін болады. Сонымен қатар біз демалыс маусымы кезінде аудандардың коммуналдық қызметтері де қал­дықтарды жинап, шығару бағытында жұмыстанғанын қалаймыз, – дейді «Эко Маң­ғыстау» ҮЕҰ-ның директоры Кирилл Осин. 

Аталмыш жобаны жүзеге асыру барысында еріктілердің қатысуымен кейбір рекреациялық аймақтарды күрделі тазар­ту ұйымдастырылмақ. Де­ма­лу­­шылар үшін табиғатта өз­дерін қалай ұстау жөніндегі ескерту ережелері жазылған ақпараттық тақтайшалар орна­лас­тырылып, табиғатты қор­­­ғау заңнамасына сай құқық бұзу­шыларға қол­данылатын жаза туралы ескерту ақпараттар ілінеді. Кейбір аумақтарда қалдықтарды жинауға арналған көлемді бокстар орнату көзделіп отыр, сон­дай-ақ түрлі қалдықтар үшін арнайы бөлек орындар бола­ды, мысалы плас­тик неме­се шыны қалдықтарын жә­не өз­ге қалдықтарды бө­лек жи­нақ­­тау мүмкіндігі қарасты­ры­лады. Жыл басынан бері қал­ды­қ­тарды көму полигонына кей­бір қалдықтар түрінің қабыл­дануы тоқтатылғандықтан қал­дықтардың әрқайсысын бөлек жинау өзекті, әрі қатты тұрмыс қалдықтары жүйесін басқарудың қажетті шарттарының бірі болып табылады.

– Қоғам белсенділерінің бас­тамасымен қолға алынып жатқан бұл жоба өте өзекті мәселені кө­теріп отыр, ол еріктілерді іске тар­тумен Маңғыстау облысының рекреациялық орындарын тазалау және қалдықтарды бөлек жинау арқылы қоршаған ортаны қорғау мәселесіне оң әсер етіп, өзіндік үлесін қосары анық. Біз осы бастаманы қуана қолдаймыз, дейді ТШО-ның үкіметпен жә­не жұртшылықпен байланыс бөлімінің бас менеджері Р.Арты­ғалиев.

Қоршаған ортаның тазалығы – оның сақталуына, қауіпсіздігіне негіз болумен қатар, туристердің лайықты демалуына жасалған жағдай болары анық. 

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Egemen Qazagstan»

Маңғыстау облысы