Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Полиция бөлімі 70 мың адамға қызмет көрсетеді

1061 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласында екінші  полиция бөлімінің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.

Полиция бөлімі 70 мың адамға қызмет көрсетеді

Енді онда 116 қызметкер еңбек етіп, Жұмысшы кенті, Береке, Өндіріс ықшам аудандарында 70 мыңнан астам халыққа қызмет көрсетеді.

Полиция бөлімі бұған дейін 1950 жылы салынған екі қабатты ескі  ғимаратта орналасқан болатын. «Ресей темір жолдары» ААҚ Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл бөлімшесі басшылығының келісімімен екінші полиция бөлімін орналастыруға арнайы үй-жай бөлінді. Заманауи талаптарға сай күрделі жөндеуден өткен ғимаратта заманауи фронт-офис, кезекші бөлім, кең акт залы, қызметкерлерге арналған кабинеттер мен асхана бар.

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет, Петропавл қаласының әкімі Марат Тасмағанбетов, облыс прокуроры Берік Ноғаев, тұрғындар қатысты.

Полиция  департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов өз сөзінде  құқық қорғау саласын жаңғырту бойынша  атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Халықпен тығыз қарым-қатынас жасау, фронт-офистар арқылы жұмысты ұйымдастыру, кедергісіз әрі қолайлы жағдай жасау полиция қызметінің ашықтығы мен айқындылығын көрсетуге септігін тигізеді. Босаған ғимаратқа есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасын да орналастыруды жоспарлап отырмыз»,  деді ол.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы