Аймақтар • 14 Наурыз, 2019

Батысқазақстандық спортшылар жалақы алады

920 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтің ақпараттық түсіндіру Батыс Қазақстан облысына келді. Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшылары Елбасы «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде жариялаған «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары қалай жүзеге асырылатынын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру мақсатымен келген.

Батысқазақстандық спортшылар жалақы алады

Ел Үкіметінің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев, Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова, Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетов, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қ.Рыскелдинов, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қ.Жұмашев құрамына кірген ақпараттық топ екі күн бойы өңірде бірнеше ауданды аралап, түрлі мекемелерде болып, халықпен жүздеспек.

Әуелгі жүздесу Орал қаласындағы «Смарт Орал» халыққа қызмет көрсету орталығында болды. Вице-премьер Гүлшара Әбдіқалықова мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Б.Сапарбаев орталықты аралап, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Бауыржан Канешевтың айтуынша, 2018 жылы Батыс Қазақстан облысындағы Халыққа қызмет көрсету орталықтарында 1 млн. 240 мың қызмет көрсетілген. Ал биылғы екі айда тұрғындар орталық қызметін 231 мың мәрте пайдаланған.

Орал қаласындағы жұмыспен қамту орталығы мен зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының бөлімшесінің қызметімен танысқан жұмыс тобы мүшелері 2019 жылғы 1 наурыздағы мәлімет бойынша мұнда 1491 адам жұмыс іздеп тіркеуде тұрғанын білді. Осы екі айда мұнда 1700 адам мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығынан кеңес алыпты.

Вице-премьер Г.Әбдіқалықова бастаған топтың облыс тұрғындарымен, соның ішінде аз қамтылған, көп балалы отбасылармен кездесуі облыстық мәслихаттың үлкен залында өтті. Кездесуді жүргізіп отырған өңір басшысы Алтай Көлгінов өңірде 6912 көпбалалы аз қамтылған отбасы бар екенін, ол шаңырақтарда 28253 бала өсіп жатқанын хабарлады. «Мемлекет тарапынан көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тұжырымдамасына сәйкес, былтырғы 16 мыңның орнына биыл 25 мың азамат мемлекеттен қолдау алады» деді облыс әкімі. Бұған қоса 18 жасқа дейін мүгедек бала тәрбиелеп отырған 3 мың ата-ананың алатын жәрдемақысы 30 пайызға өспек.

Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде мемлекет тарапынан аз қамтылған отбасыларға көрсетілетін кешенді көмектің үш бағыты туралы айтты. Және осы мақсатқа ел қазынасынан бөлінетін қыруар қаржының қатаң бақыланатынын ескертті.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев жаңа әлеуметтік қамқорлық нәтижесінде елімізде 1 миллионнан аса адамның жалақысы өсетінін айтты. Олар негізінен төмен жалақылы бюджет қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлер, әлеуметтік сала мамандары болмақ.

Сонымен бірге 2019 жылғы 1 сәуірден кейін атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі өзгеріп, республика бойынша 830 мыңнан астам адам АӘК-ке қол жеткізеді. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысында АӘК алатын адам саны 16 815 болса, енді оның саны 24 481 адамға көбеймек.

Көп балалы аналар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар үшін үйінде әлеуметтік жұмыс орындарын ашу және сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімді оқыту, жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін ауылда тұратын көп балалы отбасыларға және жастарға мемлекеттік гранттар беру, ауылдағы көп балалы аналар мен мүгедектігі бар адамдар қатарындағы кәсіпкерлерге жеңілдікті микрокредит беру мәселелері де осы жиында егжей-тегжейлі түсіндірілді. Мысалы, ауылда тұратын көп балалы отбасы өз ісін ашам десе, оған 500 мың теңгеден 6,5 млн. теңгеге дейін жеңіл несие беру ойластырылған. «Республика бойынша мұның игілігін 5 мың адам көре алады» дейді Бердібек Мәшбекұлы.

Білім және ғылым министрі К.Шәмшидинова өз сөзінде мектеп ғимараттарын салу мәселесіне кеңірек тоқталды. «Егемендік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткелі бері біз 1672 мектеп салыппыз. Бүгінде Қазақстан мектептерінде 2 млн-нан аса оқушы білім алып жатса, соның 668 мыңы жаңа мектептерде білім алуда» дейді Күләш Ноғатайқызы.

