Өнер • 14 Наурыз, 2019

Аңызға айналған ансамбль

2029 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірнеше буынның жастық шағын көз алдыңа әкелетін әйгілі «Айгүл» ансамблінің құрылғанына да жарты ғасыр өтіпті. Өзбекәлі Жәнібековтің өзі «Айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп, «Айгүл» атауын берген өнер ұжымының кешегі бойжеткендері бүгінде аяу­лы әже, ел аналарына айналған. 

Аңызға айналған ансамбль

Осылайша, 50 жылда ел жа­ңарып жатса да, Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық универ­ситеті де сол үрдісті бұзбай, ке­шегі «ЖенПИ»-дің аты аңызға ай­налған ансамблінің өнерін жалғастырып келеді. Ал осы аптада Алматының айшықты оқиғасы – «Айгүл» вокалды-аспаптар ан­сам­блінің 50 жылдығына арнал­ған «Аңызға айналған «Айгүл» ат­ты шығармашылық кеш бол­ды. Абай атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық опера жә­не балет театрында өткен кон­­цертте ансамбльдің бірнеше буы­ны қатар өнер көрсетіп, әке-ше­шелерімізді жастық шағына саяхат жасатты.

Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театр­лан­дырылған қойылыммен ашыл­ды. Онда жарты ғасырлық тарихы бар өнер ұжымының құ­рылу тарихы, даму кезеңдері жә­не шығармашылығы салтанат құрды. Қойылым режиссері Медет Ағабыловтың айтуын­ша, қойылым барысында отан­дық эстрадада тек қана қыз­дар­дан құралған алғашқы ан­сам­бльдің ерекшелігі мен өрне­гіне басымдық берілді. Ал ме­рейтойлық кештің ресми бө­лі­­мінде Мәдениет және спорт ми­­нистрі Арыстанбек Мұха­ме­диұлы мен Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің өнер ұжымының мерейтойына жол­даған құттықтаулары оқылды.

«Оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-ас­паптар ансамблінің құрылуы қа­зақ өнерінің тарихындағы айтулы оқиға болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мем­лекетінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құ­ралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды»  дей­ді Қыздар ұлттық университетінің рек­торы Гауһар Алдамбергенова.

Осы арада айта кететін бол­сақ «Айгүл» квартетінде алға­шында Ағайша Исағұлова, Құр­­манай Омарова, Марфуға Жүнісова, Гүлнар Бегалиева, Ди­на Ерғалиева, Жібек Оспа­нова өнер көрсетсе, вокалды-ас­паптық ансамблінде Сақып­жа­мал Ұзақбаева, Меңсұлу Жек­сембекова, Ақмарал Арты­қова, Зәуреш Әлібекова, Гүл­зада Бех­теолова, Әйгерім Дайыр­бае­ва, Қарлығаш Нұртазина, Ро­за Ерназарова-Алисова, Га­лина Қарамолдаева, Ұлжан Ай­нақұлова, Тамара Асар және Кәмшат Жолдыбаева сынды да­рындар болғанын атау парыз.

Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып, репертуары жаңа әндермен толықтырылған. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық+ дүние жасау – бүгінгі айгүлдіктердің басты мақсаты. Жаңа құрам екі жыл ішінде қазақ, түрік, ағылшын тілдеріндегі жаңа әндерді репертуарына енгізді. Ансамбльдің қазіргі көркемдік жетекшісі Тал­ғат Темірғалиев екенін да айта кетейік.

Әсем әуен, сахнадағы нәзік­тігімен танылған «Айгүл» ан­самблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз. 

Айнаш ЕСАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