Алдымыздағы үш жыл ішінде елімізде 190 мектеп ғимараты салынады. Ол ең алдымен үш ауысымда оқып жатқан 89 мектепті, апат жағдайында тұрған 13 мектепті, т.б. ең қажетті тұсты толықтыруы тиіс. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында салынатын үш мектептің екеуі – апат жағдайындағы мектепті алмастырса, біреуі үш ауысымды мектептің жүгін жеңілдету мақсатын көздейді.

Білім және ғылым министрі ел-жұртты қатты алаңдатқан мәселе – мектептегі үштілділік, химия, физика, биология және информатика пәндерін жоғары сыныптарда ағылшын тілінде оқыту мәселесіне де тоқталып өтті. «Бұл мәселе кезең-кезеңімен, мектептер мен мұғалімдер әбден дайын болған кезде ғана ата-аналармен кеңесіп отырып жүзеге асады. Бүгінде аталған пән мұғалімдеріне тіл үйрету курстарын тоқтаттық. Ол мақсатқа ұйғарылған қаржы енді педагогикалық жоғары оқу орындарында болашақ биология, информатика, химия және физика мұғалімдерін дайындауға бағытталады» деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Елбасының «Бюджет саласында жұмыс істейтін төмен жалақы алатын қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға ұлғайту керек…» деген тапсырмасы орта және төмен буынды медицина қызметкерлеріне тікелей қатысты екенін айтты. Министрдің айтуынша, елімізде медицина саласының 255 110 қызметкері биылдан бастап көтеріңкі жалақыға қол жеткізеді. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 1078 дәрігер, 3618 орта буын персоналы, 2386 кіші буын мамандары және 3426 басқа да қызметкер – барлығы 10509 маманның жалақысы өседі екен.

Денсаулық сақтау министрі елімізде денсаулық сақтау саласында маман жетіспеушілігі туралы да айтып өтті. Қолға алынған кешенді шаралар мемлекеттік денсаулық сақтау орындарына маман тарту, тұрақтандыру мақсатын көздейді.

- Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша алдағы үш жыл ішінде елімізде жаңадан 595 амбулатория, емхана салынады. Олардың басым көпшілігі ауылдарда бой көтереді. Батыс Қазақстан облысында осындай 22 денсаулық сақтау ғимараты құрылысы қолға алынады, - дейі министр Е.Біртанов.

Жиынға келген көп балалы отбасылар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы М.Жайымбетовтің сөзін ықыласпен тыңдады.

- Елімізде 340 мың көпбалалы отбасы бар, соның 28,1 мыңы тұрғын үй кезегінде тұр. Соңғы екі жылда 1193 отбасы тұрғын үймен қамтылды. Енді Президент тапсырмасы бойынша жыл сайын 50 млрд теңге қаржы бөлініп, көп балалы отбасыларға 6 мың пәтер салынуы тиіс. Сөйтіп, 7 жыл ішінде көп балалы отбасылар 40 мың пәтерге ие болмақ. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысында жыл сайын 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп, 242 пәтер берілетін болады, - деді Мархабат Жайымбетов.

Кестеге көз салсақ, Батыс Қазақстан облысында көп балалы 1134 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр екен. Жергілікті әкімдік облыстық және республика бюджетінен бөлінетін қаржыны қосқанда 2019 жылдың алғашқы бөлігінде 180 пәтерді, жыл соңына дейін тағы 1263 пәтерді тұрғын үй кезегіндегі көп балалы отбасыларға беруді жоспарлаған. Бұл республика бойынша төртінші орындағы көрсеткіш болмақ.

- Еліміз бойынша мамыр-маусым айына дейін көп балалы отбасыларына кемінде 2 мың пәтерді тапсыруымыз керек, - деді Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы.

М.Жайымбетов сондай-ақ тұрғын үй сатып алу үшін берілетін жеңілдетілген несие жайында да хабардар етті. 19 жылға дейін берілетін, жылдық өсімі 2% болатын мұндай несиенің шарттары аз қамтылған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тиімді болары сөзсіз.

Ақпараттық топтың тағы бір мүшесі «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев партия қолға алған «Құтты мекен», «Ауыл – Ел бесігі», «Бақытты отбасы» және «Халыққа көмек» жобаларының мән-жайын түсіндірді.

- Қазір еліміздегі әрбір ауыл әкімі, біздің партияның әрбір бастауыш ұйымы аз қамтылған, көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жасап, жоғарыдағы жобалар бойынша оларға нақты көмек

Бұдан кейін ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері халықтың нақты сауалдарына жауап беруге көшті.

4 баланы жалғыз тәрбиелеп отырған Данагүл Бекесова жергілікті басшылардың көмегімен уақытша бір бөлмелі жатақхана берілгенін, үй кезегінде 7 мыңыншы болып тұрғанын айта келіп, тұрғын үй мәселесін шешуге көмек сұрады. Ол қайырымды жандардан көмек сұрап, үш бөлмелі пәтердің жарты құнын жинап отырғанын айтады. Бірақ банктің «қара тізіміне» өзім -12,

Бәйтерек ауданы Макаров ауылында тұратын Гүлдана Боранбаеваның үйі 1957 жылы салынған екен. Әбден тозып, құлағалы тұрған үй арнайы комиссия шешімімен «апатты» деп танылған. «Бес баламыз бар, екеуі ақылы бөлімде оқып жатқан студент, пәтер жалдап тұрады. Өзім 50 мың теңге, күйеуім 41 мың теңге жалақы аламыз. Бес балаға берілетін жәрдемақы 10500 теңге. Біздің бар кірісіміз осы. Айтайын дегенім, үйіміз күннен күнге шөгіп, құлағалы тұр. Аудан әкімі Асхат Шахаров «Макаров ауылында жаңа үй салу қарастырылмаған. Жаңа үйлер аудан орталығы Переметный селосында салынады. Бірақ оны алу үшін сіз Переметный ауылына тіркеуге отырып, қайтадан үй кезегіне тұруыңыз керек» дейді.

- Сіздің мәселеңізбен таныспыз, біз бұдан бұрын кездестік. Шынында да бұл қиын жағдай, заң бойынша баспана тіркеуде тұрған жерден берілуі тиіс. Дегенмен, біз бұл мәселенің шеші жолын қарастырып жатырмыз. Күн тәртібінен түспейді. Ал балаларыңыз үшін алатын жәрдемақы мөлшері енді көбейеді, әр балаңызға 20780 теңге болады. Сондай-ақ үлкен балаларыңыз оқуын бітірген соң оларды жұмысқа орналастыру мәселесімен де көмектесетін боламыз, - деп жауап берді Алтай Көлгінов.

«Күміс алқа» иегері Айнұр Бірәлиева Елбасының тапсырмасынан кейін атаулы әлеуметтік көмекке қолы жеткенін айтып, ризашылығын білдірді. «Жолдасым мүгедектігіне байланысты зейнетақы алады. Өзім егіз баламен отырғанда қаржыдан қиналдық. Күйеуімнің зейнетақысы табысқа есептеліп, АӘК ала алмадық. Енді, міне, жаңа өзгерістердің игілігін сезініп жатырмыз. Өзім облыс әкімінің қабылдауында болдым, тұрғын үй кезегіне де тұрдық. Біз сияқты көп балалы отбасыларға қамқорлығы үшін Елбасына, мемлекетімізге алғыс айтамын, - деді Айнұр Бірәлиева.

Бұл кездесуде нақты өз жағдайын айтып, көмек сұраушы тұрғындар көп болды. Олардың барлығына да сөз беріліп, әрқайсының мәселесі бойынша нақты көмек ұсынылды. Өңір басшылары, салалық басқарма жетекшілері шағым иелерімен сол жерде бірден кездесіп, әр мәселе бойынша нақты мәселені талқыға салды.

Айта кетейік, Үкіметтің әлеуметтік блогының бірінші басшыларынан құралған жұмыс тобы бүгін де Батыс Қазақстан облысының біраз ауданын аралап, ел-жұртпен кездеседі.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Суретті түсірген Александр КУПРИЕНКО

Батыс Қазақстан